«Ашық үкімет» рейтингі: ҚР Білім және ғылым министрлігі соңғы орында
«Ашық үкімет» рейтингі: ҚР Білім және ғылым министрлігі соңғы орында
410
оқылды
Ranking.kz-тің мәліметінше, республиканың 18 министрлігінің ішінде Ұлттық экономика министрлігі азаматтар жолдаған сауалдарға жауап қайтару және тұрғындармен кері байланыс орнату барысында ерекше көзге түскен. Соңғы статистикалық дерек бойынша, Ұлттық экономика министрлігі қазақстандықтардан келіп түскен өтініштердің 99,9%-не жауап қайтарған. Ал екінші және үшінші орында Ішкі істер министрлігі мен Энергетика министрлігі болды, олар азаматтардың 99,7% және 99,6%-не жауап берген. ҚР Білім және ғылым министрлігі кері байланыс орнату бойынша ең соңғы орында тұр. Министрлік тұрғындардан келіп түскен 42 мың сауалдың 34 мыңына ғана жауап қайтарған, шамамен 81,9%-не. Сондай-ақ, соңғы орындар үштігіне Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі (94,6%) және Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі (95,2%) кірді. Сауалдарға жауап қайтарудың санынан бөлек, жауаптардың сапасы да маңызды рөл атқарады. Мысалы, сауалдар мен жауаптар арақатынасы бойынша Ұлттық экономика министрлігі көш бастап тұрғанымен, азаматтардың жауапқа қанағаттану дәрежесі бойынша 4-ші орында. Сыртқы істер министрлігінің жауабына тұрғындар оң көзқараста. Министрліктің жауабына қанағаттанбайтындар 29,3%-ті құраған. Екінші орынды Төтенше жағдайлар министрлігі алды. Азаматтардың 29,6%-ті алған жауапқа көңілі толмайтынын айтқан. Тұрғындар сауалына жауап беру бойынша ең соңғы орынды алған Білім және ғылым министрлігінің жауабына қанағаттанбайтындар үлесі 30,1%-ті ғана құраған. Қазақстандықтардың көпшілігі Денсаулық сақтау министрлігінің берген жауабына көңілі толмайтынын айтқан. Жауапқа қанағаттанбау деңгейі  40,7%-ті құраған. Сондай-ақ соңғы орындар үштігіне Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі (38,6%) және Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі (38,5%) кірді. Үкіметтің ашықтығы бойынша әлемдік рейтингте Қазақстан 2021 жылы 139 мемлекет ішінен 84-орынға ие болды. 2020 жылғы рейтингте республика 128 елдің ішінен 81-ші орынды иеленген болатын. Аталған рейтинг заңның жариялануы, ақпаратқа қол жеткізу, Үкімет ұсынған ақпараттың сапасы және тағы да басқа көрсеткіштерге сүйеніп жасалады. ТМД елдері арасында Молдова, Украина, Қырғызстан және Ресейдің позициясы Қазақстанға қарағанда жақсы болды. Ал Өзбекстан мен Беларусь үкіметі ашықтығы жағынан Қазақстан Үкіметінен артта қалды. Рейтингте алғашқы үш орынды Норвегия, Дания және Финляндия үкіметі иеленді. Ал Мысыр елінің үкіметі ең соңғы орынға жайғасты.