Бағдат Мусин мен ұялы операторлар арасында жанжал туды. Екеуі бірін-бірі аяусыз айыптады. Цифрлық даму министрлігіне сенсек, ауыл-аймақты интернетпен қамтуға міндеттеме және миллиардтар алған ұялы операторлар Үкіметті алдап келген, интернетке қосылған ауылдар санын «қосып жазған». Ұялы байланыс алпауыттарының уәжіне жүгінсек, билік міндет-межені, талап-критерийлерді сан құбылтып, ақыры өзінің біліксіздігі үшін бизнесті айыпты еткен. Қайсысынікі дұрыс? Мәселенің мәнісіне үңілсек.
Өне бойы көзбояушылыққа бөккен сала
Екі жыл бұрын Мәжілісте ауылдың интернетке қол жеткізу мәселесі талқыланғанда 2022 жылға қарай барлық қазақстандықтың 97%-ы сонымен толық қамтылатыны жария етілді. Аталған мерзім өтті, Үкімет мақсат үдесінен шыға алмады. Сала көзбояушылық батпағына батқан, алыс өлкелерді айтпағанның өзінде үш мегаполистің біраз ауданында интернет жылдамдығы нашар. Елде қаншама ауыл жаһандық желінің не екенін білмейді. Үшінші мегаполис – Шымкенттің тұрғыны Берік Сайлаубеков қалада ұялы байланыстың да, ұялы интернеттің де сапасы сын көтермейтінін айтады: «Мысалы, Ақжайық шағынауданында байланыс сигналы үнемі жоғалып кетеді. Артынан қоңырауларды қабылдамай, өткізіп алғанымыз туралы sms хабарлама келеді. Жедел жәрдем, полиция, өрт сөндірушілер секілді құтқару қызметтеріне жедел хабарласа алмай қалатын кез болады. Біздің ауданда ұялы интернет деген мүлдем жоқ. Біз біраз жылдан бері Altel, Tele2, Activ, Kcell, Beeline операторларының техникалық қызметтерін мазалаумен келеміз. Мәселе әлі күнге шешілген жоқ», – деп кейиді шымқала тұрғыны. Ауыл-аймақтағы жағдай одан да нашар. Аумағы жөнінен әзірше ең ірі облыстардың үштігіне кіретін, қазір екіге бөлініп, қайта құрылғалы тұрған ШҚО-да таяуда облыс әкімі Даниял Ахметов цифрландыру мен IT технологияларды дамыту мәселесі бойынша кеңес өткізді. Жиында бұл саладағы ахуал мәз емесі ашық айтылды. ШҚО-да ауылдық елді мекендерді кеңжолақты және мобильді интернетпен қамтамасыз ету үшін республикалық Жол картасы жүзеге асырылады, сондай-ақ 2022 жылдың қаңтарында жергілікті арнайы бағдарлама қолға алынған. Облыс әкімдігінің дерегінше, бүгінде Шығыс Қазақстанда 683 ауыл интернетке қосылған деп есептеледі. Тағы 103 ауылда интернет атымен жоқ. Сорақысы сол, «интернетке қол жеткізді» деген 683 ауылдың тек 201-інде оның жылдамдығы 8 мбит/секундтан асады. Басқасында 5 мбит/с аспайды. Яғни, облыстағы барлық ауылдық елді мекеннің тек 25,5%-ы қанағаттанарлық күйдегі интернет желісін пайдаланады. Бұл Үкімет дәріптеген 97%-дан әлдеқайда аз. Облыс басшысы қалалар мен аудан әкімдеріне әрбір елді мекеннің атауын және интернеттің шекті жылдамдығын көрсете отырып, барынша нақты карта жасауды жүктеді. Жалпы, саладағы көзбояушылықпен күресті бұрыннан бастау керек еді. Әйтпесе, қазақстандықтар министрлік пен операторлардың есептеріндегі көркем көрсеткіштердің жалған екенін айтып, біраздан дабыл қағып келеді. Мәселен, «Қазақтелеком» қандай да бір ауылға оптикалық-талшықты желі