Қаңтар оқиғасынан зардап шеккен бизнесмендер әлі өтем қаражаттарын ала алмай отыр. Жалпы, келген шығын 34 миллиардтай болса, оның небәрі 6 миллиарды ғана төленген екен. Мұндай цифрларды «Атамекен» ҰКП келтіреді. Кәсіпкерлер бұл ақша енді төленер болса да, оны теңгенің құнсыздануы мен инфляция жеп қояды деп отыр.
Сан мен мәліметте айырмашылық бар
Әуелгі есептеулер бойынша қаңтар оқиғасының бизнеске келтірген зардабы 100 млрд теңгеден асып кеткен болатын. Бірақ бұл ауызша мәлімет болып шықты да, алғашқы тексеру жұмыстарынан кейін бұл сома 87 млрд-қа түсті. Оның тең жартысы, яки 48 миллиарды шағын және орта бизнеске тиесілі екен. Нақтырақ айтқанда, жаппай тәртіпсіздіктер кезінде 1 756 шағын және орта бизнес субъектілері зардап шегіп, келтірілген шығын сомасы 48 580 874 921 теңгені құраған. Аймақтар бойынша бөлер болсақ, ең көп зардап шеккен – Алматы қаласы. Мұнда 1 545 бизнес нысанына 47 145 380 509 теңгеге шығын келтірілген. Одан кейінгі орындарда Алматы облысы (114 субъект/885 509 155 теңге), Шымкент қаласы (36 субъект/354 218 190 теңге). Бұл ақпараттарды Central Asia Fashion (СAF) бизнес-конференциясында «Сауда желілері одағы» төрағасы Эльбеги Абдиев келтірді.
«Ең әуелі назар аудартқым келетіні, «Атамекен» ҰКП мен мемлекеттік органдардың келтіріп отырған мәліметтерінің арасында үлкен айырмашылық бар. Сондықтан да біз өзіміздің бағалауымызға сүйенеміз. Мәселен, биыл жыл басында барлығы 1830 бизнес субъектісі 87 млрд теңгеге зардап шекті. Оның 84 млрды Алматы қаласында. Бұл шағын және орта ғана емес, ірі бизнесті де қоса алғандағы цифрлар. Соның ішінде, ірі бизнеске әзірге ешқандай да ақшалай өтемақы төленбейді деген ресми хабарлама бар. Оның орнына оларға салықтай жеңілдіктер, тағы да басқалай көмектер көрсетілуі мүмкін. Бұл мәселе Үкіметте талқыланып жатыр», – дейді Эльбеги Абдиев.
Жалпы, СAF бизнес-конференциясының сарапшысы төленетін өтемақы көлемі қомақты боларына сенбейді. Төленген жағдайда да бизнестің қай жыртығына жамау болары белгісіз. Өйткені қаңтар-ақпан айында белгілі бір мәнге ие болғанымен, наурыздағы теңгенің құлдырауы және инфляция бұл шығынның өтемін жоққа шығарып отыр. Сондықтан да оны бизнесті қолдау деп бағалауға болмайды. Ал жалпы сома 47 млрд деп алсақ, оның небәрі 11-12%-ы, яки 5,5 млрд-ы төленген, бұл мүлдем мардымсыз. Әйтсе де зардап шеккен кәсіпкерлер туралы мәліметтерде айырмашылық барын да ескерген жөн. Мәселен, «Атамекен» мүлдем басқа сандарды айтады.
