Әбігерге түсірген жалған хабар
Әбігерге түсірген жалған хабар
© коллаж: Елдар Қаба
264
оқылды
Осы күні өмірімізге біте қайнасқан қалта телефоны мен әлеуметтік желіден келетін әлек аз болмай тұр. Елді дүрліктіретін жалған хабарламаның соңы халықты үрейлендіріп қана қоймай, кейде зор қаржылық шығынға апарып соғуы да мүмкін. Яғни, жалған ақпарат таратып, «бәлен жерде жарылғыш бар, түген жерде бомба бар» дейтін ақпаратты таратушылар ел бюджетіне орасан шығын әкеледі.

Бір аптада бірнеше рет дүрліктірді

Өткен аптаның алғашқы күні-ақ шұғыл қызметтің ширақ қимыл­дауына тура келді. Өйткені сол күні елорданың құқық қорғау органына әлдебіреу 8 минуттан соң «Сары­арқа» сауда ойын-сауық орталы­ғында мина жарылатынын жеткіз­ген. Оқиға орнына дереу жеткен полицейлер мен құтқарушылар ғи­мараттан 350 адамды эвакуация­лап, кәсіпкерлердің жұмысы уа­қытша тоқтатылды. Алайда тексеру ба­ры­сында жарылғыш зат табыл­маған. Елді дүрліктірген елордадағы оқиғадан кейін үш күн өтпей елдегі бірнеше қалада тағы да жалған ақпарат таратқандардың қоңырауы тұрғындарды әбігерге салды. Бұл жолы «әзілқойлардың» таңдауы ең үлкен қалаларға түскен сыңайлы. Бір күннің ішінде Алматы мен Нұр-Сұлтан, Қарағанды қалаларында та­раған жалған хабарлама жұрттың үрейін ұшырған. Мәселен, Алма­ты­дағы жеті нысанда қойылған жа­рылғыш зат туралы ақпараттың рас-өтірігін тексеру үшін қаладағы бірнеше мекеменің жұмысы тоқта­ты­лып, кейбір көшелердегі көлік қозғалысын шектеуге тура келген. Тексеру жұмыстарына құтқару­шы­лар мен полицейлерден бөлек, ар­на­йы техника мен саперлердің кө­мегі қажет болды. Бірақ бұл жолы да әуежай, екі сауда үйі мен уни­вер­си­тетте жүргізілген тексеру жұ­мыстары түскен ақпаратты растаған жоқ. Қарағанды облыстық Полиция департаменті Экстремизмге қарсы күрес басқармасы қызметкерлері жүргізген жедел-іздестіру шаралары да қаладағы жарылғыш зат туралы ақпараттың жалған екенін анық­тады. Қарағандыдағы Мұқанов кө­ше­сіндегі ХҚКО ғимаратында жа­рылғыш құрылғы барын хабар­лаған 29 жастағы күдікті енді заң алдында жауап береді. «Әзілқой­дың» әрекетін дәлелдейтін айғақ зат ретінде ұялы телефон тәркі­ле­ніп, тергеу амалдары жүріп жатыр. Сондай-ақ осы күні елорданың «102» арнасына да әлдебіреулер My Сar және Lexus автосалондарының, сондай-ақ «Хан Шатыр» және Mega Silk Way СОО-ның электронды мекенжайына жарылғыш құрыл­ғылар қойылғаны туралы хат келіп түскенін хабарлап, шақырту жаса­ған. Электронды мекенжайдан кел­ген хабарламадан соң қаланың шұғыл қызметтері нысандарды тексергенімен, жарыл­ғыш құ­рылғыны таппаған.