тартады, жергілікті мектепті, әкімдікті, бір-екі меммекемені соған жалғайды. Сөйтіп, әлгі ауылға кеңжолақты интернет жеткізілгені жөнінде есеп береді. Шынында, ол ауылдың қарапайым тұрғындары оның қызығын көре алмайды, өз үйінде отырып, электронды Үкімет порталынан мемқызметтерді пайдалана алмайды. Жамбыл облысының Мерке ауылының тұрғыны Нұржан Қайратұлы көшеде, 200 метрдей ғана жерде Tele2 мұнарасы орнатылғанын жеткізді: «Оның іргесінде отырған бізде мобильді интернет те, ұялы байланыс та жөнді істемейді. Speedtest арқылы тексердік, жылдамдығы 1мб/секундтан аспайды. 2020 жылғы қыркүйектен бері Tele2 операторына өтініш-шағым айтып келеміз. Құлақ аспайды, жөндеу жұмыстары жақында аяқталады деп жалтарады. Жөндеуі болса, 1,5 жылдан бері бітер емес», – дейді тұрғын. Айтпақшы, Үкімет операторлар жұмысына, ұялы байланыс пен интернеттің сапасына және оның қолжетімділігіне қатысты жұртшылықтан шағым қабылдау үшін еGov.kz аясында жеке yourmobile.kz сервисін іске қосқан-тын. Сөйтіп, бораған арыздың астында қалды. Халық операторлардың әділетсіз әрекеттерін, көз қылған тірліктерін, сапасыз қызметтерін нақты дәлелдермен ашық айтты. Одан не нәтиже шықты дерсіз? Аталған сервис қазір кем дегенде екі айдан бері қолжетімсіз! Ашылмайды, тиісінше, азаматтар шағым бере алмайды. Бұл «жауырды жаба тоқу» емес пе?Министрдің «Қазақтелекомға» тісі батпады
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин көзбояушылықпен күрескісі келетін сыңай танытты. Ол кейбір провайдерлерді «қосып жазады», жалған ақпарат ұсынады деп айыптады. Министр ауылдардың заманауи байланыс түріне қосылғаны туралы операторлар ұсынған мәліметтердің шындыққа сәйкес келмейтінін енді ғана біліп, таңғалыпты, көзі ашылыпты. Оның айтуынша, пәрменді тексерістер жүргізілгеннен кейін компаниялардың өзі сапасыз жұмыс жүргізгенін мойындаған көрінеді. «Біздің министрлік сапасыз интернет проблемасын шешуге баса көңіл бөледі. Бұл – көкейкесті проблема. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жаппай тексерістер жүргізілді. Өткен жылы 560 тексеру жүзеге асырылды. Нәтижесінде, ұялы байланыс операторларына салынған айыппұл сомасы 2019 жылы небәрі 15 миллион теңгені құраса, 2021 жылы ол сома шамамен 140 миллион теңгеге дейін өсті. Яғни, оны 10 есе арттырдық», – деді Б.Мусин «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы қаралған Есеп комитетінің отырысында. Цифрлық даму министрі бірқатар ұялы оператор ауылдарды интернетке қосқаны жөнінде жалған мәліметтер беріп келгенін мәлімдеді. – Біз бақылау функцияларын күшейттік. Операторлар өздеріне бекітілген ауылдардың қайсысында бұрынғыдай байланыстың жоқ екенін хабарлап, мойындай бастады. Олар бұрын интернет пен ұялы байланыс бар деп есеп беріп келген 200 ауылдың шынында одан жұрдай екенін мойындады. Өйткені олар қазірден мойындау жасап, қатені түзету жұмыстарын жүргізудің дұрыс екенін түсінді. Олай болмағанда өтірігін ары қарай өрбіткенде, біз тиісті машиналарымызбен бүкіл ауыл-аймақты аралап, сол