Локомотив – теміржол саласының қозғаушы күші. Мұнда 700-дің үстінде жұмысшы бар. Локомотивтердің үздіксіз, кедергісіз жолға шығуын қамтамасыз етіп отырған осы сала мамандарының еңбегі зор. Енді мұндағы жұмысшылар жеке мәселесі бойынша партия филиалдарына барып уақыт жоғалтпайды. Осында қолы қалт еткенде келіп, кестеге сәйкес жоспарланған мәслихат депутаттары немесе түрлі сала басшыларына көкейдегі сауалын жолдай алады.
– Біз теміржолшылар ел Президенті тапсырмаларының жүзеге асып жатқанына қуаныштымыз. Біздің бастауыш ұйымда ашылып отырған қабылдау бөлмесі осы салада жұмыс істейтін азаматтарды алаңдатқан мәселелерін анықтап қана қоймай, оның шешілуіне, олармен тұрақты кері байланысты нығайтуға ықпал ететініне сеніміміз мол, – дейді «Қызылорда локомотив пайдалану депосы» бастауыш ұйымының төрағасы Жұлдызбай Мұсаев.
«AMANAT» партиясының қоғамдық қабылдау бөлмесі ашылғанын естіген бір топ азамат өтініштерін де жеткізіп үлгерді. Олар, әсіресе, әйел азаматтардың зейнет жасы мен медициналық сақтандыру мәселелерін алға тартты. Барлық мәселе партиялық бақылауға алынып, нақты жұмыс атқарылатын болды.
Әбілмансұр ЖАСАН