Алматыда «Мәңгілік ел жастары» қоғамдық қорының бастамасымен «Тәуелсіздік – Тәңір сыйы» атты мектеп оқушылары арасында ұйымдастырылған республикалық байқау қорытындыланды.
Осы байқауға қатысқан Түркістан облысы, Созақ ауданы, Шолаққорған ауылындағы №14 мектеп-интернат лицейінің оқушысы «Мәнерлеп оқу» кезеңі бойынша екінші орын алса, екінші кезең бойынша «Үздік эссе» аталымын жеңіп алды. Жеңімпаз оқушы ұйымдастырушылар тарапынан тағайындалған арнайы жүлдемен марапатталды. Жүлдегер атанған жеткіншекті осы байқауға дайындаған мұғалімі Әліпова Әсел Есқалиқызы Ыбырай Алтынсариннің 180 жылдығына арнап шығарылған мерейтойлық медалмен марапатталды.
«Жақында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев оқушыларды ынталандырып, білім беруді пайдалы әрі инклюзивті етудің маңызы зор екенін атап өтіп, жастардың сапалы білім алуы, дербес дамуы мен нарықта лайықты жұмыс табуын әрдайым назарда ұстайтынын білдірген болатын. Білім беру саласындағы жас жеткіншектердің тәрбиесі мен кемел келешегіне ықпал етіп, егемен еліміздің болашақ тұлғаларын қалыптастыруға атсалыса береміз», – дейді қоғамдық қор төрағасы А.Сайлаухан.