Сотталған Мәдениет және спорт вице-министрі Сәкен Мұсайбековтен тәркіленген фирмалық сөмке электронды аукционға қойылған. Бұл туралы BaigeNews.kz хабарлады.
«Hermes» брендті сөмке 8,5 миллион теңге тұрады. Тіпті, сөмкенің «Hermes» брендінің түпнұсқалығын растайтын құжатына дейін бар. Бірақ аукцион түрі мемлекеттік заңды тұлғалардың балансындағы мүлікті беру және бекіту ретінде көрсетіледі.
Негізі бұрынғы Мәдениет вице-министрі Сәкен Мұсайбеков 2021 жылдың ақпан айында Дубайға ұшпақшы болған жерінен, яғни әуежайда ұсталған. Сол кезде Мұсайбековтен біреуге бермек болған сөмке мен 5 мың доллар көлеміндегі ақша тәркіленді.
Құқық қорғау органдары оны заңды тұлғаның құрылтайшысынан бәс тігу және жалпы патронат саласындағы мүдделерді келістіру үшін пара алды деген күдік тақты. Алайда шенеунік бірден тергеумен келісімге келгендіктен тағылған айыбы сотта өзгертілді. Оған «пара алу» бабы «алаяқтық» бабына өзгертіп, 62 миллион теңге айыппұл төлеуге үкім шығарылған болатын.