Қазақстандықтар үшін биылғы жыл жаңалығы жаңа үш облыстың құрылатыны болды. Абай, Ұлытау, Жетісу – жаңа атаудан ғана емес, жаңа өзгерістерден де күтер үміт мол. Дербес басқару жергілікті әлеуметтік проблемаларды шешуде оңтайлы ахуал қалыптастыруы тиіс. Әйтсе де оған сенімсіздікпен қарайтындар да бар. Өйткені бұл облыстардың экономикалық әлеуеті көңіл көншітпейді. Жасыратыны жоқ, мемлекетті әкімшілік басқарудағы аумақтық тығырыққа жеріміздің тарлығы емес, кеңдігі тіреп тұрғаны рас. Ендеше Мемлекет басшысының тапсырмасы қалай орындалып жатқанын саралап көрелік.
Жаңа әкімшілік бірліктердің құрылуына жауапты Ұлттық экономика министрлігінің хабарлауынша, бұл бағытта 5 іс-шара жүзеге асырылуда екен. Олар – үш облысты құру, Қапшағай қаласының атын ауыстыру және ондағы халық санына сәйкес мемлекеттік қызметшілер санын оңтайландыру. Соңғы шараға бір басшыда үш орынбасардан артық болмауы тиіс деген жаңа лимит те кіреді. Осы мақсатта 25 наурызда Премьер-Министрдің өкімімен арнайы комиссия құрылған. «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысының кейбір мәселелері туралы» Президент Жарлығының жобасы дайындалуда. Оны қабылдау бойынша ұйымдастыру-дайындау жедел іс-шаралар тізбесін қамтитын жұмыс алгоритмі әзірленген. Бұл жұмыстардың барлығы тиісті әкімдіктермен тығыз байланыста жүзеге асып келеді. Енді әкімдіктерге келер болсақ, осы аталған жұмыстарды атқаруда Алматы облысы жеделдік танытып келеді. Олар екіге бөлінетін облыс аумағының шекараларын мәслихат сессиясында анықтап үлгеріпті. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан хабарлады.
«Бұл – тек агломерациялық қана емес, саяси-әлеуметтік, экономикалық маңызы басым мәселе. Жаңа әкімшілік-аумақтық өзгерістер мемлекеттік басқару үдерісін жеңілдетеді. Осы күндерде өңірдегі сайлаушылардан «Алматы облысын бөлу жүзеге қалай асады? Таулы өңірдегі Нарынқол, Кеген, Ұйғыр аудандарының ахуалы қалай реттеледі?» деген көптеген сауал түскен болатын. Электораттың талап-тілектері мен өтініштері бойынша, тиісті органдардың назарына өз ұсыныстарымды да бергенмін. Міне, күні кеше Алматы облысы мәслихатының кезектен тыс XVІI сессиясы шақырылып, Алматы облысын екіге бөлу туралы Президент бастамасына байланысты шешімдер қабылданды. Жаңа карта бойынша, Жетісу облысының аумағында 352 елді мекені бар 8 аудан және 2 қала, Алматы облысында 380 елді мекені бар 9 аудан және 1 қала болады. Қабылданған шешім ел көңілінен шығады деген үміттеміз», – дейді Мәжіліс депутаты.
Картаға көз салсақ, бұрынғы Алматы облысы әкімшілік аумақтар бойынша тура екіге бөлінген екен. Қос облыстың шекарасы Балқаш-Қаратал, Іле-Көксу, Еңбекшіқазақ-Кербұлақ және Ұйғыр-Панфилов аудандарының арасымен өтеді. Осылайша, Достық және Қорғас кеден бекеттерінің екеуі де Жетісу облысында қалып отыр. Бұл жаңа өңірдің экономикалық әлеуетіне тыныс қосуы тиіс. Өйткені осы хабар шыққан шақта, пікір білдіргендердің көбі экономикалық сүбелі аудандардан айырылып қалуы мүмкін-ау деп Талдықорғанның жағдайын уайымдап қалған болатын.
«Алматы облысы бюджетінің былтырғы салық және салық емес түсімінің тең жартысы Іле ауданынан келген екен. Қапшағай қаласы, Қарасай ауданы мен Талғар ауданы үшеуі қосылып және 100 миллиард теңге беріпті. Сонда, 376 миллиардтан 91 миллиард қана қалды. Одан Жамбыл ауданының 10 миллиардын тағы алып тастаңыз. Әрине, өзге де трансферттермен облыс бюджетінің түсімі 773 миллиард болған екен. Бірақ негізгі өндіріс жаңа құрылатын Алматы облысында. Сондықтан Жетісу облысына күрт серпінді даму керек», – деп жазды белгілі журналист Болат Мүрсәлім өзінің Facebook парақшасында.
