82 жастағы кентаулық қарт ағылшын тілін оқып жатыр
82 жастағы кентаулық қарт ағылшын тілін оқып жатыр
©www.inform.kz
396
оқылды
Кентау қаласының тұрғыны Құрманбек Дайрабай қартайдым деп отырған жоқ. Қолына кітап-дәптерін алып, ағылшын тілін үйреніп жүр. Ол аптасына үш рет тілдерді оқыту орталығына барып, сабаққа қатысады. Бүгінде қария мың жарымдай сөзді жаттап, ағылшын тілінің бірінші деңгейінен өтті.  «Тіл үйрену – бүгінгі күннің басты талабы. Егер қызығушылық болса, білім алу жас талғамайды. Үйде немерелерім бір-бірімен ағылшынша сөйлеседі. Оны мен түсінбеймін. Сондықтан, тілге деген қызығушылығым оянды. Әкімдікте тегін үйрететін мекеме де бар екен. Бардым. Алғашқы курсты бітірдім. Қазір үйде немерелеріммен ағылшынша сөйлесетін кездеріміз көп», – дейді қария. Кентау қалалық тілдерді оқыту орталығының директоры Ақмарал Өтепбаева Құрманбек ақсақалды топтағы үздіктердің бірі дейді. «Атамыз сабаққа оффлайн қатысып, ағылшын тілін нөлден бастап үйренді. Қарапайым фразалар мен ережелерді, оқу және жазуды меңгерді. Қазір ағылшынша қойылған сұрақтарға өз бетінше жауап бере алады. Ол кісі тіл үйренушілердің ішіндегі ең белсендісі, тәртіптісі бола білді. Аптасына үш рет болатын сабақтан бірде-бір рет қалған емес», – дейді ол. Қазір ақсақал ағылшын тіліндегі сөздерді құрап оқи алады.