Кеңестік тоталитарлық жүйеде еңбек ведомствосының – Еңбек халық комиссариатының, кейін Әлеуметтік қамсыздандыру халық комиссариатының төрағасы «атылатын лауазым» саналатын. Бұл қыздыртпа қызыл сөз емес: еңбек-әлеуметтік наркомдардың көбі атылған. ІІ дүниежүзілік соғыстан кейін Қазақ КСР Әлеуметтік қамсыздандыру министрлерінің тірі қалу мүмкіндігі артты. Ал тәуелсіз Қазақстанда Еңбек министрі қызметі жақсы карьера жасауға жол ашты. Бұл лауазымды бір иеленген тұлғалардың көбі саясат сахнасында ұзақ жасайтыны байқалады.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 1996 жылғы қарашада осы аттас қос меморганды қосу арқылы пайда болды. Содан бері бұл ведомство елге оң не теріс жағынан танылған, қайткенде аты халыққа мәшһүр саясаткерлердің тұтас «жұлдызды» шоғырын шығарды: Наталья Коржова, Әлихан Бәйменов, Гүлжан Қарағұсова, Бердібек Сапарбаев, Гүлшара Әбдіқалықова, Серік Әбденов, Тамара Дүйсенова, Мәдина Әбілқасымова... Осы қатарға Серік Шәпкенов қосылды: ол да мансап сатысымен ары қарай өсіп отыр.
«Маневрлі жігіт»
Осыдан алты жылдай бұрын Шәпкеновтің кім екенін ел білмейтін, ол қарапайым ғана мемлекеттік инспектор болып жұмыс істеді. Ал 2016 жылдың жазында тосыннан Атырау қаласының әкімі болып тағайындалды. Серік – қала тарихындағы ең жас әкім ретінде қалды. Бұл орынтақта 1,5 жылдай ғана отырды, шаһар өмірін, өңі-бейнесін елеулі өзгертуге уақыты жетпесе керек. 2018 жылғы 28 маусымнан 2020 жылғы 4 маусым аралығында азғана мерзімге Атырау облысы әкімінің бірінші орынбасары болды.
Пандемия қарсаңында, 2020 жылғы 4 маусымда Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі атанды, келесі 2021 жылғы 18 қаңтарда министрліктің тізгінін қолына алды. Енді 2022 жылғы сәуірде Атырау облысының әкімі болды. Яғни, батысқа қайта оралды.
Еңбек жолынан көрінгендей, Серік Жамбылұлы бір лауазымда 1-2 жылдан артық тұрақтай бермейді. Министр әріптестерінің бірі әзілдегендей, «маневрлі жігіт». Бәлкім, аймақ басшысы орынтағында бәрі өзгеше болар.
Рейтинг неден хабар береді?
Ел Президенті қойған міндетке сәйкес, билік енді халыққа жақын болуы тиіс: Үкімет «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асырып жатыр. Осы орайда Ranking сарапшылары азаматтардың арыз-мұңына, шағым-өтінішіне мейлінше ден қоятын, мәселені шеше алатын министрліктердің рейтингін жариялады. Атап өтер жайт, бұрын түрлі рейтинг агенттіктері халық арасында сауалнама жүргізіп, шабылатын. Қазір көшеде әр адамның ізінен қуудың немесе үйіне қоңыраулатудың қажеті жоқ. Барлық дерек жедел түрде eGov порталында нақты графикалардан көрініс береді.
Өйткені қандай да бір министрдің блогына шағымданған азамат проблемасын нақты шешкеніне немесе өзгеге сілтеп, сергелдеңге салғанына қарап, оған төл бағасын сол жерде береді. Енді қараңыз: жап-жас, әбжіл, пысық министр басқарды деген Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі рейтингте аутсайдер қатарында тұр.
«Қазақстандағы 18 министрлік арасында азаматтардың өтінішімен жұмыс істеуде Ұлттық экономика министрлігі дараланып отыр: 2022 жылғы 4 сәуірдегі жағдай бойынша, ведомство өзіне қазақстандықтардан түскен 18,9 мыңдай сауалдың 99,9 пайызын өңдеп, жауап берген. Ел сөзіне елп ете қалатындар санатында, сондай-ақ ІІМ (99,7 пайыз) және Энергетика министрлігі (99,6 пайыз) бар. Аутсайдерлердің үштігіне БҒМ, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Цифрлық даму министрліктері кірді», – делінген Ranking талдауында. Еңбекмині С.Шәпкенов басқарып тұрған шақта жұртшылық өтінішінің тек 94,6 пайызына немесе 60,4 мың өтінішке ден қойыпты. Тағы 3,5 мыңдай арыз-шағым қараусыз қалған.