Жалпы, Талдықорған өңірі екі рет облыс ретінде құрылса, екі рет Алматыға қосылған екен. Мәселен, 1944-1959 жылдары өз алдына дербес аймақ, кейін 8 жыл Алматы облысының құрамында болды. Ал 1967 жылы еншісін алып, 30 жыл бойы жеке облыс болды. Алайда тәуелсіздік алған тоқырау жылдары Алматы облысына қайтадан қосылып кетті.
100% дотацияда болады
Жеріміздің кеңдігі мемлекеттік әкімшілік басқару саласында урбанизация, миграция және логистика тұрғысынан ыңғайсыздықтар тудырып отырғаны жасырын емес. Әрі аумағы үлкен жерді игеру әкімдерден үлкен біліктілік пен қажырды талап етеді. Мәселен, Қарағанды облысының ауқымына Еуропаның бір мемлекеті сыйып кетеді. Ал ол жақта ондай территорияны парламенті бар, президенті бар, үкіметі бар бірнеше институционалды ұйымдар басқарады десек, бізде бұл жұмыстар бір әкімнің мойнында. Одан бөлек, орталық билік жергілікті атқарушы органдардың қызметіне тым қатты араласады. Жалғыз әкімнің қолында билік жоқ деуге болады. Тағы бір мәселе, жергілікті жерден түскен қаржы әуелі орталыққа кетіп, одан соң барып қана қайта оралатыны.
«Жаңа өңірлердің экномикалық әлеуетіне дәл қазір баға бере қою қиын. Әйтсе де, олар алғашқы кезде 100% дотацияда болатыны сөзсіз. Бірақ бұл оларға бөлінетін қаржыны көбейту керек деген сөз емес. Бұған дейінгі бір облыс болып тұрғандай қаржы сол күйінде қала беруі тиіс. Бюджетке салмақ түспеуі керек. Облыстарды бөлудегі идеяның өзі – әр өңірдің жеке табыс таба бастауында жатыр ғой. Оған тек мүмкіндік жасалуы керек. Әр өңірдің жер, қазба байлық, транзиттік потенциал сынды тағы да басқа активтері бар. Соларға инвестор тартып, тиімді басқару керек. Әсіресе, Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларының мүмкіндіктерін пайдалану қажет. Олардың да активтерін міндетті түрде екіге бөлу керек», – дейді экономист Расул Рысмамбетов.
Оның айтуынша, әуелгіде бұл облыстарды біріктірудегі бір себеп, билікті орталықтандыру үшін өңірлерді ірілендіру деген саяси бастамадан шыққан. Енді қазір орталықсыздандыру жүріп жатыр. Егер әкімдеріміздің білімі мен біліктілігінің төмен екендігін ескерсек, өңірлерді бірнеше аумақтарға бөлген дұрыс. Тіпті, болашақта, 40-60 облыс болып жатса да таңғалуға болмайды. Бізге әрбір ауданның өзі орталыққа жалтақтамай, өз деңгейінде шешім қабылдап, жергілікті экономика мен әлеуметтік ахуалды көтере алатындай жағдайға жету қажет. Біз соған келе жатырмыз.
Моноқаласы көп облыс еді
Сонымен, қалған екі облыста шекаралары әлі нақтыланбаған. ШҚО-да мәслихаттың кезектен тыс сессиясы 6 сәуірге белгіленіпті. Ал Жезқазғаннан жеткен хабар – «Ұлытау» атауы қазақша да, орысша да өзгертілмей жазылатыны және айтылатыны. Әкімшілік аумақ картасы Алматыдағыдай жария етілген жоқ. Әйтсе де, ендігісі, Балқаш қаласын Қарағанды облысының құрамында қалдыру туралы петициядан, бұрынғы Жезқазған облысының аумағы сол күйі сақталып қалмайтынын аңғаруға болады. Президент бұл шешімді қабылдағанда өңірлерді басқарудың оңтайлылығы мен жеделдігін мақсат еткенін ескерсек, моноқаласы көп орталық Қазақстан үшін бұл өте тиімді болғалы тұр. Өйткені еліміздегі 27 моноқаланың 8-і Қарағанды облысында орналасқан. Ұлытау облысы ашылса, оның жартысы өзінің дербес әкімшілік басқару тетігін тауып, оларды дамыту оңтайлана түспек.
