Облыстық әкімдік ойынхана ғимаратына орналаса ма?
Облыстық әкімдік ойынхана ғимаратына орналаса ма?
324
оқылды
Кешелі бері әлеуметтік желілерде қайта құрылатын Алматы облысы әкімдігінің ғимараты Қапшағай қаласындағы ойынханалардың біріне орналасады деген ақпарат тарады. Осыған қатысты ақпараттың қаншалықты рас екенін білмек болып Алматы облысы әкімдігіне хабарластық. Әкімдіктің өкілі бұл сөзді теріске шығарды. – Бұл ақпарат шындыққа жанаспайды. Яғни қауесет сөз. Қазір облысты бөлуге қатысты жұмыс комиссиясы құрылды. Олар бүгінгі таңда қажетті барлық шараларды қабылдауда. Соның бірі Қапшағай қаласынан облыстық әкімдікке лайық ғимарат іздеуде. Бірақ әлі нақты табыла қойған жоқ. Қарастырылып жатыр, – деп жауап берді Алматы облысы әкімінің баспасөз хатшысы Руслан Сарсеев. Айта кетейік, бұған дейін Президент тапсырмасына сәйкес Алматы облысын екіге бөліп, Жетісу және Алматы облысы етіп қайта құрылатыны белгілі болды. Осыған қатысты жақында Облыстық мәслихаттың сессиясы өтіп, ол жерде қазіргі облыс аумағы екіге қалай бөлінетіні нақтыланған еді. Сол шешімге сәйкес Жетісу облысының аумағында 352 (үш жүз елу екі) елді мекені бар 8 аудан және 2 қала қалады. Орталығы Талдықорған қаласы. Ал, орталығы Қапшағай қаласы болатын Алматы облысының аумағының құрамына 380 (үш жүз сексен) елді мекені бар 9 аудан және 1 қала кіреді.