Асқынған геосаяси ахуалдың бір екпіні қаржы нарығын, соның ішінде қазақстандық биржаны бір теңселтіп өтті. Әйтсе де, оған төтеп бере алдық. Ұлттық банк сирек қадамға барып, көк қағазды саудаға шығармай қойды. Ондағы сақтық – ресейлік компаниялар еншілес кәсіпорындары арқылы көтеріп алып кетер болса, ішкі айналымдағы доллар массасы азайып кетеді деген қауіп еді. Биржадағы сауда-саттықты да күніне бір-ақ рет өткізуі өз әсерін берді. дауылдан кейінгі тымық сол баяғы риторикалық сұрақты қайта көтерді. Депозитті қандай валютада ұстаған дұрыс?
Жалпы салым – 26 триллион
Елімізде екінші деңгейлі банктердің депозит портфелі жылдан-жылға көбейіп келе жатқаны байқалады. Былтырғы жыл қорытындысында бұл сома 20,7%-ға көбейген екен. Мұнда халықтың салым ақшасының үлесі басым. Мәселен, компаниялардың корпоративтік салым қаражаты 18,5%-ға көбейіп, 12,6 трлн теңгеге жеткен болса, халықтың депозиті 22,8%-ға өсіп, 13,4 трлн теңге болған. Осылайша, жалпы салым 26 триллион болып отыр. Бұл жыл соңындағы дерек. Содан бергі үш айда ол көрсеткіш тағы да көбейіп, халықтың жинағы 13 миллион 743 мың 217 теңгеге жетті.
Қаржы ұйымдары бойынша алар болсақ, салымшылар ақшаларын еліміздегі 22 екінші деңгейлі банктің 21-інде ұстап отыр. Олардың ішінде лидер – Отбасы банк. Бөлшек сауда секторында тұрғын үй жинағымен, яки қазақстандықтардың баспана мәселесін шешумен айналысатын қаржы институты былтыр салым қорын бірден 73%-ға көбейтіп алыпты, Осылайша, олардың депозит портфелі 1,9 трлн теңгеге жеткен. Екінші орында Jusan Bank – 59,7% өсіммен 1,5 трлн теңге. Былтыр бұл қаржы ұйымы алғашқы ондықтағы АТФ Банкпен біріккенін ескерсек, мұнда оның да ықпалы бар болуы мүмкін. Үздіктер үштігін «америкалық» Ситибанк Қазақстан бекітіп отыр. Корпоративті сегментте қызмет көрсететін бұл банк 30,1% өсіммен салым қорын 900,4 млрд теңге ақшаға толтырған.
Енді таза халықтың салымына келер болсақ, өңірлер арасында депозиті көп қала – Алматы шаһары. Мұнда аталған соманың 35%-ы шоғырланған. Екінші орында Нұр-Сұлтан қаласы (12%) және Қарағанды облысы (7%).
Ең дұрысы – пропорциялық әдіс
Доллар бағамы күрт жоғарылай жөнелгенде, депозит ұстаған жұрт қобалжып қалғаны рас. Тіпті, девальвация болады деген болжам да айтылды. Әйтсе де, реттеушілік шаралардың арқасында қаржы нарығы қайтадан сабасына түсті. Соның ішінде, Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 13,5%-ға дейін көтерсе, Үкімет тарапынан теңгемен салынған ұзақмерзімді депозиттерге 10%-дық сыйақы беру бағдарламасы іске асты. Ұлттық валютаның позициясын жоғалтпау мақсатында долларды сатпай қою, биржадағы сауда-саттықты күніне бір рет қана өткізу шешімдері тағы бар. Бұл уақытша әсер беретін шаралар екені рас. Бірақ девальвация қаупін сейілтіп отырған жоқ.
«Биыл жыл соңына дейін девальвация болады деп айту қиын. Өйткені бұған дейінгі теңгенің құнсыздануы валюта бағамын ұстап-ұстап тұрып, жіберіп қалғаннан болды. Ал қазір теңгенің бағамы бойынша бәрі айқын, оның өсуі де, түсуі де еркін дәліз аясында біртіндеп жүзеге асып жатыр. Ал таяудағы доллардың күрт көтеріліп, кейін қайтадан түскеніне келер болсақ, мұндағы мәселе, Ресейге салынған санкцияда жатыр. Біздегі салымшылар теңге күйрейді деген қорқынышқа бой алдырып, ақшасын шығарып алуға немесе долларға айырбастауға жанталасты. Бір үрейлі түрде тосу ахуалы орнады. Жұрт енді Ресейдің рублі бізге қарай құйылады да, олар доллардың бәрін сатып алады деп топшылады. Онсыз оған дейін де, теңге әлсіз болып тұрған болатын. Сондықтан да жұрт оған «дәстүрлі түрде» сенген жоқ. Бірақ күткен «теңгенің күйреуі» болмай қалды. Осылайша, айтарлықтай ештеңе өзгермеген соң, кейбір салымшылар долларын теңгеге қайтадан ауыстыра бастады. Олар бағам айырмашылығынан ұтты деуге болады», – дейді экономист Расул Рысмамбетов.
