«Шығыс Қазақстанда қалғымыз келеді»
«Қандай аудандар Шығыс Қазақстанда қалуы керек, қай аудандар Абай облысына берілуі қажет? Бұрын жабылып қалған аудандардың қайсысын қайтадан ашу қажет?». Әсіресе, осы үш сұрақ төңірегінде талқы көп. Дегенмен де көпшілік пікірі «бұрын Семей облыс болып тұрған кездегі аудандар, сол кездегі территория сол күйі қалғаны дұрыс» дегенге саяды. Семей облысы Шығыс Қазақстанмен біріктірілген 25 жылда аудан мәртебесінен айырылған өңірлердегі халықтың саны азайып, ауылдардың көпшілігінің тоз-тозы шығып кеткені белгілі. Содан да болар, бұрын өз алдына аудан болған өңір тұрғындары «ауданымыз қайта құрылса» деген үміттің жетегінде жүр. Мәселен, 1997 жылға дейін Шығыс Қазақстан облысының құрамында болған Самар мен Тарбағатай ауданының (Ақжар өңірі) халқы қазір «Бізді бұрынғыдай Шығыс Қазақстан облысында қалдырса» деген пікірін әлеуметтік желілерде ашық білдіре бастады. «1997 жылға дейін Тарбағатай ауданының орталығы болған Ақжар өңірінде 1999 жылы 37 234 тұрғын болса, қазір 19 347 адам қалған. Айналдырған 20 жыл көлемінде 17 887 тұрғынынан айырылыпты. Осыдан бір жыл бұрын ғана 21 мыңдай едік, жылына 1 000 тұрғынға кеміп келеді екенбіз. Шекараның дәл іргесіндегі бірнеше ауылды сараласақ: Құйған ауылындағы 2 061 адамнан – 709, Асусайдағы 598 адамнан – 181, Қамыстыдағы 481 адамнан 52 тұрғын қалған. Енді шекара маңынан дәл бұлай үдере көшу тоқтайды деп сенемін. Бүкіл халықтың талабы – Тарбағатай ауданының орталығын Ақжар ауылы етіп, Шығыс Қазақстан облысының иелігінде қалдыру», – дейді қоғам белсендісі, Тарбағатай ауданының тумасы Ермек Құрманғали. Көкпекті ауданының құрамындағы Самар өңірінің тұрғындары да осындай пікірде. «Самар егер қайтадан жеке аудан ретінде ашылып жатса, Шығыс Қазақстанда қалса дейміз. Ел тілегі – осы», – дейді тұрғындар. Олардың бұған айтар уәждері, егер Көкпекті ауданымен бірге Абай облысына қосылар болса, Самар өңірі Семей қаласынан 350-450 шақырым қашықта қалады. Бұл халыққа қиындық тудырады. «Екі аудан біріктірілгеннен кейін Самар ауылының және бұрын Самар ауданына қараған елді мекендердің инфрақұрылымы құлдырады. Халық саны күрт азайды. Өңір тұрғындары құжаттарын рәсімдеу үшін Көкпекті ауылына 100-200 шақырым жол жүруге мәжбүр. Осыған қарамастан қазір Самар ауылында 6 мыңнан астам адам тұрады (анықтама ретінде Көкпекті ауылының халқы – 5 мың). Аудандық аурухана, 3 мектеп, агротехникалық колледж, бірнеше жол жөндеу мекемесі, спорт мектебі жұмыс істеп тұр. Бүгінде Самар аумағындағы 8 ауылдық округте халық саны 13 мыңнан астам адамды құрайды. Самарға аудан мәртебесін беру осы өңірдің экономикалық дамуына, жаңа жұмыс орындарының ашылуына және жастардың ауылдарға ағылуына оң серпін беретініне сенімдіміз», – дейді Самар ауылының тұрғыны, жергілікті қауымдастық төрағасы Ержан Жүсіпов.Мақаншы, Абыралы, Шұбартау, Жаңа Семей аудандары қайта ашыла ма?