арқылы қай жерде сапалы интернеттің жоқтығын онсыз да әшкерелейтін едік, – деді Бағдат Мусин. Ол Есеп комитетінің аудиторларына жүгініп, «Қазақтелеком» ұлттық операторын тексеру кезінде Цифрлық даму министрлігінің білік-білімін пайдалануды, министрліктің кәсіби мамандарын тексеріске тартуды ұсынды: «Өйткені бұл – квазимемлекеттік компания, жеке нарық ойыншысы, сол себепті ол біз үшін қолжетімсіз» деп күрсінді министр. Бұдан бұрын ашық ақпарат көздерінде «Қазақтелеком» және «Транстелеком» 2018-2031 жылдар аралығын қамтитын, алыс ауылдарды интернетпен қамтамасыз етуге арналған МЖӘ жобасын жүзеге асырып жатқаны хабарланды: бұл жобаның жалпы сомасы шамамен 140 миллиард теңгеге түспек. Бұдан бөлек, 2020 жылы Мәжілістегі Үкімет сағатында «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасына меморгандардың 371 миллиард теңге жұмсағаны жария етілді. Салаға құйылатын қаржы тасқыны алда еселеп артпақ. «Цифрландыру, ғылым және инновациялар есебінен технологиялық серпіліс» атты ұлттық жобасында оны іске асыруға шығындалатын қаражат көлемі 2 трлн 255 млрд 900,3 млн теңгені құрайтыны көрсетілген.Тайталастан қиналатын тарап – тұтынушы
Мусиннің мәлімдемесінен кейін Kcell, Tele2 және Beeline Қазақстан бірлескен мәлімдеме таратып, мәселенің туындауына Цифрлық даму министрлігінің өзін айыптады. Операторлар жалған мәліметтер ұсынбағанына сенімді. «250+», яғни 250-ден көп тұрғыны бар ауылдарды кеңжолақты интернетпен қамту жобасын Үкімет операторлармен 2018 жылдың екінші жартысында талқылай бастады. Негізгі критерий арқылы бірде-бір ұялы оператор бармаған, яғни мобильді интернет мүлде жоқ елді мекендер таңдалған. Бұл ретте мобильді байланыс пен интернеттен құралақан ауылдар туралы ақпаратты және тізімді мемлекет операторлардан алыпты. Басқаша айтқанда, қай ауылды интернетке қосу қажеттігі жөнінде Үкіметке кеңесті де солар берген. Ал бизнес алдымен өзіне тиімдісін қарастыратыны, өз мүддесін басты орынға қоятыны жасырын емес. Тиісінше, 250+ бағдарламасына солар қалаған елді мекендер қосылды. Үкіметте сол кезде цифрландыруды жүзеге асыруға жауапты болған тұлғалардың бір қателігі де осында болса керек. «Бағдарлама жүзеге асырылатын ауылдардың бастапқы тізімі тек ұялы оператор күшімен түзілді», – дейді операторлар. Бұл – бір. Екіншіден, бірлескен мәлімдемеде мобильді кеңжолақты интернеттің (МКЖИ) ең төменгі жылдамдық көрсеткіштеріне және деректерді беру сапасына 2018 жылы ешқандай талап қойылмағанына назар аудартылады. Цифрландыру саласындағы екінші қателік те осыдан туындайды. Нақты талап болмаған соң ақшаны игерушілер ойына келгенін істейтіні мәлім. «Операторлар барлық міндеттемесін толық көлемде және белгіленген уақытта орындады», – дейді операторлар. Үшіншіден, байланыс операторларының ақпараты негізінде сала реттеушісі о баста 928 ауылдық елді мекеннен тұратын тізімді бекітеді. Өзара меморандумға сәйкес, олар 2020 жыл соңына дейін МКЖИ-мен қамтылуы тиіс болған. «Алайда жобаны іске асыру барысында елді