Иісі мұсылман қауымы асыға күтетін қасиетті Рамазан айы да есік қақты. Алдағы 30 күн бойы мұсылман баласы бес парызының бірін орындау үшін таң атқаннан кеш батқанға дейін нәпсісін тыяды.Әйтсе де, әлемдегі сағат белдеуіндегі айырмашылыққа байланысты оразаны көбірек немесе аздау тұтатын елдер де бар. Сол секілді арамызда қасиетті парызын жылдар бойы қаза қылмай өтеп келе жатқандар да табылады.
Елордалық Байұзақ Бекмұратов солардың қатарында. 70 жастың желкенін керген ақсақалдың ораза тұтып келе жатқанына биыл – 32 жыл. Ол алғаш рет 38 жасында Рамазан айындағы қасиетті парызын өтеуге ниет етіпті. Содан бері ауыз бекітіп келе жатқан Байұзақ Орынбасарұлы алғашқы жылдары мұндай құлшылыққа таңырқай қарағандар көп болғанын жасырмады.
– Кеңес Одағы әне-міне тарап кеткелі тұрған кез болса да 90-жылдардың басында ораза тұтуға таңырқап, тіпті үреймен қарайтындар да бар еді. Сондықтан ол кездерде 5 парыздың бірін орындауға ниет етушілердің саны анау айтарлықтай көп болмады.
Негізінен, ораза тұтудың адамның тәні мен жанына пайдасы мол. Рамазан айынан бөлек әр аптаның дүйсенбі, бейсенбі күндерінде парыз етілген оразаны да ұстаймын. Сондықтан маған 30 күн бойы таң атқаннан кеш батқанға дейін нәпсіні тыю анау айтарлықтай қиындық туғызбайды, – дейді Байұзақ Орынбасарұлы.
Ұзақ жылдан бері қасиетті парызын қаза қылмаған ақсақалдың 1 ай бойы ас-судан тыйылуда ұстанар өзіндік ұстанымдары да бар.
– Өзім оразадан 10 күн бұрын ашығып, Рамазан айына дайындала бастаймын. Оразадан кейін де 5-6 күн күн ұзаққа ас-судан тыйылып, организмді таңғы, түскі және кешкі астың уақытына бейімдеймін. Мұхаммед пайғамбарымыз өз заманында уақыт өте адамдардың ашықпай-ақ бейберекет тамақ іше беретінін болжаған екен. Бүгінгі заманның кейпі соған сай келіп тұр. Мен қазір де тамақты мейлінше ашыққан кезде жеуге тырысамын. Осылайша, Рамазан айына жыл бойы дайындалып жүруге болады, – дейді ақсақал.
Жамбыл облысының тұрғыны Ермахан Төреқабылов та қасиетті парызын өтеуге отыз жастан асқаннан кейін ниет еткен екен. Соңғы 27 жылдан бері оразасын қаза қылмаған Ермахан Әбдірәсілұлы денсаулық жағдайы көтермесе де, ауыз бекітіп келеді.
– Осы жылдар аралығында 3 рет инфаркт алдым. Қазір де мезгіл-мезгіл жүректің ауырғанын басатын дәрі-дәрмек ішемін. Ауыз бекіткен соң бұл процедураларды сәресінде алып, ауызашарға дейін амалдауға тура келеді. Соған қарамастан оразамды қаза қылып көрмедім. Бұл – Алланың пендесіне берген сыйы. Оның нығметінен шет қалмауға барымызды саламыз. 27 жыл ішінде 30-40 градустық аязда, керісінше ауа температурасы 40 градусқа дейін көтерілген ми қайнатар ыстықта да ораза тұтқан сәттерім болды,– дейді Е.Төреқабылов.
Әлбетте, оразаны ұзақ жыл әрі түрлі жағдайға қарамастан тұтып келе жатқан азаматтар қасиетті парызын өтеуге енді-енді мойын бұрғандар үшін мол өнеге.
Күллі мұсылман қауымына ортақ парызы болғандықтан, Рамазан айын әлемнің әр қиырындағы мұсылмандар да асыға күтеді. Дегенмен уақыт белдеуіне байланысты олардың бірі екіншісіне қарағанда ұзағырақ ауыз бекітеді. Әлемді былай қойғанда, Қазақстанның өзінде өңірлер арасында ораза тұтудың уақытында айырмашылық бар. Биыл елімізде оразаға ниет еткендер орта есеппен 15-16 сағат ауыз бекітеді. Географиялық ерекшелігіне байланысты кей өңірлер сәресін ерте ішсе, енді басқа аймақтарда күннің батуына байланысты ауызашар уақыты кеш кіріп жатады. Бұдан бөлек, ауыз бекітудің уақытында да 30 минутқа дейін айырма бар екен. Мәселен, биыл елдің солтүстігіндегі Петропавл, Қостанай қаласының тұрғындары орта есеппен 13 сағат 30 минутқа ас-судан тыйылса, Тараз, Ақтау қаласындағы ораза тұтушылар 12 сағат 50 минутқа нәпсісін тежемек.
Ал әлемдегі ең қысқа ораза тұту уақыты Аргентинаның Ушуая қаласында. Отты жер аралындағы портты қаланың тұрғындары Рамазанның алғашқы күнінде сәресін таңғы 8.17-ге дейін ішіп үлгеруі керек. Мұнда ауызашар уақыты 18.51-де кіреді. Оңтүстік жарты шарда Ушуаямен қатарлас жатқан Аустралия, Жаңа Зеландияның тұрғындарының да ауыз бекітуі уақыты орта есеппен 11 сағат 42 минутқа жуықтайды.
Керісінше, солтүстік жарты шардың солтүстік нүктесі саналатын Шпицберген аралындағы Лоньгир қаласындағы тұту мерзімі 16 сағаттан асады. Мұндағылар оразаның алғашқы күнінде сәресін таңғы 5.15-те ішіп, кешкі 20.53-ке дейін ас-суды татып алмайды. Сол секілді Аляскадағы Барроу қаласындағы ораза тұту уақыты 16 сағатқа жуықтайды. Мұнда оразаның алғашқы сәресін таңғы 06.37-ге дейін ішеді. Одан кейін Барроудағы ауыз бекітушілер кешкі 22.22-ге дейін ішіп жеуден тыйылуы керек.
Жалпы, уақыт белдеуіне байланысты ғаламшардың солтүстігіндегі кей қалаларда 21-22 сағат бойы ораза тұтуға тура келеді. Мәселен, 10 жыл бұрын Финляндияның Рованиеми қаласының тұрғындары 21 сағат бойы ауыз бекіткен екен. Сол тұстағы геосаяси жағдайға байланысты Сомали, Ирак, Ауғанстаннан келген мыңдаған мұсылман пана тапқан қаладағы ораза тұту мәселесі Ислам ғұламаларының назарын аудартты. Олардың кейбірі таң атқаннан күн батқанға дейінгі аралық 18 сағаттан ашатын елдерде сәресі мен ауызашарды Мекке, Мәдине немесе жақын маңдағы мұсылман мемлекетінің уақытына қарай ыңғайлауды құптады. Ал саударабиялық ғұламалар бұл көзқарасқа қарсы шығып, ауыз бекіту жергілікті уақытқа сай жүргізілетінін еске салды.
Әрине, кімнің қандай жағдайда және қанша уақытта ораза ұстайтыны маңызды емес. Бастысы, бес парыздың бірі саналатын ізгі амалдың ниетпен орындалуы болса керек. Ал оның өтеуінің қалай боларын бағамдау бір Алланың ғана қолында.