Жаңа кітаптың тұсаукесері өтті
Жаңа кітаптың тұсаукесері өтті
645
оқылды
Алматы қаласында Ә.Х. Марғұлан атындағы археология институтының ұйымдастыруымен «Сырдарияның төменгі ағысындағы ежелгі егіншілер» ғылыми еңбектің тұсаукесері өтті. Кітапта Сырдарияның төменгі ағасында орналасқан Шірікрабат мәдениетінің (Бәбіш мола, Бұланды) ескерткіштеріне 2007-2019 жылдары жүргізілген археологиялық қазба-зерттеу жұмыстарының нәтижелері баяндалады. Ғылыми еңбекті тарих ғылымдарының кандидаты, Ә. Марғұлан атындағы Археология институтының бас ғылыми қызметкері Жолдасбек Құрманқұлов, ерте темір дәуірі археологиясы бөлімінің жетекшісі  Жанболат Утубаев және Мәскеу қаласындағы Шығыс музейінің аға ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты Сергей Болелов сынды белгілі ғалымдар бірлесіп дайындады. Тұсаукесер форматындағы дөңгелек үстел Қазақстан ғылымы күніне арналды. Жиынды ашқан қазақстандық белгілі археолог-ғалым Жолдасбек Құрманқұлов ескерткіштердің зерттелу тарихы мен Шірікрабат мәдениеті жайлы кеңінен таныстырды. «Қызылорда облысындағы ежелгі антикалық қалалардың бірі – Шірікрабат мәдениетінің елді мекені Сырдарияның төменгі ағысында б.з.д. I мыңжылдықтың екінші жартысында Хорезммен қатар мемлекеттік жүйеде өмір сүрді. Сақ дәуіріндегі елдімекен тұрғындары климат ерекшелігіне қарай егін егу шаруашылығын меңгерді. Саз, құм және сабан қоспасынан иленген қыш кірпіштерінің арасынан дәндердің көп түрлері табылды. Яғни, бұл сол кезеңде  Сыр өңірінде қала мәдениетімен қатар, егін шаруашылығы дамыған өркениет орталығы болғанын айғақтайды» – деп атап өтті ол. Сыр өңірі анау тас ғасырынан берігі жаңа заман тарихы тұнып тұрған өлке. Сырдария өзенінен төрт көне арналар бөлініп шығады. Олар - Іңкәрдария, Эскідариялық, Жаңадария және Қуаңдария. Соның ішінде ең көнесі Эскідариялық арнасынан тас дәуірінің тұрақтары табылса, Іңкәрдарияда неолит және қола дәуірінің ескертіштері орналасқан. Ал Жаңадария арнасында ерте темір дәуірінің ескерткіштері, Қуандария арнасы бойында Жетіасар мәдениетінің ескерткіштері бой көтерген. Жалпы мазмұны 5 тараудан тұратын осы жаңа кітапта соларды жан-жақты зерттеу қамтылған. Бірінші тарау жалпы Сырдарияның төменгі ағысындағы ескерткіштердің зерттелу тарихына арналған. Екінші тарау және үшінші тарауларда Бұланды және Бәбіш мола ескерткіштерінің соңғы жылдардағы зерттеулері берілген. Ал, төртінші және бесінші тарауларында Бәбіш мола және Бұландыдан табылған керамикалар қарастырылған. кітап «Кітабымызға арқау болып отырған ескерткіштер Жаңадария бойында тіршілік еткен халықтарға тиесілі. Онда жалпы Шірікрабат мәдениетіне тән үлкенді-кішілі 200-ден аса ескерткіштер бар. Соның ішінде ірі ескерткіштердің саны 12–і. Қалғандары жекелеген қоныстар мен жерлеу орындары. Шірікрабат ескерткішін алғаш зерттеген Хорезм экспедициясының материалдары бойынша, ол қала астана болған деген тұжырымдар бар. Негізінен бұл ескерткішті соңғы жылдары  зерттеу барысында оның қала емес патша көсемдерін, абыздарды, жауынгерлерді жерлеген ғұрыптық орын болғандығын айтамыз. Оған негіз қоршау ішінде 6 патша обалары, 4 мавзолей, 10 аса үйіндісі жоқ жерлеу шұңқырлары және 1 екі бөлмеден тұратын храм немесе мешіт тұрғызылғандығы. Ал үйдің орындары жоқ екендігін айтып кеткен жөн. Тек ескерткіштің оңтүстік бөлігіндегі цитадель ішінде әскерлердің уақытша тұрған орындары ашылды. Шірікрабат беделді адамдарды жерлеген пантеон болған. Ал Бәбіш мола қалашығы Сырдария бойындағы сақтардың қала орталығы немесе астанасы болған. Қаланың цитаделі бар және кіре берісінде әскери бекінісі орналасқан. Қаланың жан жағында егістік алқаптарға суландыру жүйелері тартылған. Осындай егістік алқаптарды жағалай жекелеген елді мекендер жайғасқан. Сонымен қатар осы өлкеден жалпы көлемі 1,5 га болатын қыш өндіретін орталығы бар қоныс ашылды. Қоныстан 11 қыш күйдіретін пеш және шеберханалары мен тұрғын үйлері табылды. Бұл қыш өндіретін қоныс Орта Азия бойынша алғашқы қыш өндірісі орталығы болып саналады» – деді Жанболат Утубаев. Іс-шараға еліміздің және Орталық Азияның археология саласындағы көрнекті ғалымдары, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Абай атындағы ҚазҰПУ, сондай-ақ Мемлекеттік орталық музейінің мамандары қатысты.