Бүгінде Конституцияда адамды жынысына қарап кемсітуге тыйым салады. Гендерлік теңдік стратегиясы әзірленіп, бірқатар заң қабылданды. Бірақ елдегі феминистер 1 ғана әйел министр мен әйел әкім барын алға тартып, мәселе шешімін таппай отырғанын айтады. Сонда олардың ойы қандай? Нені мақсат тұтады? Гендерлік теңдік мәселесін зерттеп жүрген халықаралық құқық магистрі Әйгерім Құсайынқызымен сұхбаттастық.
ҮЙ ТІРЛІГІ ТЕК ӘЙЕЛДІКІ МЕ?
– Сіз биыл 8 наурызда Алматыда әйелдер құқығына арналған митингтің ұйымдастырушысы болдыңыз. Бұрындары ұрып-соғу мәселесін көтеріп, теңдікті талап ететін еді. Осы жолы «Әйелдің орны саясатта» деген ұран болды. Жалпы, мұны елдегі гендерлік мәселедегі эволюция деп бағалауға бола ма?
– Қазақстандағы әйелдер митингі 2014 жылдан бастап өткізіліп келе жатыр. Бірақ рұқсат берілген ең алғашқы митинг былтыр ұйымдастырылды. Ол кезде әйелдердің әртүрлі мәселесін көтердік. Биыл өткен митингтегі тақырып – билікке әйелдердің араласуы. Мұны эволюция деп атамаймын. Себебі қаңтар оқиғасы, Жаңа Қазақстан құру бастамаларын ескере отырып, биліктің мінберін сұрадық. Тақырыптың таңдалуы кездейсоқтық емес. Статистикаға сүйенсек, халықтың 52 пайызы – әйелдер. Ал биліктегі үлесіміз 30 пайызға да жетпейді. 20 министрдің біреуі ғана әйел, 17 әкім арасында бір ғана әйел бар. Әйелдердің мұң-мұқтажын билікке жеткізу үшін биліктегі әйелдердің үлесі де кем дегенде тепе-тең болуы керек. Сол үшін осындай тақырыпты таңдап алдық. Яғни, Жаңа Қазақстанды құру барысында міндетті түрде әйелдердің бар екені ескерілуін және олардың мемлекеттік саясатқа араласуының кемінде 50 пайыз болуын талап еттік. Әйелдер мен жастарға арналған міндетті 30 пайыз квота мүлде жұмыс істемейді. Мәжіліс пен мәслихат депутаттары арасында әйелдер мен жастар үлесі 30 пайыздан кем болмауы тиіс деген талаптың іске аспайтынын саясаткерлердің өздері де мойындап отыр. Саясатта 50 пайыз әйелдер болмай, Қазақстанда әйелдер мәселесі толыққанды шешілмейді. Жеткізгіміз келгені – осы. Егер біз биыл биліктегі әйелдердің үлесін арттыруды сұрасақ, бұл тұрмыстық зорлық-зомбылыққа көз жұмдық дегенді білдірмейді. Қазақстанда әйелдер құқығында әзірге эволюция болмайды. Себебі біз өте азбыз. Үніміз шықпайды, елемейтіндер көп.
– Бүгінде гендерлік мәселе, гендерлік теңдікті айтып жүрміз. Бұл – өзекті мәселе. Алайда аймақтарда бұдан да өткір мәселелер бар. Мәселен, ұрып-соғу сияқты тағы қандай өзге мәселелермен бетпе-бет келіп жүрсіздер?
