88 жастағы зейнеткерді тонаған күдікті ұсталды
88 жастағы зейнеткерді тонаған күдікті ұсталды
260
оқылды
Астанада тәртіп сақшылары 88 жастағы зейнеткерге шабуыл жасаған қарақшыны ұстады, - деп хабарлайды елордалық Полиция департаментінің баспасөз қызметі. Криминалдық полиция қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шаралары барысында қарақшылық шабуыл жасады деген күдікті азаматты ұстады.
"Түнде белгісіз ер адам 88 жастағы қарияның есігін қағып, ашуын сұраған. Қария есікті ашқан сәтте ер адам оны ұрып, тонай бастаған", - деп хабарлады полицейлер.
Қарақшы қарияның алтын сақинасын шешіп алған және бөлмені мұқият қарап тағы бір алтын сақина алып шыққан. Тергеу барысында қаскүнемнің Затаевич көшесінде жалға берілетін пәтерді жалдағаны анықталды.
"Қарама-қарсы пәтерде жалғыз адам тұратынын біліп, қасақана барған. Елорда полицейлері 28 жастағы күдіктіні ұстады. Ол алтын бұйымдарды ломбардқа тапсырып үлгерген. Бұған дейін оның ұрлық үшін сотталғаны анықталды", - деп түсіндірді баспасөз қызметі.
Ұсталған азамат Нұр-Сұлтан қалалық полициясының уақытша ұстау изоляторына қамалды.