«Алматы қаласында Қаңтар оқиғасына байланысты шағын және орта бизнестің шығындарын өтеуге арналған комиссия құрылған болатын. Оның мүшелері ретінде 45 адам тіркелді. Олар – мәслихат депутаттары, қала әкімшілігінің қызметкерлері, «Атамекен» палатасы және жекелеген кәсіпкерлер. Жұмысқа кіріскеннен бастап комиссияның шағын және орта кәсіпкерлік бойынша есептеп шығарған шығын көлемі 34 млрд теңгені құрап отыр. Бүгінде комиссияға 1600-дей өтінім түскен болса, олардың ішінде 1277 материал бойынша оң шешім шығып, оларға 6 млрд 595 млн теңге көлемінде өтемақы төленді. Бұл соманың 5 млрд 395 миллионы қалалық бюджеттен, 1 млрд 200 млн-ы жеке қорлардан бөлінген. Олар – «Күшіміз бірлікте» және «Жаңа Алатау» қорлары. Яки, қор ақшасы дегеніміз жекелеген кәсіпкерлердің, соның ішінде Каспий банкінің иелері М.Ломтадзе мен В.Ким, «ҚазАзот» ЖШС басшысы сияқты ірі ауқатты адамдардың көмегі. 200-ден астам құжат кейін қайтарылды. Өйткені толық емес немесе дұрыс толтырылмаған әлде шығын сомасы көрсетілмеген», – дейді комиссия мүшесі, «Атамекен» ҰКП Алматы қаласы бойынша директоры Айтуар Қошмамбетов.
Табыс та жоқ, өтемақы да жоқ
Зардап шеккен кәсіпкерлердің бірі Сакдиана Азымбаева былтыр жазда Promenad сауда орталығында 24 шаршы метр алаңды жалға алып, импорттық шай, ыдыс-аяқ және тағы да басқа тауарлар сататын бутик ашып, бизнесін бастаған екен. Содан бергі жарты жылда саудадан түскен қаражатты өзіне қайтара салып, айналымға шығып кетудің қамымен жүрген ол мұндай жағдай болады деп мүлдем ойламаса керек. Енді бүгінде ол бизнесінен айырылып, табыс таппақ тұрмақ, мемлекет уәде еткен өтемақыны да ала алмай жүр. Жаппай тәртіпсіздік кезінде мародерлер сауда орталығын тонап қана қоймай, оны өртеп жіберген. Соның кесірінен бизнес нысаны қазір тарс жабық.
«Әуелі 4 қаңтар күні кешкісін адамдар Promenad-қа кіріп, бір күн тонады, одан соң 6-7 қаңтар күндері оны өртеп жіберді. Соның ішінде қатар тұрған төрт бутик өртенген болатын. Соның бірі менікі. Енді күні бүгінге дейін өтемақы алу үшін құжат тапсыра алмай жүрмін, өйткені, бүкіл құжаттарым сол кезде бірге өртеніп кеткен. Жалпы өтемақыны алу үшін сот сараптамасынан өту қажет, ол үшін құжат керек. Бірақ менде ол жоқ. Қазір соларды қалпына келтіру мәселесімен жүрмін. Әйткенмен өтемақы төлеу өте баяу жүріп жатқанына қарап, оны алатыныма күмәнмен қарап отырмын. Өйткені қазір қорда ақша бітіп қалды, қосымша қаржы көздерін қарастырудамыз деп хабарлап жатыр. Ала алмай жүргендер көп. Олардың басым көпшілігінің сомалары 5-8 миллионнан жоғары. Ең көбі 90 миллионға дейін жетіп жығылады. Неге ала алмай жүр дегенге келер болсақ, біріншіден құжаттары жоқ, екіншіден бар құжаттарының өзі сот сараптамасының талаптарына сәйкес келмейді. Мәселен, кәсіпкерлер бухгалтерлік есеп жүргізу керек дейді. Бірақ жеке кәсіпкерлер заң бойынша ондай міндеттен босатылған. Енді келіп соны талап етіп, сот сараптамасынан өткізбей жатыр. Ол өтемақыларын ала алмайды деген сөз», - дейді жеке кәсіпкер Сакдиана Нұрланқызы.