– Қазақстан халқының 47 пайызы ауылдық жерде, 53 пайызы қалада тұрады. Біз 2019-2021 жылдары бірнеше зерттеу жүргізіп, еліміздегі ауылдық жерлерде тұратын әйелдердің жалақы төленбейтін еңбегін есептеп көруге тырыстық. Таңертең тұрады, балаларға қарайды, малдың астын тазалайды. Тамақ істеп, кір жуады. Үй шаруасына қанша сағат арнайтынын есептедік, сонда республика бойынша орта есеппен әйелдер 4 сағат 13 минут тегін жұмыс істейтін болып шықты. Ал еркектерде 1 сағат 15 минут. Ал ауылдағы әйелдер 6 сағат артық жұмыс істейді. Мәселен, мектеп мұғалімі. 8 сағаттық жұмыстан бөлек үй шаруасымен айналысуы керек. Ауылдағы әйелдердің басты мәселесі – ақысы төленбейтін еңбек. Екінші, әрине тұрмыстық зорлық-зомбылық ушығып тұр. Себебі жәбір көрген жағдайда қайда хабарласу керегін білмейді, қарапайым жедел жәрдемнің, учаскелік полиция пунктінің болмауы, қолдау орталықтарының жоқтығы мәселені күрделендіріп отыр. Білікті психологтің табылмауы былай тұрсын, балабақшаның болмауы да әйелдердің мәселесі. Себебі мансапты қойып, балалары аяққа тұрғанша үйде отырып қалуы – ауылдағы әйелдердің басты мәселесі. Гендерлік экономиканы зерттегенімізде ауыл әйелдерін қала тұрғындарынан бөліп қарастырмауға тырысамыз. Бірақ қолымыз қысқа. Себебі барлық гендерлік зерттеу орталықтары Алматы мен астанада орналасқан. Сол үшін бұл мәселеде де географиялық саяси әділетсіздік бар деп айта аламын. Тарихта үйдің шаруасы әйелдің міндеті ретінде қалыптасқан. Таңертең тұрып, бәріне шай беру, үй жинап, бала бағу келіннің міндеті ретінде санаға сіңіп кеткен. Алайда ол – өткен заманның талабы. Гендерлік теңдікке қол жеткізуді мақсат еткен Швеция, Исландия декреттегі әйелге жалақы төлейді. Яғни, үйде отырып, балаға қарау міндетіңіз емес, ол мемлекеттің макроэкономикалық құбылысы. Сіз мансап жағынан ұтылып жатырсыз. Себебі декреттен шыққан соң оған дейінгі жалақыны талап ете алмайсыз. Біздегі мәселе Қазақстандағы әйелдер оны міндетім деп қабылдайды. Сол үшін біз оның қалыпты жағдай емес екенін көрсеткіміз келеді. Кез келген еңбек бағалануы тиіс. Үйде отырған әйелге мемлекеттен жалақы төлеудің ауылы алыс. Себебі әлемдегі 190 мемлекеттің 4-5-еуі ғана төлеп жатыр. Бұл мәселеде әйелдер күйеуімен келісімге келу арқылы шеше алады. «Мен еркекпін, сен тамақ істеп, бала бақ» дейтін қоғам болса, біз ешқашан гендерлік теңдікке қол жеткізе алмаймыз.
БИЛІКТЕ 50 ПАЙЫЗ ӘЙЕЛ ОТЫРУЫ ТИІС
– «Гендерлік теңдік» деген кезде бұл білімге, жұмысқа орналасуда, жалақы төлеуде теңдік ойға түседі. Ал бізде әйелдердің құқығы осы тұрғыда бұзыла ма? Тіпті, батыс елдердің көпшілігінде әйелдерді топ позицияға қоймау мәселесі бар.
– Елімізде әйелдер еркектерге қарағанда бірдей қызмет үшін 25 пайыз төмен жалақы алады. Кейбір салаларда, яғни мұнай, өндіріс саласында 33 пайызға дейін барады. Жалақыдағы алшақтық ТМД бойынша ең жоғарғысы бізде. Ал білім саласындағы теңсіздік мектептен басталады. Мамандық таңдау барысында қыздарды әлі күнге дейін мұғалім, медицина мамандығын таңдауға үгіттейді. IT мамандығын таңдағысы келетін қыздарға информатика пәні мұғалімдері «қыз баласың, саған IT саласы қиын болады, із кесуші, журналист болма, одан мұғалім бол», – дейді. Статистика бойынша, елімізде медицина саласында қызметкерлердің 75 пайызы – әйелдер. Бірақ басшылық қызметтегі әйелдер үлесі 25 пайыз ғана. Кез келген жас қыздан әңгімелесу барысында жұмыс беруші одан әлеуметтік статусын сұрайды. «Тұрмыстасың ба?», «Жақын арада тұрмысқа шығу ойда бар ма?», «1-2 жылда балалы болу жоспарда бар ма?» деген сұрақтар қояды. Бұл біздің Еңбек кодексіне қайшы. Заң бойынша мұндай сұрақты қоюға болмайды. Бүгінде заңгерлермен бірлесіп, Еңбек кодексіне жұмыс берушілер маманды жұмысқа қабылдайтын кезде осындай сұрақтарды қоюға болмайтынын көрсететін тарау, пункт енгізу бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Қашан тұрмысқа шығу, қашан декретке шығу – қыз баланың өз шаруасы. Ал жұмыс беруші жұмысқа алған адамның 1 жылдан кейін декретке шыққанын қаламайды, сондықтан жақында тұрмыс құрған келіншектерді жұмысқа қабылдағысы келмейді. Оған ақы төлегенше, алмай-ақ қойған жақсы дейтін жазылмаған ережелер бар. Бұл – гендерлік теңсіздік.
