Халқының 60 пайызы қалада тұратын біздің елде қала құрылысын жүйелі жоспарлау өзекті мәселе саналады. Әсіресе, қала тұрғындарының өмір сүруіне қолайлы жағдай жасау ісіне басымдық беру құпталады. Әйтсе де, тұрғындар саны жыл санап өскен елордада біріне-бірі іркес-тіркес салынған тұрғын үй кешендері көбейді. Құмырсқаның илеуіндей мұндай кешендерде күн кешетіндерді толғандыратын мәселелер жеткілікті. Бір ғана елорданың өзінде соңғы 2 жылда жалпы көлемі 6 миллион шаршы метр болатын тұрғын үй бой көтерген. Осыған қарап-ақ шаһардағы көпқабатты үйлердің қаншалықты тығыз салынатынын аңғару қиын емес. Жалпы аумағы 800 шаршы шақырымға жуықтайтын бас қалада тығыздықтан бөлек үйлерді тым биік етіп салу тенденциясы да қалыптаса бастады. Салдарынан қаланың сәулеттік ерекшелігі мен құрылыстың өзге де нормаларын сақтау мәселелері кейінге ысырылып қалды. Есесіне тұрғындар біріне-бірі иық теңестіре бой көтерген көпқабатты үйлердің ауласына жеңіл көлікпен кіріп шығудың жолын іздеп әлек. Бірнеше тұрғын үйге ортақ шағын ауладағы балалардың ойын алаңдары мен спорттық нысандарының қолжетімділігі де өз алдына бөлек әңгіме. Сондай-ақ бір-бірімен бой жарыстырып тұрған әлгі ғимараттарда оқыс оқиға болса, шұғыл қызмет өкілдерінің апат орнына дереу жетуі екіталай. Ең бастысы, мыңдаған пәтерден тұратын әлгіндей нысандар қаланың инженерлік-инфрақұрылым желілеріне түсетін жүктемені де бірнеше есеге арттырады. Осыдан барып тұтас бір ауылдың халқы тұратын мұндай үйлердің тығыз орналасуы қала тұрғындарының бас ауруына айналды. Тіпті, олардың кейбірі наразылықтарын ашық білдіруге көшкен. 2020 жылдың маусымында Есіл ауданындағы бірнеше тұрғын үй кешенінің тұрғындары бас көтерді. Олар Қабанбай батыр мен Сығанақ көшелерінің қиылысында жаңа көпқабатты тұрғын үй кешенінің құрылысына қарсылық білдірді. Мердігер компания өкілдері бұл нысанның қаланың бас жоспарына сай келетінін айтады. Солай бола тұра тұрғындар аумақта онсыз да балабақша, мектеп сияқты әлеуметтік нысандар мен демалыс орындарының тапшы екенін алға тартады. Бұл мәселе елордадағы құрылысы енді-енді жанданып келе жатқан барлық ауданға ортақ. Ал қала әкімдігі тұрғын үйлердің тығыз орналасуын мегополистердегі халық санымен бірге баспанаға да сұраныстың күрт артуымен байланыстырады. Әйтсе де, наурыз айының басында бұл мәселеге Президент назар аударып, Нұр-Сұлтан мен Алматы қаласының әкіміне тұрғын үй кешендерінің жанынан биік үйлерді тығыз салуды тоқтатуды тапсырғаны есте. Мемлекет басшысы сол жолы мегаполис басшыларының назарын бұл аумақтарда әлеуметтік нысандарды, балаларға арналған ойын және спорт алаңдарын салуға аударған. Елдегі құрылыс саласына жауапты Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев та тығыздықтан көп түйткіл туындағанын тілге тиек етеді. Ведомство басшысының айтуынша, елорда тұрғындары ғимараттардың бір-біріне тым жақын орналасуына жиі шағымданады екен. Сәйкесінше, елордалықтар өз ауласынан биік үйлерден гөрі демалыс орындары мен әлеуметтік нысандардың құрылысын көптеп қолға алуды