Бейбіт келісімдер туралы конвенцияны ратификациялады
Бейбіт келісімдер туралы конвенцияны ратификациялады
256
оқылды
Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтті. Онда сенаторлар «Біріккен Ұлттар Ұйымының медиация нәтижесінде қол жеткізілген халықаралық татуласу келісімдері туралы конвенциясын ратификациялау туралы» заңды қарап, қабылдады. Бұл конвенция халықаралық коммерциялық келісімдерді сақтау кепілдіктерін күшейтуге арналған. Сондай-ақ оның ұлттық заңнамасына сәйкес басқа юрисдикцияда медиация арқылы қол жеткізілген келісімдерді тану мен орындаудың қолжетімді жүйесін құруды көздейді. «Конвенция оған мүше мемлекеттерде коммерциялық даулар кезінде медиация арқылы қол жеткізілген келісімдерді орындау үшін құқықтық негіз қалыптастырады. Қазір медиация коммерциялық дауларды реттеудің баламалы және тиімді құралы болып отыр. Соған сәйкес, осы конвенция бизнеске және инвесторларға медиациялық келісімдердің өзге мемлекеттерде орындалуына қосымша кепілдік береді», – деді Мәулен Әшімбаев өз пікірінде. Сонымен қатар отырыс барысында сенаторлар депутаттық сауалдарын да жолдады. Нұрлан Бекенов мемлекеттің сыртқы қарыздарының өсуіне және олардың тиімсіз пайдаланылуына байланысты алаңдаушылық білдірді. Ольга Булавкина Үкіметті Шығыс Қазақстан облысындағы автомобиль жолдарын қайта қалпына келтіру мерзімін жеделдетуге шақырды. Жол мәселесіне назар аударған Нариман Төреғалиев те Батыс Қазақстан облысындағы жолдардың сапасы сын көтермейтінін айтты. Сергей Ершов еліміздегі көктемгі су тасқынына байланысты туындаған проблемаларды көтерді. Ал Андрей Лукин лауазымды тұлғалардың тәртіптік жауапкершілігін қарастыруды сұрады. Сенатордың айтуынша, олардың кесірінен бизнеске қарсы 8 745 әкімшілік іс заңсыз қозғалған.