Әліптің артын бақпайды

Жалған ақпарат қой, әзіл дер­міз. Әйтсе де, ойыннан от шығаты­нын ұмытпау керек. Себебі тер­ро­ризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлама тарату қоғамды құр дүр­ліктіріп қана қоймай, азаматтар­дың жарақаттануына, тіпті мерт болуына апарып соғуы мүмкін. Үрейленген адамдар үрей үстінде бір-бірін жаншып кетуі ықтимал. Мұндай сәтте жарымжан жандар мен аяғы ауыр аналарға, қарттар мен балаларға қатер төнеді. Бұл ғана емес, мемлекеттік органдар, кәсіпорындар мен мекемелердің жұмысы кідіреді. Кәсіпкерлердің жұмысы тоқтаса, қаржылық шы­ғын­ға батады. Ал құқық қорғау ор­гандары мұндай кезде шынайы қауіптің болу мүмкіндігін ескере отырып, тиісті әрекет жасайды. Сол үшін кез келген ақпарат бойынша жедел қызметтер міндетті түрде оқи­ға орнына барады. Адамдар сырт­қа шығарылады, ғимарат мұ­қият, жан-жақты тексеріледі, жа­рылғыш затты іздеу және оның сал­дарын болдырмау үшін кезек күт­тірмейтін шаралар қабыл­да­нады. Қауіпті аймақтан адамдарды эва­куациялауға мәжбүр болады. По­лиция, ұлттық қауіпсіздік ор­ганда­ры­ның, өртке қарсы қызмет және медициналық жедел жәрдем қыз­метінің күш-құралдарын жұм­сау бюджетке де шығын әкеледі. Мә­селен, жалған шақыртуға бір рет шыққанның өзінде 200-300 мың теңге қаражат жұмсалады. Ірі кә­сіпорындардың жұмысы тоқ­таса, кәсіптеріне әрбір сағат сайын миллиондаған теңге зиян келеді. Қаражатты былай қойғанда, дәл сол мезетте құқық қорғау мен тө­тенше жағдай қызметкерлері шын мәнінде қауіпті қылмыстың алдын алып, жәрдемге мұқтаж басқа адамдардың қасында болуы керек те шығар. Өкінішке қарай, әліптің артын бақпайтын бұзақылардың бұл айтылғандарға бас ауыртқысы жоқ. Статистикаға сүйенсек, соңғы жыл­дары жалған ақпарат тарату­шылар мұндай қоңырауларды ерік­кеннің ермегіне айналдырған. Кей­біреулер құзырлы орындарға қоңырау шалғандарын әзілмен бай­ланыстырса, тағы біреулері мас күйінде жасайды. Себебі де әртүрлі. Жалған хабарлама жасаушылардың дені өз әрекеттерін белгілі бір ме­ке­меден кек алу мақсатында жаса­ға­нымен түсіндіреді. Кейде адам­дардың осындай ессіздікке баруы бұзақылықпен байланысты. Ал енді біреулері мекеменің жұмысына кедергі келтіру үшін, тіпті құқық қорғау органдарының жұмысын тексеру мақсатында да барады екен. Бұрын бұзақылардың арасында мас күйінде жалған ақпарат тарата­тын­дар көп болса, бұл күні балалар да мектептегі сабақты болдырғысы келмесе «бомба барын» айтып, «102» арнасына хабарлауды әдетке айналдырып барады. Олардың арасында да өз ортасында мықты­ларды анықтау үшін жалған хабар­лама жасайтындар бар. Сорақысы, үй тапсырмасын орындамаған күні сыныққа сылтау таппаса, терроризм актісі туралы жалған ақпарат тара­татын көрінеді. Мысалы, биыл Ал­маты қаласы Полиция департа­ментінің қызметкерлері қалалық 34 мектепке электронды поштамен жал­ған хабарлама таратқан жасөс­пірімді ұстаған.

Жалған ақпарат үшін жаза ортақ

Жалпы, жалған хабарлама жасағаны үшін сотталғандардың 55 пайызға жуығы қылмыс жасаған сәтте мас болған. Барлық қыл­мыс­тың 88 пайызын жұмыссыздар жа­саса, 9 пайызы жұмыс істейтін адам­дар тарапынан, қалған 3 пайыз шақырту кәмелетке толмаған жасөспірімдерден түсіпті. Құқық қорғау органдарының дерегінше, «әзілқойлардың» орта­ша жасы 30-49 жасты құрайды. Осы жастағы адамдар жыл сайын жалған ақпарат тарату бойынша қыл­мыс­тың 55 пайызын жасайды. Қаскөй­лердің арасында 18-29 жас аралы­ғындағы жастар көп. Олардың саны 27 пайызды құрайды. Жалған ақ­паратты таратқандардың 85 пайыз­ға жуығы ұялы телефонды пайда­ланса, интернет желісі арқылы түс­кен хабарламалар 8 пайызға жет­кен. Дәл осындай хабарлама­ларды ашу ұзаққа созылады екен. Дегенмен жалған ақпарат таратқан­дар жазасыз қалмайды. Себебі, мұндай қылмыстармен күресуге құқық қорғау қызметкерлері бар­лық мүм­кіндіктерді қарастырады. Оның ішін­де заманауи техникалық құ­ралдармен жабдықталған құрыл­ғылар барынша қолданылады. Қоңырау шалған адам дауысын өзгертсе де, сим-картасы мен те­ле­фонын ауыстырғанның өзін­де, іс­теген әрекеті анықталмай қой­май­ды. Оның дәлелі – қыл­мыс­тардың 90 пайыздан астамы «ізі суымай» кезекші тәулікте ашылған. «Елімізде терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлама үшін 5 мың айлық есептік көрсет­кішке дейін айыппұл салынады. Бұл шамамен 14,5 миллион теңге. Не болмаса осы көлемде түзеу жұ­мыстарына тарту, сондай-ақ 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қолданылады. Ата-аналар мен оқушыларға құлаққағыс болсын, осындай қылмысты жа­саған 14 жасқа толған жасөспірімдер де қылмыстық жауапқа тартылады. Сондықтан мұны мектеп оқушы­лары білуі тиіс», – дейді ІІМ Экс­тре­мизмге қарсы іс-қимыл депа­р­таменті бастығының орынбасары Дархан Разуев. Сондай-ақ ол осындай хабарламаның кесірінен келтірілген барлық шығындар өте­лу керегін айтады. Мұндай әрекетті кәмелетке толмаған бала жасаған болса, шығын ата-анасының мой­нына ілінеді екен. Өйткені тер­роризм актісі туралы жалған хабар­лама әзіл емес, қылмыстық әрекет. Сондықтан өкініш білдіргенімен, қылмыстық жауапкершіліктен құтыла алмайды.