Әрине, «бұл мәселе біздің министрліктің құзырына жатпайды» деп жауап қатып, сонымен істі біттіге санайтындары да жетерлік. Сондықтан өтініштердің өңделіп, жауап берілуі ғана емес, сондай-ақ ол жауаптың арыз иесінің мәселесін шешуі аса маңызды. Мәселен, бірінші рейтингте алдына қара салмай, көш бастаған Ұлттық экономика министрлігі «азаматтардың берілген жауапқа қанағаттанушылығы деңгейі» бойынша 4-орынға түсіп қалды. Бұл рейтингте бірінші тұғырға Сыртқы істер министрлігі көтерілді: лайк не дизлайк басқан азаматтардың тек 29,3 пайызы жауап сапасы көңілінен шықпағанын аңғартқан. Ал алдыңғы рейтингте көш соңында қалған БҒМ осы тізімде үштікті тұйықтады.
Ендеше Еңбекмині де жауап беруге асықпағанымен, берген жауабын аса сауатты, жан-жақты, құнтты, сапалы түрде ұсынатын болар? Жоқ. С.Шәпкенов басқарған тұста министрлік шағымданушылардың бағасы бойынша тағы да аутсайдерлердің үштігіне кірді: соңынан санағанда Денсаулық сақтау министрлігінен кейінгі 2-орында тұр. Арыз иелерінің 38,6 пайызы дизлайк басыпты, мәселесі шешілмегенін айтыпты.
Әділдік үшін айта кеткен жөн, атауында халыққа қамқорлық ұғымы бар бұл министрлікке жүгінетіндердің үлкен бөлігі кредитін «жауып» беруді, мемлекет тарапынан әлеуметтік қолдау көрсетуді, жұмысқа тұрғызуды және басқа керегін сұрайды. Министрлік бұл істе заңға, қаптаған қағида-ережелерге бағынады. Қалтасынан ақша суырып, ұстата алмайды. Содан өкпелеген жұрт дизлайкпен дауыс береді.
Сонымен бірге салада шешілмеген көптеген проблема бар. Министр блогын кернеп тұрған хаттар содан хабар береді.
Ел неге «ереуіл атқа» ер салды?
Жыл басынан бері, 1 сәуірдегі жағдай бойынша еңбек инспекторлары 3,2 мыңнан астам жұмыскердің құқығын қорғапты. Олар 230 кәсіпорнындағы 4,4 мың жұмыскердің 866,4 млн теңгеден астам сомадағы жалақысы бойынша берешегі қордаланғанын анықтады. Орындалуы міндет 134 нұсқама беріп, 27 млн теңгеден астам сомаға айыппұл салды. Қабылданған шаралар нәтижесінде 3,2 мыңнан астам жұмыскердің құқықтары қорғалды. Оларға 752,7 млн теңге төленді.
С.Шәпкеновтің министрлік қызметі күрделі кезеңге тап келді, елді пандемиямен қатар экономикалық дағдарыс жайлады. Осы кезде елде жұмыскерлердің ереуілдері өршіді. Оның соңы «қасіретті қаңтар» оқиғаларына соқтырды. Кейбір сарапшы елде жасырын жұмыссыздықтың ушығуында, «жұмыскер-кедейлердің», яғни тапқаны тамағына әзер жететін еңбеккерлер үлесінің артуында министрліктің де айыбы барын айтады. Қазақстанда кәсіподақ қозғалысы күйреді, өз ұжымында тәуелсіз кәсіподақ құрмақ болған белсенділерді жұмыс берушілер қудалайды, жұмыстан қуады, тіпті қаматтырған. Осылайша, кәсіподақ аясында, яғни құқықтық өрісте заңды мүдделерін қорғау мүмкіндігінен айырылған әр сала жұмыскерлері былтыр жаппай ереуілге шықты, кейін қаңтардағы бүлікке қатысты. Халықаралық еңбек ұйымы және Human Rights Watch ұйымы Қазақстанда тәуелсіз кәсіподақ қозғалысының қыспақта қалғанын сынап жүр.
Демек, жаңа Еңбек министрі осы мәселеге баса назар аударғаны абзал. Әйтпесе, мұның өзі демократияның дамуына тұсау, тұрақтылыққа қатер.
