Шымкент қаласындағы Абай ауданы – о бастан қаладағы ең үлкен аудандардың бірі. Жер көлемі де, халық саны да айтарлықтай. Ауданға қарасты Ынтымақ ауылының аумағы соңғы жылдары тіпті кеңейіп, жаңадан қоныстанушылардың саны артқан. Мұнда шешімін күткен мәселелер де баршылық. Бүгінде ынтымақтық тұрғындар қыста лай кешіп, жазда шаң жұтып отырамыз деп билікке өкпесін айтады. Одан бөлек, жуырда ауызсу құбырын жүргізген мердігер компанияның да жұмыстарына көңілдері толмайды. Абай ауданының әкімі Бұхарбай Пармановты ел жақсы біледі. Әрине, кезінде Түркістан облысының Сарыағаш, Төлеби аудандарында іскерлігімен танылған оны бүгінде халқы ұмыта қойған жоқ. Барған жерін көгалдандырып, гүлдендіріп, табиғи газ, ауызсу, тіпті жол салуда да алдына жан салмаған әкімнің Абай ауданына келгеніне жұрт қуанып-ақ қалған. Алайда билік өкілінің әлденеге еңсесі түсті ме, бұл жолы ширақтық та, белсенділік те байқалмады. Әйтеуір, жұрт бұрынғы Пармановты танымай отыр. Әлеуметтік желілерде де Ынтымақ шағынауданы туралы жиі арыз-шағым айтылады. Батпаққа батып жатқан көшені, керзі етіктің өзі мына батпақтан шыға алмай жатқанын көріп, оқушылар қалай жүр екен деп таңырқағанымызды жасыра алмаймыз. Ауылының мәселесін айтып хабарласқан тұрғындардың өтінішімен шағынауданға барған болатынбыз. Ауыл тұрғындары осынау мәселе бойынша қала әкімі М.Әйтеновке де, аудан әкімі Б.Пармановқа да хатпен шығыпты. Бірақ одан ешқандай нәтиже болмаған. Мұнда көшіп келгендеріне 10 жылдан асқан Айтағы көшесінің тұрғындары әлі күнге дейін көшенің асфальтталмағанын айтады. Табиғи газ бен ауызсуды бірнеше жыл бойы тұрғындардың өздері жекеменшік мекемелерге өтініш жасап жүріп кіргізген. Электр жарығы да алғашқы жылдары тұрғындардың күшімен ортадан қаржы жинап, орнатылған екен. Жуырда ғана сапалы электр жарығына қол жеткізіпті. Бүгінгі ең басты мәселе – сақалды құрылысқа айналған ауызсудың жайы. Екі жылдан бері су құбырын жүргізетін мердігер мекеме құрылыс жұмыстарын қыста бастап, елді әбігерге салып жүр. «Қаңтар айының алғашқы күндерінде келген құрылыс компаниясының техникалары жерді қаза бастағанда тұрғындар наразылық танытты. Біздің талабымыз құрылыс жүргізушілері неге жаздыкүндері келмей, үнемі қыста бастайды? Жер дүние балшыққа батып, аяқ алып жүру мүмкін болмай қалды. Содан соңы үлкен дауға айналып, учаскелік полицей араласты. Болмаса төбелеске дейін барар еді», – дейді ауыл тұрғыны Талғат Иманбердиев. Әсіресе, қыста мектептен қас қарая қайтатын балалардың жағдайы қиындаған. Жарықтандырылмаған көшеден жүретін балалар талай рет батпаққа батып, үсті-басы малмандай лай болып келіпті. Ал мердігер компания өкілі қала әкімдігінен бөлінген қаржының жазда емес, қысқа таяу берілетінін айтып ақталған. Бәрін айт та бірін айт, қазір жыр болған ауызсу құбырлары да тартылып, жұмыс бітіпті. Алайда құрылыстың сапасы сын көтермейді. Су жүйелерінің құдықтары әрқайсысы әртүрлі деңгейде көмілгені көрініп тұр. Бірі жер бедерінен биік болса, енді бірінікі төменде орналасқан. Нөсер жауын болған күндері су тасып, айналаны су басқан. Біз барғанда құдықтардан әлі де су шығып жатқанын байқадық. Ал билік шырылдаған халықтың үнін естір емес. Осы аумақтың ауыл төрағасы болып сайланған Жанболат есімді жігіт ағасы қала әкімінің қабылдауында болғанын айтады. Әзірге бәрі жақсы болады деген құрғақ жауапқа малданып қайтқан. Алайда тұрғындар бұдан бұрын да бірнеше рет шулаған елдің сөзін естімеген билік өкілдеріне сенімсіздікпен қарайды. Сапасыз ауызсудан бөлек жолдың жыры да тұрғындарды мазалап тұр. Ауыл тұрғындары «қала әкімі болмаса да, аудан әкімі төбе көрсетіп, мәселенің қашан шешілетінін айтып берсе» дейді. Әзірге асфальт болмаса да, шағал тасқа разы болмақ. Себебі тұрғындар жылдар бойы жол азабын тартудай-ақ тартып келеді.
Шымкент қаласы