– Кейбір елдерде әйелдерді директорлар кеңесінің құрамына кіргізу талап етілген. Бізде осындай мәселелерді Еңбек кодексіне енгізу орынды бола ма? Жалпы, міндетті түрде осынша әйел мына қызметте, салада болсын деген заң енгізсек, бұл ерлердің құқығын шектемей ме? Тек әйел болғаны үшін қызметте отырса, әділетсіздік деп ойламайсыз ба?
– Дамыған мемлекеттерде мұндай бастамалар бар. Лондонда директорлар кеңесінің құрамында 50 пайыз әйелдер болуы керек деген талап бар. Қазір мен халықаралық ұйымдармен жұмыс істеймін. Олар маған өтініш берушілердің 50 пайызы әйелдер болуы керек деген талап қояды. Бізге осындай шешімдер қажет. Бірақ қазіргі Қазақстанда Мәжілістегі ер азаматтар мұндай заңға қол қоймайды. Мәжілісте әйелдердің үлесі 20 пайыз ғана, оның өзінде олар әйелдер мәселесін көтеріп жүрген жоқ. Бұл бастама еркектердің құқығын шектемейді. Неге? Егер ер кісілер 50 пайыз орынды әйелдерге босатып беруден қорықса, онда статистикаға қарасын. Халықтың 52 пайызы – әйелдер. Неліктен халық құрамының жартысын құрайтын әйел Мәжілісте де жарты орынды алмауы керек? Орнымды алып қояды деп қорықса, біліктілігін дамытсын. Әйел болғаны үшін ғана әкім етсін деп жатқан жоқпыз. Кәсіби біліктілігі, білімі, тәжірибесі сай келуі керек. Тек қана әйел екен деп билікке отырғызу ешбір елдің тәжірибесінде жоқ. Әкімдерді сайлаған кезде 50 пайызы әйелдер болсын деген талап күшіне енсе де, дәл қазір оған бізде үміткерлер жоқ. Сол үшін мектептен бастап дұрыс тәрбие берілуі керек.
Себебі жас қыздар өздерін болашақта саясаткер ретінде көре алмайды. Бала кезден «сенімді басшы – ер адам» деген түсінік санасына сіңіп кеткен. Сондықтан кішкентайынан дұрыс түсінік қалыптастырсақ, бізде де 50/50 Парламент болады. Гендерлік теңдікті ұстап отырған елдер бар. Канада, Швеция, Жаңа Зеландия, Финляндия әлемдегі ең дамыған мемлекеттер қатарында. Билікке әйелдердің келуін қолдамайтындардың көбі 45 жастан асқандар. Ал жаңа ғасырдың балалары керісінше қолдайды. Олар әлеуметтік әділеттікті бізге қарағанда жақсы түсінеді. Оны дәлелдейтін зерттеулер де бар. Қазір әйелдер бір уақытта ана да, әкім де, президент те бола алады. Сол мүмкіндікті мемлекеттің қалыптастыратынын қыз балалар ерте жастан түсінуі керек. Егер мемлекет үй тірлігімен айналысқаныңызға ақы төлеп отырса болады. Егер 2 шақырым жерден су тасып, тамақ істеп жүрсеңіз, үй мен түздің шаруасын қатар ұстау, әрине қиын. Дегенмен қазір саясатта үй шаруасымен билікті қатар алып жүрген 70 әйел бар.
ҚОРҒАНСЫЗДЫ КІНӘЛАЙТЫН ҚОҒАМ ҚАЙДАН ШЫҒАДЫ?
– Біздің қоғамда «виктимблейминг» (жәбірленушіні кінәлау), «кибербуллинг» терминдері жиі айтылып жүр. Неге қоғам қыздарды құрбан ретінде айыптауға дайын? Ол патриархалды қоғам екенімізді білдіре ме? Әлде 21 ғасыр, 2022 жылдың өзінде бізде ескі көзқарастағы азаматтар әлі күнге дейін көп пе?
