Жаңа үш облыс: аудандар қалай бөлінеді?
Жаңа үш облыс: аудандар қалай бөлінеді?
© коллаж: Әсел Балтақызы
671
оқылды
Қазақстандықтар үшін биылғы жыл жаңалығы жаңа үш облыстың құрылатыны болды. Абай, Ұлытау, Жетісу – жаңа атаудан ғана емес, жаңа өзгерістерден де күтер үміт мол. Дербес басқару жергілікті әлеуметтік проблемаларды шешуде оңтайлы ахуал қалыптастыруы тиіс. Әйтсе де оған сенімсіздікпен қарайтындар да бар. Өйткені бұл облыстардың экономикалық әлеуеті көңіл көншітпейді. Жасыратыны жоқ, мемлекетті әкімшілік басқарудағы аумақтық тығырыққа жеріміздің тарлығы емес, кеңдігі тіреп тұрғаны рас. Ендеше Мемлекет басшысының тапсырмасы қалай орындалып жатқанын саралап көрелік.

Анығы Алматы мен Жетісу ғана

Жаңа әкімшілік бірліктердің құрылуына жауапты Ұлттық эко­номика министрлігінің хабарла­уынша, бұл бағытта 5 іс-шара жүзе­ге асырылуда екен. Олар – үш об­лысты құру, Қапшағай қаласының атын ауыстыру және ондағы халық санына сәйкес мемлекеттік қыз­мет­шілер санын оңтайландыру. Соң­ғы шараға бір басшыда үш орынбасардан артық болмауы тиіс деген жаңа лимит те кіреді. Осы мақсатта 25 наурызда Премьер-Ми­нистрдің өкімімен арнайы комис­сия құрылған. «Қазақстан Респуб­ликасының әкімшілік-аумақтық құрылысының кейбір мәселелері туралы» Президент Жарлығының жобасы дайындалуда. Оны қабыл­дау бойынша ұйымдастыру-дайын­дау жедел іс-шаралар тізбесін қам­титын жұмыс алгоритмі әзірленген. Бұл жұмыстардың барлығы тиісті әкімдіктермен тығыз байланыста жүзеге асып келеді. Енді әкімдік­терге ке­лер болсақ, осы аталған жұмыстар­ды атқаруда Алматы облысы же­делдік танытып келеді. Олар екіге бөлінетін облыс аума­ғының шека­раларын мәслихат сессиясында анық­тап үлгеріпті. Бұл туралы Мә­жіліс депутаты Жанарбек Әшім­жан хабарлады. «Бұл – тек агломерациялық қа­на емес, саяси-әлеуметтік, эконо­микалық маңызы басым мәселе. Жаңа әкімшілік-аумақтық өзгеріс­тер мемлекеттік басқару үдерісін жеңілдетеді. Осы күндерде өңірдегі сайлаушылардан «Алматы облысын бөлу жүзеге қалай асады? Таулы өңірдегі Нарынқол, Кеген, Ұйғыр ау­дандарының ахуалы қалай ретте­леді?» деген көптеген сауал түскен болатын. Электораттың талап-тілектері мен өтініштері бойынша, тиісті органдардың назарына өз ұсыныстарымды да бергенмін. Міне, күні кеше Алматы облысы мәслихатының кезектен тыс XVІI сессиясы шақырылып, Алматы облысын екіге бөлу туралы Пре­зидент бастамасына байланысты шешімдер қабылданды. Жаңа карта бойынша, Жетісу облысының ау­ма­­ғында 352 елді мекені бар 8 аудан және 2 қала, Алматы облы­сында 380 елді мекені бар 9 аудан және 1 қала болады. Қабылданған шешім ел көңілінен шығады деген үміт­теміз», – дейді Мәжіліс депутаты. Картаға көз салсақ, бұрынғы Алматы облысы әкімшілік аумақтар бойынша тура екіге бөлінген екен. Қос облыстың шекарасы Балқаш-Қаратал, Іле-Көксу, Еңбекшіқазақ-Кербұлақ және Ұйғыр-Панфилов аудандарының арасымен өтеді. Осылайша, Достық және Қорғас кеден бекеттерінің екеуі де Жетісу облысында қалып отыр. Бұл жаңа өңірдің экономикалық әлеуетіне тыныс қосуы тиіс. Өйткені осы ха­бар шыққан шақта, пікір білдірген­дердің көбі экономикалық сүбелі аудандардан айырылып қалуы мүм­кін-ау деп Талдықорғанның жағ­дайын уайымдап қалған болатын. «Алматы облысы бюджетінің былтырғы салық және салық емес түсімінің тең жартысы Іле ауда­нынан келген екен. Қапшағай қала­сы, Қарасай ауданы мен Талғар ау­даны үшеуі қосылып және 100 миллиард теңге беріпті. Сонда, 376 миллиардтан 91 миллиард қана қал­ды. Одан Жамбыл ауданының 10 миллиардын тағы алып тастаңыз. Әрине, өзге де трансферттермен облыс бюджетінің түсімі 773 мил­лиард болған екен. Бірақ негізгі өндіріс жаңа құрылатын Алматы облысында. Сондықтан Жетісу облысына күрт серпінді даму ке­рек», – деп жазды белгілі журналист Болат Мүрсәлім өзінің Facebook парақшасында. Жалпы, Талдықорған өңірі екі рет облыс ретінде құрылса, екі рет Алматыға қосылған екен. Мәселен, 1944-1959 жылдары өз алдына дербес аймақ, кейін 8 жыл Алматы облысының құрамында болды. Ал 1967 жылы еншісін алып, 30 жыл бойы жеке облыс болды. Алайда тәуелсіздік алған тоқырау жылдары Алматы облысына қайтадан қо­сылып кетті.

