Астық өңдеушілер одағының мәліметінше, Қазақстанда диірмендердің жартысы жұмысын тоқтатты. Ұн тапшы болса, нан бағасы қымбаттайды.
Елімізде бір жарым аптаға ғана жететін бидай қоры қалған. Астық өсірушілер мен өңдеушілер бидайды бөлісе алмай, дау туып жатыр. Егер бидай таусылса, барлық диірмен жұмысын тоқтатуға мәжбүр болады.
Бұрын диірменге бидайдың бір тоннасын 114 мың теңгеден сатып алса, қазір баға 160 мың теңгеге жеткен. Оның өзін де табу оңай емес. Бір тонна астық 160 мың теңге болса, ұнның құны қазірдің өзінде 224 000 теңгеге жетті. Бұл нарықтағы бағасы 235 мың теңгеге жеткенін көрсетеді.
«Қостанай облысында диірмендердің жартысынан астамы, Қарағанды облысында 15 диірмен жұмысын тоқтатты. Солтүстік Қазақстан, Павлодар облыстары мен Алматыда да диірмендердің басым бөлігі жұмыс істемей тұр. Біз, диірменшілер, екі-үш аптадан бері бидай сатып ала алмай отырмыз. Себебі ұсыныс жоқ. Осының нәтижесінде, ұн бағасы қымбаттайды. Қымбатшылықтан қашып құтылу мүмкін емес, себебі біз өндіретін өнімнің өзіндік құнының 85%-ы шикізатқа тәуелді» делінген Астық өңдеушілер одағы таратқан хабарламада.
Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Айдарбек Сапаровтың айтуынша, астық жеткілікті.
«БАҚ-та диірмендер астық жетіспеуіне байланысты жұмысын тоқтатқаны туралы ақпарат тарады. Астық тапшылығы жоқ. Бидай бәріне жетеді. 6,4 миллион тонна астық Қазақстан халқын ұнмен қамтамасыз етумен қатар экспортқа да жетеді», – деді ол.