Жергілікті тұрғындар бұрын өз алдына аудан болған Мақаншы, Абыралы, Шұбартау, Жаңа Семей аудандары қайта ашылғанын қалайды. Мәселен, 1997 жылға дейін Семей облысының құрамында болған Абыралы ауданы 300 шақырым қашықтықта орналасса да, Семей қаласына қарайды. «Абыралы өңірінің әлеуеті жоғары. Егер аудан 1954 жылдардағы шекарасымен құрылса, қазір Қарағанды облысына қарайтын Еңбек ауылының жерлері, кезінде полигонға берілген жерлердің пайдалануға жарамды 60-70 пайызы аудан аумағына қосылар еді. Бұл – 2 мың гектардан астам аумақ. Онда Қаражыра көмір кеніші де Абыралыға қосылады. Бұдан бөлек, өңірде алтын, күміс, қорғасын, мыс өндіретін Мейзек, Берікқара, Ақбастау кеніштері жұмыс істеп тұр. Бұлардың бәрі аудан бюджетіне салық төлесе, үлкен көмек болады. Абыралы аумағында уран, алтын, күміс, қорғасын, мыс, молибден мен көмірдің зерттеліп, нақтыланған мол қоры бар. Бұрынғы аудан орталығы Қайнар тоғыз жолдың торабында орналасқан. Туризмді де дамытуға болады. 1991-1997 жылдар аралығында аудан халқы 6 мыңнан 13 мыңға жеткен болатын», – дейді Абыралы өңірінің тумасы, зейнеткер Бағлан Ғабдуллин. Ал Семей қаласының тұрғыны, археолог, тарихшы Айдын Жүнісхановтың пікірінше, шаһар іргесінде Семейтау деп аталатын жаңа аудан құрылғаны жөн. «Семейден алыста орналасқан Қайнар, Доғалаң секілді ауылдар қаламаңы деген мәртебеге ие болды. Бұл мәртебе ауыл халқын көптеген мемлекеттік жеңілдіктен қағып отыр. Ауыл шаруашылығын дамытуға арналған бағдарламалар бұл ауылдарға қолжетімсіз. Сондықтан Семей қаласының іргесіне Өскеменнің шетіндегі Ұлан ауданы сияқты аудан қажет. Ол аудан Жаңа Семей аталмағаны дұрыс. Қала іргесіндегі Семейтаумен байланыстырып, Семейтау ауданы деп атап, қайта құру керек», – дейді ол. Шекаралық аймақтағы Марқакөл, Тарбағатай, Катонқарағай аудандарын қайта құру мәселесі көптен бері көтеріліп жүргені белгілі. Парламент Мәжілінің депутаты Ерлан Саировтың дерегіне сүйенсек, Катонқарағай ауданында 22 мың халықтан – 5 мың, Марқакөл ауданында 25 мың халықтан – 8 мың, Тарбағатай ауданында 45 мың халықтан 19 мың адам қалған. Жергілікті зиялы қауым өкілдері халық санының аздығына қарамастан, ел мен жердің қауіпсіздігі үшін осы аудандарды қайтадан ашу қажеттігін айтады. «Елдің қауіпсіздігі бәрінен де маңызды. Шекара маңын бос қалдыруға болмайды. Бұл – ұлттық қауіпсіздікке тікелей қатысы бар мәселе» деп Президенттің өзі де айтты. Сондықтан осы мүмкіндікті пайдаланып, Марқакөл, Тарбағатай, Катонқарағай, Мақаншы аудандарын қайтадан ашу қажет», – дейді қоғам қайраткері Түсіпхан Түсіпбеков. «Шемонаиха секілді халық саны көп, экономикасы ілгері аудандар Абай облысына берілгені дұрыс» деген пікірлер де айтылып жүр. «Облысты бұрынғыша бөлу дұрыс болмайды деп есептеймін. Мемлекет мүддесі тұрғысынан қарауымыз керек. Неге десеңіз, қазір сепаратизм деген нәрсе бар. Бұл – жай сөз емес. Елімізді ел деп танымай отырған азаматтар көп. Осы нәрсе ескерілуі керек. Кезінде екі облыс біріккенде, шынын айтайық, Өскемен өңірі қазақтанды. Енді ол қайта оқшауланып қалмауы керек» деген болатын жақында Парламент Мәжілісінің депутаты Берік Дүйсембинов. Бұл пікірді қуаттап жатқандар да бар. Белгілі журналист Ермұрат Бәпи: «Глубокое, Таврия және Шемонаиханы Абай облысына қосып, бұрын Семейге қараған Мақаншы, Үржар, Аягөз өңірін Шығыс Қазақстанға қосқан дұрыс па деп ойлаймын. Оның мақсаты – ШҚО-дағы өзге ұлт өкілдерінің үлес салмағын қазақ ауылдары есебінен кеміту» деп жазды өзінің Facebook парақшасында. Ақын, мемлекеттік сыйлықтың иегері Тыныштықбек Әбдікәкімұлы «Орыс аудандарын көбірек Семейге қарату керек» деп пікір білдірді.БЕТ ҚАТТАЛЫП ЖАТҚАНДА
Мақала нөмірге әзірленіп жатқанда, Көкпекті аудандық мәслихаты ауданды екіге бөліп, Көкпекті ауданын бұрынғы территориясымен жаңадан құрылатын Абай облысына, бұрынғы Самар ауданын Шығыс Қазақстан облысына қосу жөнінде шешім қабылдады. Мұндай жиын 29 наурызда Тарбағатай ауданында да өтіп, аудандық мәслихат депутаттары бұрынғы Ақсуат ауданын жаңадан құрылатын Абай облысына, Тарбағатай ауданын Шығыс Қазақстан облысына қосу туралы шешім қабылдаған болатын. Бұл ұсыныстар облыстық мәслихатқа жолданбақ.
Шығыс Қазақстан облысы