Маманның пікірінше, салым ақшаны жоқ дегенде екі валютада ұстаған дұрыс. Ол – теңге және доллар. Бұл тұста доллар негізінен жинақтаушы депозит екенін ескеру керек. Өйткені оның үстеме пайызы өте төмен. Ал теңге жинағы пайызбен өсіріп алуға және реті келгенде жұмсауға да ыңғайлы. Сондықтан 50/50 үлесімен сақтаған дұрыс. Болмаса, басқа валюталармен араластырып, әрқайсысын бірдей үлесте бірнеше «кәрзеңкеде» сақтауға болады. Атап айтар болсақ, АҚШ доллары, еуро, британ фунты, қытай юаны, жапон иені, швейцария франкі, кәріс воны сенімді валюталар саналады.
Теңге депозиті – түбі тесік шелек
Мамандар былтырмен салыстырғанда, жыл басынан бері брокерлік шоттар көбірек ашылғанын айтады. Бұл тренд – халықтың ақшаны сақтаудың баламалы жолдарын іздестіруде екенін білдіреді. Яки, салымшылардың депозитке деген сенімі төмендеген. Бірақ сонда да болса, классикалық жинақтау тәсілі әзірге ең көп сұранысқа ие қызмет түрі болып қала бермек. Мәселе, ақшаңды сақтау әрі көбейту шараларын сауатты жүргізе білгенде.
«Теңгемен жинақ ұстау, түбі тесік шелекке су құйғанмен бірдей. Оған қанша үстінен ақша қосқаныңызбен, ол уақыт өте келе өзінің құнын жоғалта береді. Яки, өте тиімсіз. Салыстырып қарайтын болсақ, долларлық депозиттің үстеме мөлшерақысы 9% шамасында болса, теңгеде ол 13-14%. Бұл тұста теңге депозитінен түсетін табысты инфляция жеп қоятынын ескеру керек. Мәселен, биыл инфляция 8-10% болады деп болжанды, ендеше теңге жинағының үстінен көретін табысыңыз 3-4% ғана болмақ. Бұл – өте тиімсіз. Себебі инфляция 8-10% деген ресми дерек қана, шындығында ол одан да көп болуы мүмкін. Сосын девальвация болып, жинағыңыз одан сайын құнсызданбасына кім кепіл? Ал доллар үстеме мөлшерақыдан бөлек, бағамы бойынша да өсіп отырады. Сондықтан да шетелдік тұрақты валюталарға таңдау түсірген дұрыс», – дейді экономист Оразбек Мырзақұл.
Долларға да долбар тән
Бұл тұста ескеретін бір жайт, жеке адамдар үшін теңгемен депозит ұстаған тиімсіз болуы мүмкін. Бірақ мемлекет пен ұлттық экономика үшін төл теңгеміздің позициясы мықты болғаны тиімді. Десек те, шешімді әркім өзі қабылдайды. Бұл біздің елімізде қаржылық еркіндіктің бар екенін білдіреді. Әйтсе де, мемлекет өз мүддесі үшін осы еркіндікті шектеуге мәжбүр. Сондықтан да оның реттеушілік функциясы көп ретте тыйым салу сипатына ие болып жатады. Мұндай шектеулер бірінші кезекте долларға қатысты.
«Интервенция әдісінің бүгінде ескіргені рас. Сондықтан да қазір Ұлттық банк гибридті тәсілге көшті. Бір тұста интервенция жасаса, енді бір тұста реттеушілік қатаң шектеулерді пайдаланады. Одан бөлек реттеушілік шектеулердің ең қатаң түрі – франкфурттық аукционды да қолданып жүр. Онда сауда-саттық күніне бір-ақ рет, онда да көп ретте алдын ала жазылу бойынша өткізіледі. Бұл тәсіл спекулятивті көңіл күйге жол бермеу тұрғысында өте дұрыс қадам. Осылайша, бүгін бағам өзгерсе доллар сатып алып, ертең түсе бастаса сатып жіберу азаяды. Компаниялар да айырбас процедураларын «жеті рет өлшеп, бір рет кесетін» болады», – дейді экономист Серік Мақашев.
Қаржы нарығындағы қатты тербелістер ел экономикасының әлсіздігін білдіреді. Бұл оның қатысушыларының көңіл күйіне тікелей теріс әсер етіп отыр. Мәселен, көрші елдегі жағдайдың салқыны бізге тиіп жатқаны, санкция өз алдына, олардың Visa и Mastercard жүйесінен бас тартқаны, есепшоттағы ақшаны шешіп алуға шектеу қойғаны – біздің экономикаға да теріс ықпалын тигізіп отыр. Соның салдарынан қазақстандықтар банктердің жұмысында тұрақсыздық пайда болуы мүмкін деп қорқып, бірінші кезекте ресейлік еншілес банктерден ақшасын шешіп ала бастады. Ал Ұлттық банк доллар бермей қойған кезде көптеген салымшылар ақшасын ала алмай қиналып қалды. Бұл жағын да ескерген дұрыс. Алдағы уақытта Ресейде шетелдік валюталардың айналымына тыйым салады деген болжам бар. Ал оның Қазақстан экономикасында қалай көрініс табатыны әзірге белгісіз. Сондықтан да экономика мен қаржы секторын тездетіп әртараптандырған жөн. Қалай болғанда да, ахуалдың құбылуы теңгенің соры болып отыр.