Елде миллионға жуықадам коллекторлар қысымында қалды. Банктер, МҚҰ-лар олардыңөндіріп алуынажүздеген миллиард теңгеніңборышын табыстаған. Қарызды өтеу ылан-ойран кірісі бар кәсіпке айналды. Бұл бизнестің сыртқы көрінісінде бәрі заңды, жұп-жұмыр, жып-жылмақай. Алайда ішіне үңілген тексерушілер шырқыраған жанды, теперіш көрген тағдырларды, күйреген отбасыларды, банкрот болған бизнесмендерді көрген. Коллектор болып, бұрын сотталғандар да жұмыс істейді екен. Сондықтан талдау нәтижесінде салада қайтадан реформа жүргізілмек.
Борышы көптің қорқынышы көп
2022 жылғы қаңтардағы жағдай бойынша банктер мен микроқаржы ұйымдары өндіріп алуға жалпы сомасы 402 миллиард теңгенің берешегін тапсырған. Қаржы ұйымдары коллекторлық агенттіктерге (КА) әсіресе, ірі кәсіпкерлердің қарызын бермеуге тырысады, оны өзінде қалдырады. Өйткені оның кепілзаты аса құнды: зауыт-кәсіпорындар, мыңдаған гектар жер, қымбат автокөліктер, техника, тіпті ұшақтар банктердің өзіне керек.
Осылайша, коллекторлардың талауына көбіне ұсақ-шағын бизнес және жеке тұлғалар тасталады. Әлгі 402 миллиардтың шамамен 362 миллиард теңгесі – 875 мыңнан астам жеке тұлғаның, қарапайым азаматтардың борышы. Мұны Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі айтып отыр.
Биылғы 30 наурыздағы мәлімет бойынша, республикада жалпы саны 285 коллекторлық агенттік тіркелген.
«Қазір банктік қарыздар және микрокредиттер бойынша міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз ету үшін жұмыс істейтін коллекторлық агенттіктердің өзара іс-қимыл жасайтын адамдарының көпшілігі – жеке тұлғалар. КА-лардың өндіріп алуына берілген берешектердің көбі – 96%-ға дейінгісі жеке тұлғаларға қатысты болып келеді», – деп растады қаржылық реттеуші.
Қаржы нарығын реттеу агенттігіне 2021 жылы келіп түскен 560 өтініштің шамамен 80%-ы коллекторлық агенттіктер қызметкерлерінің жосықсыз әрекетіне шағымдар болған. КА-ларға қатысты анықталған бұзушылық фактілері бойынша ықпал ету шаралары, санкциялар қабылданыпты: 245 әкімшілік іс қозғалған, 36 жазбаша ұйғарым жолданған. Тек былтырдың өзінде 54 коллекторлық агенттіктің қызметі тоқтатылды.
Бірақ осының өзі жеткіліксіз. Жеткілікті болса, саланы былық жайламас еді. Бұл билікті жаңа шаралар қабылдауға итермелеп отыр.
Агенттіктің дерегінше, КА-лардың қарекетіне шағымдардың негізгі бөлігі олардың қызметкерлерінің арамза айла-шарғыларды қолданатынына, қысым көрсететініне, ашықтан ашық қоқан-лоққы жасайтынына, жалған мәлімет беріп, жаңылыстыратынына, тыиым салынғанына қарамастан күніне 3-тен көп қоңырау шалатынына қатысты.
Бұдан бөлек, кейбір коллектор азаматтың борышы қанша сомаға жеткені, оның қалай пайда болғаны сияқты аса маңызды ақпараттарды да айтпай, жасыратын көрінеді. Бұл – бір жағынан, борышкерге психологиялық қысым көрсетіп, жүйкесіне тиюдің амалы, екінші жағынан, бұл оған қарыз көлемін ойына келгенше өсіруіне мүмкіндік береді. Борыш батпағына батқан қазақстандықтарды торықтыратын тағы бір тәсіл – коллекторлардың оның дербес деректерін және банктік құпияларын бөтен адамдарға, мысалға, жұмыстағы әріптестеріне, көрші-қолаңына және басқаларға жариялауы болып отыр.