мекендер тізіміне түзетулер енгізілді, сөйтіп жобаға қатысты түсінікте алшақтық пайда болды. Бұған қоса «250+» жобасының жұмыстары қызған, құрылғылар тегіс сатып алынған шақта реттеуші орган біржақты түрде МКЖИ сапасына қатысты минималды параметрлерді белгіледі. Ол параметрлер бастапқыда басшылыққа алынған ITU халықаралық стандарттарынан айтарлықтай ерекшеленді. Талаптардың өзгеруі 2021 жылы операторларға түрлі айыппұл-санкцияның салынуына соқтырды және тізімнің түзетілуіне себеп болды», – деген ұстанымда Kcell, Tele2 және Beeline Қазақстан. «Нарық қатысушылары байланыс сапасына қатысты жаңа талаптар жобалардың өзін-өзі ақтауына теріс әсер етуі мүмкін деп министрлікті бірнеше рет ескертті. Сондай-ақ жаңа талаптарды кезең-кезеңмен енгізу керектігі ескерілмеді. Өйткені барлық оператор инфрақұрылым құрылысымен айналысып жатқандықтан, ондай талаптарды орындауға уақыт қажет», – дейді Kcell бас атқарушы директоры Юрий Харламов. Beeline Қазақстан CEO-сы, бас атқарушы директоры Евгений Настрадин министрдің операторларды өтірік айтты деп айыптағанын естігенде айран-асыр болғанын мәлімдеді: «Бұл жерде әңгіме жалған сөйлеуде емес, міндеттемелерді біржақты түрде өзгерте салуда. Мұндай шаралар тіпті дамыған елдерде жасалмайды, оны енгізу техникалық мамандарды және халықаралық салалық ұйымдарды тарта отырып, мұқият пысықтауды талап етеді. Соған қарамастан, сапа параметрлері қабылданды, тексерістер саны былтыр ондаған есе көбейді, ал айыппұл мөлшерін 1 мың АЕК-ке (3 063 000 теңгеге) дейін көтеру жоспарланды. Бұл ұялы операторларға инвестициялық және операциялық шығын шектіреді және қызмет құнының қымбаттауына ықпал етеді», – дейді ол. Мусиннің командасы мен мобильді операторлар арасындағы тайталас немен тынары белгісіз. Бір анығы, екі ортада тұтынушылар зардап шегіп жатыр. Байланыс операторларының, «Қазақтелекомның» қызмет сапасы құлдырап барады. Енді, міне «интернет жеткен» ауылдардың тізімі де фейк екені анықталды. Цифрлық даму министрлігінің соңғы мәліметінше, өткен жылдардың қорытындысы бойынша 1 257 ауыл талшықты-оптикалық байланыс желілері (ТОБЖ) арқылы кеңжолақты интернетпен, тағы 928 елді мекен мобильді интернетпен қамтылды. «Байланыс сапасын арттыруға баса мән беріледі. Былтыр 611 елді мекенде мобильді КЖИ жақсартылса, биыл 157 ауылдағы интернеттің сапасын арттыру жоспарланған», – деп хабарлады ведомство. Меморганның осы жылы сапасыз байланыс үшін айыппұлды 1 500 АЕК-ке дейін көтеру жоспары бар. Бір жақсы жаңалық: бүгінде Каспий теңізінің түбінде талшықты-оптикалық байланыс желілерін салу жұмыстары қолға алынды, бұл – Қазақстанды Еуразия орталығындағы цифрлық хабқа айналдыру жолындағы маңызды және ауқымды жобалардың бірі. Әзірге еліміз интернетке негізінен Ресей арқылы қосылады. Көзін қан жауып, жолындағысын қырып, еліріп алған көрші интернеттен ағытылып қалса, Қытай арқылы қосылуға тура келетін көрінеді. Ал Каспий түбімен тартылатын желі жаһандық интернетке тікелей қосылуға мүмкіндік беруі тиіс.