Елордадағы Ұлттық академиялық кітапханада Халықаралық түркі академиясының ұйымдастыруымен «Мұстафа Шоқай мұрасы отандық және шетел ғалымдарының зерттеулерінде» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Іс-шараға халықаралық Түркі академиясының президенті, тарих ғылымдарының докторы Дархан Қыдырәлі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Мәмбет Қойгелді, филология ғылымдарының докторы Дихан Қамзабекұлы, тарих ғылымдарының докторы, профессор Гүлжаухар Кокебаева, Парламент Мәжілісінің депутаты Айдос Сарым, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы Зиябек Қабылдинов, «Мұстафа Шоқайтану» ғылыми-зерттеу орталығының ғылыми жетекшісі Әбдіжәлел Бәкір және басқа да алаштанушы, шоқайтанушы ғалымдар мен зиялы қауым өкілдері қатысты.
Алқалы жиын көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, Алаш арысы, Түркістан автономиясының жетекшісі Мұстафа Шоқайдың қайраткерлік өміріне, саяси-қоғамдық қызметіне арналды. Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі Түркістан идеясының өміршеңдігін айтып, Шоқай еңбегінің еш кетпегенін жеткізді.
«Мұстафа Шоқайдың арманы орындалды. Себебі Түркістанда тәуелсіз мемлекеттер орнады және Түркістан идеясы мен түркі ынтымақтастығы үлкен бір белестен асты. Демек, оның идеясы өміршең. Шоқайды әлі көбірек насихаттау керек. Мұрағаттағы құжаттарды, шетелдегі жәдігерлерді зерттеу керек. Бүгінде Польшадағы еңбектерінің біразы елге әкелінді. Әлі де көп. Барлығын жинақтап, зерттеп, «Шоқайтану» орталығына айналдыру қажет деп ойлаймын. Шоқайтанудың болашағы алда»,– деді Д.Қыдырәлі.
Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті, «Мұстафа Шоқайтану» ғылыми-зерттеу орталығының ғылыми жетекшісі Әбдіжәлел Бәкірдің айтуынша, Мұстафа Шоқайдың мыңнан астам мақаласы бар болса, оның 200-ден астамы тікелей Түркістан идеясына арналған. Алайда орыс тіліндегі 500, шағатай тіліндегі 200, түрік тіліндегі 21, француз тіліндегі 130, ағылшын, неміс, поляк, өзбек, грузин тіліндегі мақалалары аударылмаған.
Іс-шара аясында кітапханада Мұстафа Шоқайдың өмірі мен шығармашылығына арналған көрме ұйымдастырылып, шоқайтанушы-ғалымдардың ғылыми еңбектері, кітаптары мен баспасөз бетінде жарық көрген мақалалары, Ұлттық мұрағат қорындағы қолжазбалар көшірмелері және қайраткердің қолданған заттары қалың оқырманға ұсынылды.