Жыл басында болған қаңтар оқиғасы кезінде тәртіпсіздікке қатысқаны үшін 168 адам жазаға кесілді. Ішкі істер министрлігі Тергеу басқармасының бастығы Санжар Әділовтің айтуынша, қазір тергеушілерде 1 090 қылмыстық іс жатыр. Ауыр және аса ауыр қылмыстар бойынша 165 адам қамауға алынған.
315 күдікті қамаудан босатылған. Бұл бірінші рет қылмыс жасап, кінәсін мойындаған адамдар. 377 күдіктіге қатысты қылмыстық істі тергеу аяқталып, сотқа жолданған. Қылмыстық кодекстің 300-бабына сәйкес, 242 іс жолданып, 229 іс сотқа өткен. Әділовтің айтуынша, олар негізінен ұрлық жасаған – 196 адам, қаруды заңсыз айналымға түсірді деген күдікпен – 39 адам, тонау, ұрлық және ұсақ ұрлық жасады деген күдікке ілінген – 9 адам.
«Бүгінге дейін 168 адам сотталды. Оның ішінде гуманизм қағидаттарын басшылыққа ала отырып, толық өкіну және келтірілген зиянды өтеу бойынша қабылданған шараларды ескере отырып, 147 адам қоғамнан оқшаулаумен байланысты емес жазаға кесілді. Сотталғандардың кінәсі негізінен қылмыс болған жердегі бейнежазбалар, куәлар мен куәгерлердің айғақтары, сондай-ақ алынған заттай айғақтармен дәлелденген», – дейді Әділов.
Ал әзірге қалған қылмыстық істер өндірісте жатқан көрінеді.