 «Айтқыштардың» артуына кім кінәлі?

Алайда мұндай ессіз іске ба­ратындардың біразы бұрын соттал­ғандар, психоневрологиялық дис­пан­серлерде есепте тұратындар мен осы қылмыс үшін ұсталғандар. Оның себебін психолог Айгүл Қа­раманова «адамдарды әбігерге сал­ғысы келетіндердің көбі адрена­линді жақсы көретінімен» түсін­діреді. Яғни, адамдардың әлденеден қорыққаны қызық болып көрін­гендіктен, өз іс-әрекетіне есеп бере алмауы мүмкін. Сондай-ақ тұрақ­сыз психикасы бар адамдар да жал­ған ақпарат таратуға бейім келеді. Кейбір адамдар бала күнінде отба­сындағы қорлықты көп көрсе, есейгенде адамдарға деген қарым-қатынасы өзгереді. Мұндай адамдар қоғамды қызықтыратын дүние арқылы өзіне назар аудартқанға құмар. Дегенмен оларды емдеуге бо­лады. «Медициналық көмекке мұқ­­таж, психологиялық ауытқу­шы­лығы бар адамдардың ауруы бас­талғанда оларды қоғамнан оқшау­лау керек. Оларды емдеуге болады. Өзім­нің тәжірибемде жалған ақ­па­рат беретіндер, ұйқысыздық пен құ­мар ойындарға әуестенгендерге гип­нозды қолданамын. Нәтижесі бар», – дейді психолог маман. Бұ­дан бөлек, жазасын өтеп шыққандар мен осы өмірде ештеңеден жолы бол­маған жандар да өшін алу үшін адамдарды әбігерге салатын әре­кетке барғанды құп көреді екен. Мысалы, жазасын өтеп шыққан адам бастапқыда бұл әрекетін мас күйінде жасауы мүмкін. Екінші рет саналы түрде барады. Оның үсті­не, жалған ақпарат таратуға бе­йім­ділік қо­­ғам­дағы хайпқұмарлықтан басталады. Маманның айтқан бұл уәжіне келіспеске шара жоқ. Өйткені қазір күнделікті өмірімізде сан түрлі ақ­па­рат естиміз. Оның ішінде шын­дыққа жанаспайтыны жетерлік. Хайп қу­ған заманда адамдар үшін жантүр­ші­гер­лік ақпарат әлдеқайда қызық­ты болып тұр. Жұрттың дені ел өмі­ріндегі маңызды салалардағы оң өз­герістен қарағанда, төтенше жағ­дай мен алапат апаттар туралы оқы­ғанды жөн көреді. Сол себепті әлеу­меттік желілер мен мессенд­жер­лерде жал­ған хабарламалар тарату арқылы тіркелушілердің санын тол­тырғысы келетіндер көп. Сорақысы сол, «атың шықпаса жер өртенің» ке­­бін ки­гендер жалған ақпарат та­ратумен «танылып» жа­тады. Ең өкі­ніш­тісі, оларды қолдан «жұлдыз» жа­сайтын да, артынан опық жейтін де өзіміз.