– Виктимблейминг жаңа ұғым емес. Психолог Уильям Райан 1970 жылы кітабында алғаш рет осы терминді қолданды. Әлеуметтік психологияда криминологияда виктимология деген ғылым саласы бар. Сол ғылым саласында 70-80-жылдардан бастап кең ауқымды қолданыста болды. Бұл терминнің біздің қоғамда жиі айтылуының себебі сексуалды зорлық-зомбылықта оған әйелдің өзін кінәлайды. Бізде «әйел кінәлі» дегенді көтеретіндер – еркекті ақтағысы келетін азаматтар. Себебі әйел физиологиялық тұрғыда әлсіз. Еркектің өзінен әлсіз адамға күш көрсетуін, ұрғанын еркек болғаны үшін ақтау қай заңгерге барсаңыз да әділетсіздік. Жәбір көрушіні кінәлау – қоғам дерті. Мәселен, «Тальго» пойызындағы қыз бала зорланғанда көпшілік зорлаған адамды емес, қыздың өзін айыптады. «Қыз неге арақ ішіп алды?» деп сынға алды. Неге? Ер азаматтар ішімдік ішкен қызды зорлауына рұқсат деген талап бар ма? Біріншіден, жәбірленуші мен агрессорды анықтап алуымыз керек. Қоғам болып агрессорды жазалауымыз қажет. Онсызда туыстары теріс айналған, зорланған азаматты кінәлау – жүрексіздік, санасыздық.
ӘСЕЛ АСҚАРДЫ ҚУДАЛАУ КЕРЕК
– Блогер Әсел Асқар зорланған кішкентай қыздардың өзін кінәлап, олар осы жаста-ақ еркектерді өзіне тартатын деп мәлімдеме жасады. Ер адаммен дұрыс қарым-қатынас құру тақырыбында ақылы курс өткізеді. Блогердің бұл курсынан мыңдаған қыздар өтіп үлгерген. Бұл курсын жарнамалаудың жолы болды ма әлде бізде зорланған қыздарды айыптайтын адамдар көп пе? Яғни, таза маркетинг па әлде сондай көзқарастағы адамдар әлі бар ма?
– Әсел Асқарға қатысты айтқым келетіні, ол эксперт емес. Бұл салада педагогикалық, психологиялық сарапшы емес. Балалар психологиясының маманы да емес. Біздің қоғамның күрделі мәселесі – сарапшыны ажырата алмайды. Сол салада маманданып жүргендер жетерлік. Мәселен, біз былтыр UNICEF қорымен бірлесіп, балаларға қатысты зорлық-зомбылық тақырыбын зерттедік. Бұл – өте сезімтал тақырып. Бұл тақырыпты тебіренбей айту мүмкін емес. Зерттеу барысында сексуалды зорлық-зомбылық көрген қыздармен әңгімелестім. Әсел Асқардың сөзін естіп, жағамды ұстадым. Себебі одан қарапайым адамға тән эмпатияны байқамадым. Зорлық-зомбылық құрбандарының қандай күйде болатынын білмейді. Бізде сөз бостандығы бар дейміз, бірақ ол басқа біреулердің құқығын бұзып жатқанда шектелуі керек. Әсел Асқарды жазалап, қудалау қажет. «Аузы қисық болса да, байдың баласы сөйлесін» дейді. Желіде қазақтілді контент аз болғандықтан, жұрт Әсел Асқардың әдемі Іnstagram парақшасына қызығып, курстарына барған қыздарды мен кінәламаймын. Бірақ блогер сол саланың маманы болмай тұрып, бүкіл сексуалды зорлық-зомбылық көрген қыздардың жазылмаған жарасын қайта тырнады. Бұл басқа сарапшысымақтарға сабақ болуы керек. Жуырда Уилл Смит «Оскар» рәсімінде Крис Рокты жұдырықпен ұрып жіберді. Ал қазір оның «Оскарын» қайтарып алуды талап етіп жатқандар бар. Физикалық зорлық-зомбылық жасаған адам қанша жерден мықты актер болса да, «Оскарға» лайық емес екенін айтады. Әсел Асқардың актрисалығы, блогерлігі жәбірленушіні кіналауын ақтамайды. Сол үшін қоғамның талғамын қалыптастыру керек.
– Әңгімеңізге рақмет!