Әлемдегі геосаяси жағдай ушығып, антиресейлік санкция неғұрлым қатая түскені ЕАЭО үшін де оңайға соқпайтын сияқты. АҚШ пен ЕО-ның биік мінберлерінен мұндай шектеулерді РФ-ның экономикалық одақтастарына, оның ішінде Қазақстанға да салу керектігі айтыла бастады.
Батыстың бұйымтайы не?
Батыс елдерінің кейбір белгілі саясаткерлері мен журналистік қауым өкілдерінің Қазақстанға да шүйлігуі тегіннен-тегін емес. Өйткені біздің ел экономикалық шектеулерден тыс болса, ЕАЭО арқылы РФ-ны санкциядан құтқарып қалады деп сезіктенеді.
«Қытайдың тауары Ресейге Кедендік одақ елдерінің аумағы арқылы ешқандай құжаттық рәсімдеулерсіз де өткізіле беруі ықтимал. Ондай шектеулердің күші жоқ. Сондықтан Қазақстан, Қырғыз Республикасы және Армения бұл одақтан шығуы керек, әйтпесе олар да санкцияға ұшырауы мүмкін»,– деген күдігін білдірді OCCRP негізін қалаушы және бас редакторы Дрю Салливан.
Сарапшы РФ-ның жалғыз өзін экономикалық қысымға алудың нәтижесі шамалы болатынын, мұндай жағдайда ол өзіне қажетті тауарларды ЕАЭО арқылы еш қиындықсыз өткізе беретінін ескертті.
Расы сол, теориялық тұрғыдан алғанда Ресей ЕАЭО арқылы санкцияның тыйымдарын айналып өтіп, кез келген елдің нарығына шыға алады. Мұны Батыс та көріп отыр. Сондықтан АҚШ пен ЕО терістіктегі көршіні тәубесіне түсіру үшін Қазақстанға да қаһарын төгуі әбден мүмкін. Оның үстіне, бізде түрлі сала бойынша ресейліктермен бірлесіп құрылған компания көп. Санкция салуға ол да негіз бола алады.
Әйтсе де, Президент Әкімшілігі жетекшісінің бірінші орынбасары Тимур Сүлейменов жақында Брюссельге барған сапарында Қазақстанның Ресей үшін санкцияны айналып өтетін құралға айналмайтынын ашық айтып, біздің мемлекеттің айқын көзқарасын танытты.
«Біз ЕАЭО-тың мүшесі болғанымызбен, одан бөлек халықаралық қауымдастықтың да бір бөлігіміз. Сондықтан Қазақстанға АҚШ пен ЕО-ның санкциялары салынбауын қалаймыз. Біз тәуелсіз мемлекетпіз және Ресей мен Беларуське салынған шектеулерді сақтаймыз», – деді Т.Сүлейменов.
Экономикалық одақтың қазіргі ахуалы қандай?
Осынау қысылтаяң шақта еліміздің қандай да бір одақтан шығу-шықпау мәселесін тек ұлттық мүдде тұрғысынан шешу керектігі даусыз. Оның үстіне, ЕАЭО-тың атына антиресейлік санкциялар салынбай тұрған бұрынғы жылдары да сын-ескертулер аз айтылмайтын. Бұл ретте көп сарапшы кедендік төлемдер бөлісіне, маңызды мәселелерді шешу кезінде РФ мүддесінің басып кететініне, одақтың ішкі келісіміне қарамастан федеральдық қызметтердің түрлі кедергі ұйымдастыратынына наразы. Сондай-ақ ЕАЭО-ның о баста уәде етілгендей қарапайым халыққа да тиімді емес екенін жаппай қымбатшылықтан, үшінші елдерден келетін тауар тапшылығынан да көріп-біліп отыр.
«Бес елдің экономикасынан құрылған одақтың өмір сүруі ақылға сыйымсыз. Бастапқыда, КСРО құлағанда бұрынғы сауда-саттық, көлік қатынасы, басқа да экономикалық байланыстарды үзбеу үшін ТМД құрылды, ол Кедендік одаққа айналып, енді қазіргі жағдайға жетіп отыр. Бірақ ЕАЭО-ның о бастан жазылмай келе жатқан дерті бар, оның күні аз-ақ қалды»,– дейді экономист Алмас Чукин.
Оның айтуынша, ЕАЭО бойынша консенсус арқылы шешім қабылдау принципі о бастан дұрыс ойластырылмаған. Мысалы, қайсыбір мемлекет әлдебір мәселеге келісім бермесе, онда ортақ шешім шығарылмайды да, ол мемлекет басшыларының келесі кездесуіне қалдырылады. Бұл проблема келесі жолы да шешілмеуі мүмкін. Өмір өтіп жатыр, ал көкейтесті мәселелердің көпшілігі шешім таппай, аталған елдердің еркін дамуына кедергі келтіреді..
Сондай-ақ кедендік салықтан түскен кірістерді бөлісу тәртібі де тиімсіз. Кедендік алымның 85%-ы РФ-ның қазынасына құйылады, Қазақстан оның тек 6.9% үлесін қанағат етуге мәжбүр. Тағы 5 % Беларуське, қалғанын Армения мен Қырғыз елі өзара бөліседі. Мәселен, Қазақстан 100 млрд доллардың тауарын тасымалдап, одан 10 млрд доллар кедендік баж салығын жинады делік. Соның 695 млн-ын ғана өзіне қалдырып, 8,5 млрд долларды Ресейге жібереді. Тағы 5 пайызы Беларуське кетеді.