Жаңа заң жобасына сәйкес, коллекторлық агенттіктердің басшылық қызметкерлеріне талап артады деп күтілуде. Мәселен, КА-ларда берешекті өндіріп алумен бұрын сотталған немесе қылмыстық қудалауда болған адамдардың айналысқанының 15 фактісі әшкереленді. Қынжылтатыны сол, қылмыскерлер қарызын төлей алмаған жанға ойына келгенін істеуі ықтимал. Заң бойынша коллекторлар борышкермен қарым-қатынас жасауының әрбір оқиғасын бейне, аудиожазбаға жазып отыруы, ал КА ол архивті жарты жыл сақтауы қажет. Алайда коллекторлардың «жүріс-тұрысын» аудиотаспаға жазбайтыны, жазса, ол архивті фирмасының сақтамай, жоя салатыны белгілі болды.
Агенттік тексеріс жүргізу қорытындысында, жекелеген коллекторлық агенттіктерде «борышкермен өзара әрекеттесу процесін тіркеу үшін қажетті, мамандандырылған бағдарламалық қамтылымының жоқтығын», сондай-ақ олардың борышкермен немесе оның өкілімен байланыс жасалған күннен бастап 6 ай бойы аудиожазбалар материалдарын сақтау талаптарын қамтамасыз етпейтінін әшкереледі.
Сол себепті заңнама бұл тұрғыдан да қатайтылуы тиіс.
Құжаттың тағы бір жаңалығы – коллекторлық агенттіктердің өз атауында «ұлттық» және «орталық» деген сөздерді қолдануына тыйым салынбақ. Өйткені қаржылық реттеушінің түсіндіруінше, осы арқылы коллекторлар қаржылық сауаттылығы шамалы, заңды біле қоймайтын азаматтарды шатастырады: олар осы айқындауыштарына қарап, фирма «мемлекеттік билік органдарына қатысты шығар» деп ойлайды.
«Азаматтық кодекстің 38-бабында меморган болып саналмайтын заңды тұлғалардың, компаниялардың фирмалық атауларында, тауар таңбаларында меморгандардың ресми атауларына сiлтемелердi пайдалануына тыйым салынған. Алайда Азаматтық кодексте коммерциялық ұйымдар атауында «ұлттық», «орталық» деген сөздерді пайдалануына тыйым қарастырылмаған. Өз атауында «ұлттық», «орталық» деген ұғымдарды пайдаланатын жекелеген КА-лар осы арқылы борышкерлерге психологиялық тұрғыдан әсер етеді, себебі мұндай ұйымдар меморгандармен байланысты деп ұғынылады. Сөйтіп, халықты жаңылыстырады», – деп хабарлады қаржылық реттеуші.
Қазір республикада «Орталық коллекторлық агенттік» ЖШС, «Ұлттық коллекторлық агенттік» ЖШС, «Национальная служба взыскания» коллекторлық агенттігі» ЖШС, «Қаржылық бақылаудың ұлттық бюросы» коллекторлық агенттігі» ЖШС жұмыс істейді. Егер заң қабылданса, оларға өз брендтерінен бас тартуға, өзгертуге тура келмек.
Реформа аясында саланы біліксіз мамандардан тазалау жүргізіледі деп күтіледі. Коллекторлық агенттіктердің басшылық қызметтегі жұмыскерлерінен міндетті түрде жоғарғы экономикалық немесе заңгерлік білімінің және сол мамандығы бойынша кем дегенде 3 жыл жұмыс өтілінің болуы талап етіледі. Осы ұйымдардың есебін жүргізетін адам кәсіби бухгалтер сертификатына ие болуы тиіс.
Заң қабылданған соң елдегі коллекторлық агенттіктер жаңа талаптарға сәйкестігін дәлелдеп, қайта тіркеуден өтуге міндеттеледі. Жаңа тетіктер биылғы 2022 жылы енгізіледі деп жоспарланған.