құптайды. «Бәйтерек» Астана құрылысшылар одағы заңды тұлғалар бірлестігінің президенті Жамбыл Мелдебай тұрғын үйлердің тығыз салынуы құрылыс саласындағы көп мәселенің бір парасы ғана екенін айтады. – Бізде қазір құрылысты жобалаумен сәулетшілер айналысады. Бірақ жауапты органдар сәулеттік жоба қабылданғаннан кейін сәулетшіні ұмытады. Негізінен, құрылысты жоспарлаған маман оның соңғы шегесі қағылғанға дейін нысанның басы-қасында жүруі керек. Одан соң тұрғын үйлердің тығыз салынуы бас жоспарды әзірлеу кезінде қаланың өсуі, тұрғындардың көбеюі сынды факторлардың ескерілмегенін көрседі. Саладағы ең басты мәселе – бізде құрылыспен кім көрінген айналысады. Ал сол құрылыстың барлығындағы нормалардың, стандарттардың сақталуын есепке алатын Құрылыс министрлігі жоқ, – дейді Жамбыл Мелдебай. Әрине, тұрғын үйлердің тығыз салынуы тұтас министрлік құрып шешетін шаруа емес. Мұндай түйткілдің түйінін шындап айналысса, жергілікті биліктің өзі де тарқата алады. Әрі Президент пәрмен беріп, министр мықтап қолға алуға бекінген соң жағдай өзгерер деген үміт бар. Десе де, урбанистер тұрғын үйлердің тығыздығы мәселесінен гөрі оны нығайту өзекті деген пікірде. Яғни, белгілі бір аумаққа халықты көптеп шоғырландыру ондағы әлеуметтік нысандарының, қоғамдық кеңістердің салынуына негіз болады. – Жай ғана тұрғын үйлердің тығыздығы және биік салынуы мәселесіне осыншалықты байбалам салудың қажеті шамалы. Бұл – әлемдік тәжірибеде бар тенденция. Әрі Алматы қаласындағы ең тығыз салынған Алмалы ауданын қараңыз. Кеңес Одағы кезінде бой көтерсе де, аумақта қажетті инженерлік-инфрақұрылым және көлік-логистикалық жүйе бар. Демек, қала құрылысында, оның қажетті ресурстарымен қамтамасыз етуде тұрғын үйлердің тығыз орналасуы белгілі бір деңгейде шешуші мәнге ие, – дейді Urban Forum Kazakhstan қоғамдық қорының өкілі Диас Маратұлы. Қысқасы, қала құрылысы және жоспарлау ісімен етене таныс мамандар үшін үйлердің тығыз орналасуы анау айтарлықтай мәселе емес. Олар керісінше билік қаланың жекелеген аумақтарындағы тығыздықты арттыруға көңіл бөлгенін құптайды. – Тұрғын үйлердің тығыздығы төмен аудандарда әлеуметтік нысандар бір-бірінен шалғай орналасады. Ал тұрғын үйлер тығыз орналасқан сайын толыққанды инфрақұрылым құру мүмкіндігі пайда болады. Қаланың тұрақты дамуы мен тұрғындарға ыңғайлылық тұрғысынан келер болсақ, тұрғын үйлерді тығыз салудан бұрын оларды мейлінше нығайтудың жолын ойластырғанымыз жөн, – дейді Диас Маратұлы. Әрине, қала құрылысын жоспарлау және оны қарапайым тұрғындарға оңтайлы ету тұрғысынан алып қарағанда, маман сөзінің де жаны бар шығар. Дегенмен оның әлеуметтік инфрақұрылыммен қамтудағы тиімділігіне иін тірескен үйлердегі тынысы тарылған тұрғындар түсіне қоймасы анық. Сондықтан бұл мәселеде шешім шығаруда қос тараптың да пікірі ескерілгені керек. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі 2025 жылға дейін жалпы көлемі 62 миллион шаршы метр баспана салу жоспарланғанын мәлімдеді. Ал оның барлығында әлгінде айтылған реттелген тығыздық қағидаты ескерілсе құба-құп.