Мемлекет үшін азық-түлік қауіпсіздігі қаншалықты маңызды екенін соңғы жағдайлар көрсетіп берді. Ал бұл мәселені шешуде ауыл шаруашылығын дамытуға баса мән берілмей, істің алға басуы екіталай. Өз кезегінде қыруар қаржы бөлінетін асыраушы салада өнімділікті арттыру үшін агробанк құру мәселесі де жиі көтеріледі. Әйтсе де, шаруаға қажетті қаржыны қағазбастылыққа салмай демде ұсынатын қаржы ұйымының іске қосылар түрі жоқ.
Тәуекелі көп, шығын шаш етектен
Шаруалар мен олардың мүддесін қорғайтын ірілі-ұсақты қоғамдық ұйымдардың басшыларын айтпағанда, агробанктің тиімділігі турасында жоғары лауазым иелері де жиі сөз ететін. Бұрынғы Ауыл шаруашылығы министрлері Асылжан Мамытбеков, Ақылбек Күрішбаев, кейіннен Асқар Мырзахметов те мұндай қаржылық институтты құру туралы ұсыныстарын ортаға салған. Алайда ведомство басшылары өз ұсыныстарының тиімділігіне сол кездегі Премьер-Министрлердің көзін жеткізе алмаған сыңайлы. Өйткені 20 жылдан бері айтылып жүрген агробанкті құру туралы нақты бір шешім шыққан жоқ. Өз кезегінде ара-тұра жергілікті жұртшылықпен шаруалардың жанайқайына құлақ түретін Парламент депутаттары да бұл мәселені жылына кемі екі реттен заң шығарушы органның биік мінберінде көтерді. Әйтсе де, олардың да үндері жауаптылардың құлағына шалынар емес. Оған қоса Үкімет мүшелері күні бүгінге дейін агробанк құруға қатысты өздерінің ұстанымдарынан айнымай келеді. Олардың барлығы дерлік салалық банк құру мемлекет үшін үлкен тәуекел және шығын екенін айтудан танған емес. Мәселен, былтыр ғана Ауыл шаруашылығы министрлігі салалық қаржы институтын құру әкімшілік шығыстарды арттырып, нәтижесінде бұл банк те шаруаларға төмен пайызбен несие ұсынуға қабілетсіз болып қалатынын мәлімдеді. Яғни, агробанк құрыла қалған жағдайда өзге екінші деңгейлі банктер сияқты оның қызметі Ұлттық банк тарапынан бақылауға алынады. Бұл талапқа сай келу үшін агробанк өзінің қарыз алушыларына жоғары талаптарды қоя бастайды. Осылайша, түпкі мақсаты шаруаға төмен пайызбен, жеңілдетілген несие беру болған қаржы ұйымы қарапайым еңбек адамы ұсынған кепілзатты қабылдамайды. Демек, агробанктен несие алу қазіргідей мүмкіндігі бар, техникалық паркі жабдықталған, айналым қаражаты бар агроқұрылымдарға ғана мүмкін болады. Осынау тәуекелдерді алға тартқан ведомство тек ауыл шаруашылығына арналған салалық банк құру идеясын құрдымға жіберген. Әйтсе де, бұдан шаруалардың меселі қайтпағандай. Әсіресе, көктемгі егіс жұмыстарын несиемен өткеріп жүрген агроқұрылымдар әлі де болса жақсы жаңалықтан үмітті. Жақында ғана Қызылорда облысында болып, шаруалардың уәжіне құлақ түрген сенатор Мұрат Бақтиярұлы агробанк құру мәселесін Парламент мінберінде қайта көтерді. Халық қалаулысы Үкімет басшысынан отандық агроқұрылымдарды бәсекеге қабілетті ету үшін мамандандырылған ауылшаруашылық банкін ашуға назар аударуды сұрады. – Біздің ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер Еуразиялық экономикалық одақтағы Ресей, Беларусь елдерінің агроөнеркәсіп кешендерімен бәсекеге түсе алмай отыр. Өйткені бұл елдерде шаруалардың жері мен мүлкін кепілдікке алып, ұзақ мерзімге арзан несие беретін агробанктер жұмыс істейді. Банктің барлық аудандарда бөлімшелері бар. Еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, қазақстандық ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерге арзан, ұзақмерзімді несие беру үшін мамандандырылған ауылшаруашылық банкін ашу қажет. Бұл мәселе Парламент қабырғасында бірнеше рет көтерілгенімен нәтиже жоқ. Ал шаруалар мәселенің оң шешілуін көптен күтіп отыр, – дейді Мұрат Бақтиярұлы. Әзірге сенатордың депутаттық сауалына ресми жауап берілмеді. Алайда бұл мәселеге байланысты бұған дейін қайтарылған жауаптарда салалық ведомстволар агробанк құрудан ат тонын ала қашқанын ескерсек, осы жолы да бір өзгерістен үміттену бекершілік. Сонда да болса асыраушы сала өкілдері ерте ме, кеш пе мамандандырылған ауыл шаруашылығы банкін құру мәселесі өздерінің бас пайдасына шешілетініне сенеді.Ескі сүрлеу есті шығармайды
Жалпы, мамандандырылған салалық банк қызметін ұйымдастыру қазақстандық қаржы жүйесі үшін таңсық емес. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында өзге посткеңестік елдермен бірге бізде де «Агропромбанк» жұмыс істеді. Кеңес Одағында 1989 жылғы банк реформасы кезінде аталған банктен бөлек «Промстройбанк», «Внешэкономбанк» сияқты бірнеше салалық қаржы институты болған екен. Қазақстандағы «Агропромбанк» 1990 жылдың ортасында жекеменшікке беріліп, атауын «Наурызбанк» деп өзгертті. Көп өтпей «Наурызбанк» те сол тұстағы бірқатар қаржы ұйымдарының кебін киіп, банкротқа ұшырады.