100% дотацияда болады

Жеріміздің кеңдігі мемлекеттік әкімшілік басқару саласында урбанизация, миграция және ло­гистика тұрғысынан ыңғайсыз­дықтар тудырып отырғаны жасы­рын емес. Әрі аумағы үлкен жерді игеру әкімдерден үлкен біліктілік пен қажырды талап етеді. Мәселен, Қарағанды облысының ауқымына Еуропаның бір мемлекеті сыйып кетеді. Ал ол жақта ондай террито­рияны парламенті бар, президенті бар, үкіметі бар бірнеше инсти­туционалды ұйымдар басқарады десек, бізде бұл жұмыстар бір әкім­нің мойнында. Одан бөлек, орталық билік жергілікті атқарушы орган­дардың қызметіне тым қатты ара­ласады. Жалғыз әкімнің қолында билік жоқ деуге болады. Тағы бір мәселе, жергілікті жерден түскен қаржы әуелі орталыққа кетіп, одан соң барып қана қайта оралатыны. «Жаңа өңірлердің экномикалық әлеуетіне дәл қазір баға бере қою қиын. Әйтсе де, олар алғашқы кезде 100% дотацияда болатыны сөзсіз. Бірақ бұл оларға бөлінетін қаржыны көбейту керек деген сөз емес. Бұған дейінгі бір облыс болып тұрғандай қаржы сол күйінде қала беруі тиіс. Бюджетке салмақ түспеуі керек. Об­лыстарды бөлудегі идеяның өзі – әр өңірдің жеке табыс таба баста­уында жатыр ғой. Оған тек мүмкіндік жасалуы керек. Әр өңір­дің жер, қазба байлық, транзиттік потенциал сынды тағы да басқа ак­тивтері бар. Соларға инвестор тар­тып, тиімді басқару керек. Әсі­ресе, Әлеуметтік-кәсіпкерлік кор­порацияларының мүмкіндіктерін пайдалану қажет. Олардың да ак­тивтерін міндетті түрде екіге бөлу керек», – дейді экономист Расул Рысмамбетов. Оның айтуынша, әуелгіде бұл облыстарды біріктірудегі бір себеп, билікті орталықтандыру үшін өңірлерді ірілендіру деген саяси бастамадан шыққан. Енді қазір орталықсыздандыру жүріп жатыр. Егер әкімдеріміздің білімі мен біліктілігінің төмен екендігін ес­кер­сек, өңірлерді бірнеше аумақ­тарға бөлген дұрыс. Тіпті, болашақ­та, 40-60 облыс болып жатса да таңғалуға болмайды. Бізге әрбір ауданның өзі орталыққа жалтақ­тамай, өз деңгейінде шешім қабыл­дап, жергілікті экономика мен әлеу­меттік ахуалды көтере ала­тындай жағдайға жету қажет. Біз соған келе жатырмыз.

