Жыл сайын адамзат баласы түрлі дереккөзден сан қилы ақпарат алады. Сәйкесінше, оларды сақтаудың көлемі терабайттан пентабайттарға дейін ұлғайды. Бүгінде дәл осындай үлкен көлемдегі материалдарды жинау, өңдеу және сақтау үшін арнайы IT кешендер немесе дата орталықтары бар. Қазір әлемдегі дерек өңдеу орталықтары дамудың даңғылына түсті. Қазақстанда «Логиком» акционерлік қоғамы дәл осы салаға тыңнан түрен салып, оның көшбасшысы атанды. Биыл компанияның құрылғанына 30 жыл толды. Осы жылдар ішінде LOGYCOM сауда маркасы ең ірі отандық IT өнімдерін өндіруші атанып үлгерді. Компанияның өндірістік базасы ұяшықты өндірістік-қойма кешені мен жылдық қуаты 600 мыңнан астам дербес компьютер болатын конвейерлік желісі бар цехтан тұрады. Мұнда деректерді өңдеу орталықтарының құрылысын ерекше атап өткен жөн. Себебі бұл орталықтар шын мәнінде IT саласының дамуының бастауында тұр. Ақпарат ағынының ұлғаюы, «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы мен электрондық құжат айналымы жүйелерінің таралуы дата орталықтардың дамуының драйвері саналады. Бүгінде компанияның осы салада ауқымды және бірегей тәжірибеге ие. Өз қызметін бастаған уақыт аралығында құрылым ел аумағында 20 МВт-тан астам деректерді жинау, өңдеу және сақтау үшін 20-дан астам кешен салды. «Логиком» компаниясы Қазақстанда Tier III деңгейдегі деректерді өңдеу орталығын салған болатын. Оның күллі Орта Азия елдерінде баламасы жоқ. Компанияның ұйытқы болуымен 2012 жылы Павлодарда Uptime Institute сертификатына ие дата орталығы құрылды. Осы аймақтағы ең ірі деректерді өңдеу орталығын құру жұмыстары әлемге әйгілі Hewlett-Packard компаниясымен бірлесіп жүргізілді. Нысан коммерциялық пайдалануға беру сәтінде Tier III ТМД елдеріндегі төртінші деректерді өңдеу орталығы болды. Оның қуаттылығы 4,2 МВт құрады. Айта кету керек, 2018 жылы Павлодар облысына сапары барысында Қазақстан Республикасының сол кездегі Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев дата орталығының жұмысымен танысты. 2020 жылы «Логиком» акционерлік қоғамы Қазақстанның бірнеше облыс орталығында жалпы қуаты 4,4 МВт болатын 5 деректерді өңдеу орталықтарын салуға тапсырыс алды. Сондай-ақ Павлодарда IT-қуаты 693кВт-қа тең машина залын жаңғыртты. Аталған жұмыстарды «Логиком» тобы 7 айда орындап шықты. Күрделі техникалық сынақтың барлық сатысынан сәтті өткен нысандар 2020 жылдың желтоқсан айында пайдалануға берілді. 1 жылдық кепілдік мерзімі ішінде барлық қалалардағы деректерді өңдеу орталықтары үздіксіз жұмыс істеді. Сондай-ақ «Логиком» компаниясы «ақылды» қаланы құруды көздейтін республикалық маңызы бар Smart Aqkol модульдік жобасын іске асыруға да белсенді қатысты. Бұл жоба өз алдына Ақмола облысындағы Ақкөл қаласының базасында Қазақстандағы «ақылды» қалаларды дамытудың бірыңғай стандартын қалыптастыру міндетін қойғаны белгілі болып отыр. Компания осы қаладағы жерасты деректерді өңдеу орталығының да құрылысын жүргізді. Бұл жұмыстар инфрақұрылымды жобалау, яғни желдету және ауаны баптау жүйелерін, электрмен жабдықтау, автоматты газды өрт сөндіру, оптикалық байланыс желілері және қолжетімділікті бақылау жұмыстарын қамтиды. Денсаулық сақтау министрлігінің негізгі және резервтік деректерді өңдеу орталықтарын қалыптастырып, іске қосуын компанияның ірі жобаларының қатарында жатады. Жобаны Дүниежүзілік банк қаржыландырып, өз бақылауына алды. Халықаралық қаржы институтының күрделі аккредитациясынан өткеннен кейін «Логиком» компаниясы министрліктердің дата орталықтарын да қажетті жабдықтармен қамтамасыз етті. Сонымен қатар қолданыстағы барлық 19 ақпараттық жүйенің көші-қонын жүзеге асырды. Стационарлық деректерді өңдеу орталықтарымен бірге «Логиком» компаниясы модульдік орталықтарды да құрастырады. Өз кезегінде кәдімгі деректерді өңдеу орталықтарымен салыстырғанда модульдік деректер орталығының бірқатар артықшылығы бар. Атап айтқанда, модульдік дата орталығы шағын алаңда орнатылып, қажетіне қарай кез келген жерге көшірілуі мүмкін. Өндірістік қуаты жағынан модульдік деректер орталықтары стационарлық нұсқасынан кем түспейді. Орталықты ықшамдылықтың және қызмет көрсетудің қарапайымдылығының арқасында кез келген жағдайда қолдануға болады. Сондай-ақ шешім ауқымдылығы бойынша өзінің мүмкіндіктеріне қарай бірегей болып табылады. Компания Hyper Skill технологиясын пайдалана отырып, жылдам салынатын «толық аяқталған» инфрақұрылым базасында белсенді IT-жабдығының қуаты 3 мВт болатын оларды салу бойынша бірнеше жобаны іске асырды. Жоғарыда біз келтірген мысалдар «Логиком» акционерлік қоғамының 30 жыл ішінде атқарған жұмысының аз ғана бөлігіне жатады. Компания құрылғаннан бері көптеген жаңа технологияны игерді. Олардың қатарында бейнебақылау, қолжетімділікті бақылау, өрт-күзеттің дабыл белгісі, сондай-ақ бизнесті автоматтандыруға арналған бағдарламалық қамтамасыз ету сияқты көптеген жүйе бар. Өндіріске келетін болсақ, LOGYCOM өнімдеріндегі қазақстандық қамту үлесі 25 пайыздан асады. Компанияның барлық өнімі сапаны бақылаудың үш сатылы сынағынан өтеді. Өнімдердің жоғары температураға шыдамдылығы да мұқият тексеріледі. Бұдан басқа «Логикомның» Қазақстанның барлық өңірінде сервистік қызмет көрсету орталықтары бар. Нарықтағы өзіндік беделін қалыптастыру арқасында компания жоғары технологиялық жабдықтардың қазақстандық ірі өндірушісіне айналды.