Ораза ұстамағандар мешітке күніне 3000 теңге төлеуі керек пе?
Ораза ұстамағандар мешітке күніне 3000 теңге төлеуі керек пе?
©kyzylorda-news.kz
464
оқылды
"Ораза ұстамасаң, күніне 3 мың теңге төлеп отыр" дегенге түсінбеушілік білдірген видео әлеуметтік желіде кеңінен тараған болатын. Осыған қатысты мүфтият пікір білдірді. Діни басқарма жанындағы республикалық ақпараттық түсіндірме тобының мүшесі, белгілі теолог Хасан Аманқұлов "Имамдар дұрыс түсіндірмеген болуы керек немесе мына қызымыз дұрыс түсінбеген. Мұнда підия туралы айтылып отыр. Оның үкімін дұрыс түсіну керек", - деді мүфтият өкілі. Оның айтуынша, підия ислам дінінде бұйырылған белгілі бір құлшылықтың орнына төлем жасауды білдіреді. "Алла тағала қасиетті құранда: "Парыз ораза санаулы әрі белгілі күндерде ғана өтеледі. Араларыңнан әлдекім ауырып қалып немесе сапарда жүріп ораза ұстамаса, (қаза болған күндерін) басқа уақытта ұстасын. Ораза ұстауға шамасы әзер жететіндер (яғни, қарттар және созылмалы дертке шалдыққан науқастар қаза болған әр күнге) підия ретінде бір жарлының (бір күндік екі мезгіл) тамағын (немесе соның құнын ақшалай) беруі керек" деп бұйырған. Жылдың басқа мезгілінде ораза ұстауға шамасы келмейтін қария кісіге және өмір бойы ауыратын созылмалы дерті бар адамға ораза ұстамауға рұқсат етіледі. Мұндай топтағы адамдар оның орнына підия садақасын береді", - дейді Хасан Аманқұлов. Айта кетейік, підия садақасы – бір адамның күнделікті (таңғы және кешкі) тойып ішетін асы. Діни басқарма өкілінің сөзінше, оның ең аз мөлшері биыл 3000 теңге деп белгіленген. Естеріңізге салсақ, бейнежазбада "Мешітке жұма намазға кіріп едік. "Егер ораза ұстауға мүмкіндігіңіз жоқ болса, күніне 3 мың теңге төлеп отырыңыз" дейді. Сіздер осындай заңды естідіңіздер ме? Бұл қайдан шыққан заң? Ата-бабамыздан ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан пітір садақаны естуіміз бар. Естімедім деген адам болмайтын шығар… Ал енді мен осы уақытқа дейін не бір әке-шешемнен, не бір 100-ге келген, 100-ден асқан ата-әжелерімізден "Ораза ұстамасаң, күніне 3 мың теңге төлеп отыр" дегенді естімеппін", – деген болатын.