Қасым-Жомарт Тоқаев кез келген жеңістің артындағы үздіксіз еңбек, спортшылардың қоғамдық миссиясы мен жаңа этиканы дәріптеуі, сондай-ақ алдағы Лос-Анджелес Олимпиадасына дайындық туралы айтты.
Президент Лос-Анджелес Олимпиадасына дайындықты қазірден бастауды тапсырды
164
оқылды

Кез келген жеңісті жылдар бойғы дайындық пен үздіксіз еңбектің нәтижесі деген Президент спортшыларға маңызды миссия жүктеді, – деп хабарлайды Aikyn.kz Ақордаға сілтеме жасап. 

– Еліміз үшін әр медальдің орны бөлек, құндылығы жоғары. Мен осы жерде отырған спортшыларға алғыс айтамын. Чемпион болу спортшыға зор жауапкершілік жүктейді. Жеңіс тұғырына шыққан әр спортшының жолы – кәсіби спортқа бет бұрған жастар үшін үлгі-өнеге. Олар сіздерге қарап бой түзейді. Жалпы, спорт дегеніміз – халықтың сана-сезіміне ықпал ететін, кез келген адамның ойын да, бойын да түзейтін өте мықты күш. Бұл – өмірдің ақиқаты. Спорт өскелең ұрпақты әдептілікке, тазалыққа, адалдыққа, ұқыптылыққа баулиды. Жастарымыз жігерлі, ұлтымыз рухты болса, мемлекетіміз де қуатты болады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы қоғам болып орнықтырып жатқан жаңа этиканы, ең алдымен, ел алдында жүрген азаматтар, соның ішінде спортшылар дәріптеуге тиіс екенін айтты.

– Сіздер бұл маңызды миссияны абыроймен орындап келесіздер. Бүгінде қазақ спортының мәртебесі биік, әлеуеті мол. Сондықтан біз бұдан да жоғары көрсеткіштерге ұмтылуымыз керек. Алда төрт жылдық кезеңнің бас додасы – Лос-Анджелес Олимпиадасы келе жатыр. Жаһандық жарысқа спортшылармен қатар, тиісті министрлік пен федерациялар қазірден бастап тыңғылықты және белсенді дайындалуы керек, – деді Президент. 

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  TELEGRAM  арнасынан табасыз.