«Кедендік түсімдердің бұлай бөлісуін Ресей экономикасының Қазақстаннан 10 есе үлкендігімен түсіндіруге тырысады. Бірақ ол еш қисынға сыймайды. Әр мемлекеттің экономикалық құрылымы әртүрлі. Бірінде экспорт көп, бірінде импорт көп, ЖІӨ әртүрлі есептеледі және бұл жерде «көлеңкелі» нарықты да ескеру қажет»,– деді Алмас Чукин.
Сондай-ақ қазіргі Ресей мен Беларуське санкция салынып отырған жағдайда терістіктегі көршіміздің аумағы арқылы келетін тауарлар легі шектеледі, бұдан былай олардың орасан бөлігі қазақ даласы арқылы өтуі мүмкін. Яғни, РФ мен Беларусьтің кедендік баж салығынан түсетін табысы азайып, керісінше Қазақстанның табысы молая түспек. Мұндай жағдайда Қазақстан ЕАЭО-ның бюджетіне одан да көп қаржы құюға мәжбүр болады. Ал қатаң санкцияның астында қалған РФ мен БР «ортақ қазанға» кедендік алым салмастан, одан бұрынғыдан да көп алым алып отыратын болады. Бұл әділетсіздік емей немене?
Әріптесінің ойын экономист Айдар Әлібаев дамыта түсті:
«Енді онымен қоймай, РФ мен БР өз аумағында кедендік баж салығын рубльмен аламыз деп ұйғарып отыр. Ал басқа мемлекеттер бұрынғысынша доллармен есептеседі. Осыдан келіп валюта айырбастау бағамы бойынша қайшылықтар туындайды, олар оның курсын өздерінің нарығы бойынша есептегісі келетіні түсінікті. Сондықтан ЕАЭО-ның ішкі шекарасына уақытша ұлттық кедендік қызметті қайта әкеліп, жеке кедендік баж есебін жүргізген дұрыс. Ал Экономикалық одақтың аясында өзара нөлдік мөлшерлеме қойып, шектеусіз сауда-саттық жүргізе беруге болады»,– деді экономист.
Ресеймен алыс-беріс қалай?
2021 жылғы статистикаға сүйенсек, Қазақстан экспортының 40%-ы Еуроодаққа жөнелтілген. Одан кейінгі ірі сауда әріптесіміз – Қытай (16%) Ал Ресей мен ЕАЭО бағытында ол көп емес – жалпы көлемнің небәрі 13%-ы. Одан кейін Түркия – 5% және Корея – 3%. Дегенмен осы экспорттық тауарлардың жартысынан көбі Ресейдің құбыр желісі, теміржол және порт инфрақұрылымы арқылы өтеді.
Енді импорттық тауар бойынша сараласақ, сырттан сатып алатындарымыздың 45%-ы ЕАЭО-ға тиесілі, оның 90 пайызы РФ тауары. Одан кейінгі кезекте Қытайдың (20%), Еуроодақтың (14%) және Түркия мен АҚШ-тың (3%) өнімдеріне иек артамыз.
Ал қазақ экспортының 70 %-ын мұнай-газ өнімдері құрайтынын ескерсек, оның да толықтай Ресейге тәуелді екенін көреміз. Жақында дауылдың кесірінен КТК мұнай құбырлары құрылғыларының зақымдануы елімізді тығырыққа қатты тіреп тастады. Егер КТК дәлізі жақын арада ретке келтірілмесе, Қазақстан мұнай өндірісін әжептәуір шектеуге мәжбүр болатыны түсінікті. Мұны ел экономикасы үшін қаншалықты зардапты екенін өздеріңіз бағамдай беріңіздер. Экспорттағы одан кейінгі үлестің 15%-ы қара және түсті металдарға, 4%-ы химиялық өнімдерге, 2%-ы астыққа тиесілі. Бұл өнімдердің бәрі РФ-ның да негізгі экспорттық әлеуеті саналады және іргелес нарықтарға бағытталған. Сондықтан да экспорттық салада екі елдің бәсекелестігі өткір. Яғни, Ресейдің Қазақстанға экономикалық тұрғыдан ықпалы орасан.
Ал тәуелсіздік жылдары Қытайға салынған мұнай құбырын Жаңажол мен Құмкөлдегі кен орнына иелік ететін қытайлық мұнай өндірушілердің өздері пайдаланады, сондай-ақ РФ ол арқылы өзінің «Сибнефть» өнімдерін экспорттайды.
Экспорт-импорт дәлізін әртараптандырудың бір жолы ретінде «Баку–Тбилиси–Джейхан» мұнай құбырын қарастыруға болады. Алайда ол үшін порт терминалдарын кеңейту, жаңа танкерлерді
алу және көпсатылы және ультра алыс тасымалдау мүмкіндігін табуыңыз керек. Бұл да әзірге шешімін күткен мәселе.
Қорыта айтқанда, Қазақстанның РФ-ға экспорты 2021 жылы – $6,9 млрд, Ресейден импорт – $17,3 млрд, сауда сальдосы минус 10,4 млрд долларға жетті. Тәуелсіз сарапшылар Қазақстан ЕАЭО құрылғалы бері саудадағы осы теріс сальдоның кесірінен 45 млрд доллар қаржысынан айырылғанын айтады. Бұл Әзербайжанның ұлттық қорындағы ақшамен пара-пар. Осыдан-ақ бұл одақтың қазақ үшін қаншалықты зардапты екенін байқай беріңіз.