«Ұлытау облысын республикалық дотациямен емес, өз нанын өзі тауып жейтін аймақ қылу үшін не істемек керек?! Біріншіден, «Қазақмыс» компаниясының Нұр-Сұлтан, Алматы, Қарағанды қалаларында орналасқан бас офистерін, департаменттері мен басқармаларын Жезқазған қаласына көшіру керек. Мұндағы түпкі мақсат – салық түсімдерімен жергілікті бюджетті толықтыру. Екіншіден, Ұлытау ауданының территориясында «Құмкөл» мұнай-газ кен орны бар. Кен орны бір кездері Қызылорда облысына ұзақ жылға пайдалануға берілген. Қысылтаяң кезде ол Сыр өңірінің экономикалық дамуына үлкен қолдау болғаны рас. Енді сол кен орыны Ұлытау облысына қайтарылуы тиіс! Теңгерімдік қоры 280 млн тонна болатын кәсіпорынды қайтып беру әділетті шешім болар еді. Бұлар аздық етеді десеңіз, «Жәйрем кен байыту комбинаты», «Өркен-Атасу», «Жалын» кеніші секілді ірілі-ұсақты кәсіпорындар бар», – дейді болашақ Ұлытау облысының тұрғыны Ақжол Құрмансейіт.
Шығыс Қазақстан облысына келер болсақ, мұнда 15 аудан, 10 қала, 692 кент, 239 ауыл бар. 2020 жылдың 1 қаңтарындағы мәлімет бойынша 1 млн 369,6 мың адам тұрады екен. Мұнда да жергілікті тұрғындар баяғы Семей облысының аумағымен бөлінгеніне келіспейді.
«Шығыс Қазақстан мен Абай облысының арасындағы аудандар қалай бөлініске түседі деген дау-дамай басталып кетті. Тарбағатай Ақсуаттан, Шұбартау Аягөзден бөлінуді аңсайды. Абыралылықтар бізді Курчатовқа қосады екен деп шулап жүр. Әрине, жоғары жақтағылар әлеуметтік-экономикалық жағдайға, халықтың қарым-қатынас тіршілігіне қарап оң шешімін қабылдайтынына сенімдімін. Территориялық бөліс процесінде экономистерден бөлек урбанист ғалымдардың, демографтардың, жергілікті қоғам өкілдерінің пікірін де қаперге алу керегі түсінікті. Бұрынғы Семей облысына қарасты дотациялы аудандардан құтылса, экономикалық бай Шығыс Қазақстан бірден донор облысқа айналатын мүмкіндігі бар. Ал Абай керісінше республикаға алақан жайып қалады. Сондықтан да дотациялы бір-екі ауданды ШҚО-ға қосу керек деп ойлаймын. Ол біріншіден, Өскеменнің қазақылануына ықпал етеді, екіншіден, өңірлердің біркелкі дамуына сеп болады. Ал қазақтары 10-15% ғана Шемонайха сияқты шекаралық ауданды Семейге беру керек. Сонымен қатар территориясына бір Бельгия сиятындай аумақты алып жатқан Семей полигоны жерінің басым бөлігін ресми түрде халық шаруашылығына қайтарған жөн. Бәрібір де сол жерде жайылған малдың етін жеп, қымызын ішіп жүрміз, қазған көмірін жағып жатырмыз», – дейді болашақ Абай облысының тұрғыны Мақсат Жәнібек.
Жыл жаңалығындай болған өзгерістердің қоғамның қызу талқысына түсіп жатқаны рас. Соның бірі – петиция мәселесі. Бұрын бірігіп кеткен көптеген аудандар, қайтадан өз алдына әкімшілік бірлік етіп бөлуді сұрап ашық хат жазса, енді бірі шекара бойындағы ауылдарға ел толтыру қамын айтып дабыл қағуда. Шар ауданы мен Жезді ауданы дербестікті көздесе, Іргелі ауылы Алматы қаласына қосуды сұрайды. Ал бәрінен бұрын моноқалалардың «бойына қан жүгіретіні» қуантады. Сондай қаланың бірі – Арқалықтың тағдырын уақыт еншісіне тапсырдық.