Тіпті, бухгалтерлік құжат тапсырғанның өзінде де арнайы комиссия шығынды есептеуге негіз етіп 2021 жылдың бірінші жарты жылындағы есеп-қисапты ғана алып жатыр. Ол кезде карантин әлі күшінде, пандемиялық-санитарлық талаптар бойынша кәсіпкерлік нысандары әрі кетсе тек кешкі сегізге дейін жұмыс істеп, сенбі-жексенбі жабық болғандықтан маңдытып табыс та таппаған. Осыған сүйеніп шығарылған өтемақы көлемі де аз болып шықпақ. Ал Сакдиананың өзі 9 миллион теңгеге жуық шығынға ұшыраған.
«Міне, үш ай өтті. Не табысым жоқ, не өтемақыға қол жеткізе алмай пұшайман күйдемін. Мен 9 миллионға бағалағанмен, ертең сот сараптамасы бұл соманы азайтып жіберетінін біліп отырмын. Біріншіден, 2021 жылдың алғашқы жарты жылдығында аса көп табыс таба қоймадық, екіншіден, комиссия тауардың бағасын сатқан бағамен емес, әкелінген сомамен есептеп жатыр. Айналымға шығып үлгермегенім бар, үш айдан бері түсетін пайдадан қағылып отырғаным бар, сондықтан өтемақы төлеу жүйесінің бұлай болғаны дұрыс емес деп санаймын. Тауарым тоналып, қалғаны бутигіммен қоса өртеніп кеткеніне байланысты, қалған тауарымды сатып болса да, ақшамды шығара алмай қалдым. Заңда «қолдан сусыған пайда» (упущенная выгода) деген ұғым бар. Соны ескеріп, өтемақы көлемін де көбейту қажет», – дейді жеке кәсіпкер Сакдиана Азымбаева.
Кәсіпкердің осы сұрақтарын комиссия өкілі, «Атамекен» палатасының Алматы қаласы бойынша директорына да қойған болатынбыз. Ол былай деп уәж айтып отыр.
«Есептеулерге негіз етіп 2020 жылдың екінші жарты жылдығы мен 2021 жылдың бірінші жарты жылдығы алынған. Олай болатын себебі, былтырғы жылдың салық есебі тек қана осы наурыз айының аяғында ғана тапсырылып болды. Ал оны есептеп шығару үшін тағы да бір-екі ай уақыт керек. Сондықтан да комиссия жұмысын қаңтар айында бастап кеткендіктен, осындай қолда бар ресми деректерге сүйенді.
Енді заңдағы «қолдан сусыған пайда» (упущенная выгода) ұғымы бойынша айтарым, бұл мәселені біздің комиссия қарастырмайды. Біз тек жаппай тәртіпсіздіктер кезінде мародерлер тарапынан келген тікелей шығынды ғана өтейміз. Ал егер «бизнесім тоқтап қалды» деп шағым айтатын кәсіпкерлер болса, Азаматтық кодексте осы ұғым көрсетілген. Кез келген кәсіпкер бұл туралы тиісті органдарға жүгіне алады. Бұл – олардың құқы. Ал оның бәрін бірдей мемлекет өтеп бере беретін болса, онда өзі шығынға ұшырауы мүмкін», – дейді Айтуар Асқарұлы.
Комиссия мүшесінің айтуынша, кейбір кәсіпкерлер өтемақы алуда қиындықтарға ұшырап отыр. Мәселен, араларында бухгалтерлік есеп жүргізбегендері, салықтарын уақытылы төлемегендері немесе жалтарғандары бар. Кезінде сауда айналымын 0 теңге деп немесе 50 000-100 000 теңге деп төмендетіп көрсеткен кәсіпкерлер енді соның зардабын тартып отыр. Комиссия оларға сот сараптамасы арқылы шығынын дәлелдеу жолын ұсынып жатыр екен. Дәл осы процедурадан қазір 100-ден аса кәсіпкер өтуде. Олар сот сараптамасының нәтижесін алғаннан кейін, комиссияға құжаттарын қайтадан тапсыра алмақ. Олардың мәліметтері контрагенттердің ақпараттарымен салыстырыла тексерілетін болады. Сараптамалардың барлығы тегін, мемлекеттің есебінен жасалып жатырғанын ескерсек, өтемақы секілді ол да бір көмек.