Алматы қаласындағы Гастроэнтерология институтында көп жыл қызмет атқарған белгілі гастроэнтеролог-дәрігер Юрий Петрович Шумковты атып өлтіріп кетті. Дәрігердің отбасына көңіл айтқан Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният Facebook-тағы парақшасында жазба жариялады. «Жеке өз атымнан және Денсаулық сақтау министрлігі ұжымының атынан қайғылы қазаға ұшыраған дәрігердің туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтамын. Бұл оқиға республиканың денсаулық сақтау саласы үшін жантүршігерлік аса ауыр қайғы болып отыр. Бейбіт күнде дәрігерлерге жауыздық танытқан, өз іс-әрекеттеріне жауап бермейтін адамның қолынан қаза тапты. Отандық медицина гастроэнтерологияның дамуына зор үлес қосқан, жүздеген пациентті жоғары медициналық білімінің арқасында емдеп, өмірін сақтап қалған аса білікті маманынан айырылды. Үш бала жетім қалған, ал қарт ата-анасы ұлынан айрылған қаза тапқан дәрігердің отбасы үшін қайғылы оқиғаның аса ауыр екенін сөзбен жеткізу мүмкін емес», – деп жазды министр. Сондай-ақ ол Денсаулық сақтау министрлігі медицина қызметкерлерінің құқықтарын қорғау туралы заң жобасын әзірленіп жатқанын да айтты. Бұған дейін жедел жәрдем қызметкерлері науқастың туыстарынан таяқ жегенін жазған болатынбыз.