Басшылар халыққа жақындай түседі
Басшылар халыққа жақындай түседі
252
оқылды
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық ат­қарушы органдар басшыларының халықпен кездесулерін өткізу туралы Жарлыққа қол қойды. Бұл құжат қа­зақ­стандық қоғамды одан әрі демократияландыру, ха­лық­тың елде жүргізіліп жатқан реформалар туралы хабар­дар болуын арттыру, атқарушы органдардың ха­лық алдын­да­ғы жауаптылығы мен есептілігін кү­шейту, мемлекеттік басқару процесіне халықты кеңінен тартуды мақсат етеді. Сәйкесінше Орталық атқарушы органдардың басшылары жыл бойы халықпен тұрақты кездесу өткізетін болды. Ведомство басшыларының халықпен кездесуінің кестесін Қазақстан Үкіметі бекітеді. Сондай-ақ белгілі бір салада жағдай ушыға түссе6 кестеден тыс кездесулер ұйымдастырылады. Жар­лықта кездесулерден онлайн-трансляциялар, бейне­конференц байланыс ұйымдастыру жайы қарас­тырылған. Халықпен кездесулер шеңберінде аза­маттарға жеке қабылдау жүргізіледі. Мұндай кездесулерге барлық деңгейдегі әкімдер қатысу міндеттеледі. Олар өз құзыреті шеңберінде ведомство басшыларының халықпен кездесулерде көтерген мәселелерін шешуге атсалысады. Орталық атқарушы органдардың бірінші басшыларымен бірге олардың орынбасарлары, комитет төрағалары ха­лықпен тұрақты кездесіп тұрмақ. Бұған дейін Президент дәл осындай мазмұндағы «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлыққа да қол қойған еді. Өз кезегінде мұндай құ­жаттар Президенттің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асыруды көздейді.