Моноқаласы көп облыс еді

Сонымен, қалған екі облыста шекаралары әлі нақтыланбаған. ШҚО-да мәслихаттың кезектен тыс сессиясы 6 сәуірге белгіленіпті. Ал Жезқазғаннан жеткен хабар – «Ұлытау» атауы қазақша да, орысша да өзгертілмей жазылатыны және айтылатыны. Әкім­шілік аумақ кар­тасы Алматыдағыдай жария етілген жоқ. Әйтсе де, енді­гісі, Балқаш қа­ласын Қарағанды облысының құ­рамында қалдыру туралы пети­ция­дан, бұрынғы Жез­қазған облы­сының аумағы сол күйі сақталып қалмайтынын аңғаруға болады. Пре­зидент бұл шешімді қабылда­ған­да өңірлерді басқарудың оңтай­лылығы мен жеделдігін мақ­сат ет­кенін ескерсек, моноқаласы көп ор­талық Қазақстан үшін бұл өте тиім­ді болғалы тұр. Өйткені еліміз­дегі 27 моноқаланың 8-і Қарағанды облысында орналасқан. Ұлытау об­лысы ашылса, оның жар­тысы өзі­нің дербес әкімшілік бас­қару те­тігін тауып, оларды дамыту оң­тайлана түспек. «Ұлытау облысын республи­калық дотациямен емес, өз нанын өзі тауып жейтін аймақ қылу үшін не істемек керек?! Біріншіден, «Қазақмыс» компаниясының Нұр-Сұлтан, Алматы, Қарағанды қала­ла­рында орналасқан бас офистерін, департаменттері мен басқарма­ларын Жезқазған қаласына көшіру керек. Мұндағы түпкі мақсат – салық түсімдерімен жергілікті бюджетті толықтыру. Екіншіден, Ұлытау ауданының территория­сында «Құмкөл» мұнай-газ кен орны бар. Кен орны бір кездері Қызылорда облысына ұзақ жылға пайдалануға берілген. Қысылтаяң кезде ол Сыр өңірінің экономи­ка­лық дамуына үлкен қолдау болғаны рас. Енді сол кен орыны Ұлытау об­лысына қайтарылуы тиіс! Теңге­рімдік қоры 280 млн тонна болатын кәсіпорынды қайтып беру әділетті шешім болар еді. Бұлар аздық етеді десеңіз, «Жәй­рем кен байыту ком­бинаты», «Өр­кен-Атасу», «Жалын» кеніші секілді ірілі-ұсақты кә­сіпорындар бар», – дейді болашақ Ұлытау облысының тұрғыны Ақжол Құрмансейіт. Шығыс Қазақстан облысына келер болсақ, мұнда 15 аудан, 10 қала, 692 кент, 239 ауыл бар. 2020 жыл­дың 1 қаңтарындағы мәлімет бо­йынша 1 млн 369,6 мың адам тұ­рады екен. Мұнда да жергілікті тұр­ғындар баяғы Семей облысы­ның аумағымен бөлінгеніне келіспейді. «Шығыс Қазақстан мен Абай облысының арасындағы аудандар қалай бөлініске түседі деген дау-дамай басталып кетті. Тарбағатай Ақсуаттан, Шұбартау Аягөзден бөлінуді аңсайды. Абыралылықтар бізді Курчатовқа қосады екен деп шулап жүр. Әрине, жоғары жақта­ғылар әлеуметтік-экономикалық жағдайға, халықтың қарым-қаты­нас тіршілігіне қарап оң шешімін қабылдайтынына сенімдімін. Тер­ри­то­риялық бөліс процесінде эко­но­мис­терден бөлек урбанист ға­лым­дар­дың, демографтардың, жер­гі­лікті қоғам өкілдерінің пікірін де қаперге алу керегі түсінікті. Бұ­рынғы Семей облысына қарасты дотациялы аудандардан құтылса, эконо­мика­лық бай Шығыс Қазақ­стан бірден донор облысқа айнала­тын мүмкін­дігі бар. Ал Абай кері­сінше рес­публикаға алақан жайып қалады. Сондықтан да дотациялы бір-екі ауданды ШҚО-ға қосу керек деп ойлаймын. Ол біріншіден, Өске­мен­нің қазақылануына ықпал ете­ді, екіншіден, өңірлердің бір­кел­кі дамуына сеп болады. Ал қазақ­тары 10-15% ғана Шемонайха сияқ­ты шекаралық ауданды Се­мейге беру керек. Сонымен қатар террито­рия­сына бір Бельгия сия­тындай ау­мақты алып жатқан Се­мей поли­гоны жерінің басым бө­лі­гін ресми түрде халық шаруашы­лығына қай­тарған жөн. Бәрібір де сол жерде жа­йылған малдың етін жеп, қы­мызын ішіп жүрміз, қазған көмірін жағып жатырмыз», – дейді болашақ Абай облысының тұрғыны Мақсат Жәнібек. Жыл жаңалығындай болған өзгерістердің қоғамның қызу тал­қысына түсіп жатқаны рас. Соның бірі – петиция мәселесі. Бұрын бірігіп кеткен көптеген аудандар, қайтадан өз алдына әкімшілік бірлік етіп бөлуді сұрап ашық хат жазса, енді бірі шекара бойындағы ауылдарға ел толтыру қамын айтып дабыл қағуда. Шар ауданы мен Жезді ауданы дербестікті көздесе, Іргелі ауылы Алматы қаласына қосуды сұрайды. Ал бәрінен бұрын моноқалалардың «бойына қан жүгіретіні» қуантады. Сондай қа­ланың бірі – Арқалықтың тағдырын уақыт еншісіне тапсырдық.