«Қаралы қаңтар» оқиғаларына жұмыссыз жастар көп қатысты. Бұл мәселе де ушыға түскені байқалады. Әйткенмен, Серік Шәпкеновтің командасы Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау аясында жастарды жұмыспен қамту бағытында бірқатар шара қабылдады. Экс-министрдің өзі айтқандай, егер дұрыс бағдармен бағыттай алса, «ұлттың зияткерлік, инновациялық, еңбек әлеуетінің ұстыны» саналатын жастар өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуына жаңа серпін беріп, оң өзгерістердің катализаторына айнала алуы мүмкін. Дегенмен, жастарға, жас мамандарға өз әлеуетін толыққанды жүзеге асыруға нарықта жеткілікті жағдай жасалмаған. Министрліктерде, әкімдіктерде, ұлттық компанияларда танысы жоқ дарындар жұмыс іздеп, жұмыспен қамту орталықтарына жүгінеді, олар еңбек электронды биржасына жолдайды. Елде орнын таба алмаған таланттар мыңдап шетелге кетіп жатыр.
Жаңа министрге қандай мұра қалды?
Министрліктің есептерінде бәрі көркем: 2021 жылдың қорытындысында экономикалық белсенді жастар саны 1,9 миллионнан асты. Олардың 96,3 пайызы жұмыспен қамтылыпты. Бұл – әлемдегі рекорд! Бірақ мұндай деректің шындығына ел басшылығы да күмән келтірген болатын.
«Республикада жұмыссыздықтың жалпы деңгейі 4,9 пайыз болса, жастар жұмыссыздығы едәуір төмен – 3,7 пайыз немесе 73,3 мың адам ғана. 2020-2021 жылдары NEET (не оқығысы,
не жұмыс істегісі келмейтін) жастардың үлесі 7,1 пайыздан 6,7 пайызға дейін төмендеді, бұл ішінара білім беру және жұмыспен қамту саласындағы мемлекеттік жастар саясатының табысты іске асуының көрінісі», – деген еді С.Шәпкенов.
Оның мәліметінше, соңғы 5 жыл ішінде «Еңбек» мембағдарламасы аясында 1 миллионнан астам жасқа қолдау көрсетіліпті. Осы кезеңде олардың жартысы тұрақты жұмысқа орналасты. Елде «Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында «Жастар практикасы», «Алғашқы жұмыс орны», «Ұрпақтар келісімшарты» сияқты жастарды жұмыспен қамтуға жәрдемдесу құралдары қолға алынды. Президент тапсырмасымен, жастар практикасына және «Алғашқы жұмыс орны» жобасына қатысу мерзімі тиісінше 12 және 18 айға дейін, ал қатысушылардың жалақысы – 30 АЕК-ке (91 890 теңгеге) дейін ұлғайтылды. Жастардың кәсіпкерлік бастамаларын қолдау үшін ұлттық жоба аясында 10 мың жасты бизнес жүргізу негіздеріне оқыту, сондай-ақ жастардың бизнес идеяларын іске асыру үшін 10 мың қайтарымсыз грант беру көзделген. Биылғы жылдан бастап гранттар көлемі 2 есе, яғни 400 АЕК-ке немесе 1,2 млн теңгеге дейін ұлғайды.
Еңбекші жастарды қолдау да жаңа Еңбек министрінің еншісінде қалды.
Шәпкенов командасының бір жетістігі ретінде «Халықтың табысын арттыру бағдарламасын» қабылдауды айта кеткен жөн. Бұл құжаттың мән-маңызына Aiqyn газеті жеке сараптама арнады. Бағдарлама аясында жаңа жұмыс орындарын құру, халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу, еңбек ресурстарының дағдыларын жетілдіру және жастарды кәсіптік бағдарлау жұмыстары жүргізіледі. Алайда ол бағдарламаны ары қарай жүзеге асыру да жаңа министрге жүктелмек.
Қазір посткеңестік кеңістіктің бір бөлігінде басталған тайталас, батыстың Ресей және Беларуське қарсы ғаламат санкциялық соққылары көші-қон саласындағы ахуалдың нашарлауына соқтырып жатыр. Отандық кейбір сарапшы одақтас осы екі елден және Украинадан Қазақстанға келетін мигранттардың саны 3 миллион адамға жетуі мүмкін деп болжайды. Қазір көші-қон саласы да Еңбекминіне берілген. Мемлекет басшысының тапсырмасымен ведомство шетелдік жұмыс күшін тартуға квотаны 3- және 4-санат бойынша 4,7 мың адамға қысқартып тастады. Одан артық маман-жұмысшы алуға болмайды. Олай болса, енді шетелдік келімсектер арасында да жұмыссыздық өршуі ғажап емес. Жаңа Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министріне аса күрделі түйткілдердің түйінін тарқатуға тура келетінге ұқсайды.