«AMANAT» партиясы Алматы қалалық филиалының жанындағы Қоғамдық экологиялық кеңестің экологиялық бекеттер мәселесі жөніндегі жұмыс тобымен бірлескен отырысы өтті. Жиынға Парламент Мәжілісінің депутаттары, орталық мемлекеттік органдардың, Полиция департаментінің, Экология департаментінің, қалалық прокуратураның, Жасыл экономика басқармасының және басқа да мемлекеттік органдардың өкілдері, сарапшылар мен қоғамдық белсенділер қатысты.
Отырыста экологиялық бекеттердің тиімді жұмыс істеуі бойынша қолданыстағы нормативтік-құқықтық актілерге өзгерістер енгізу, автокөлікті техникалық байқау және жеке сервистік компаниялардың қызметін реттейтін нормативтер туралы мәселелер талқыланды.⠀
Жиын барысында кеңес мүшесі, KazEcoPotrol ҚҚ негізін қалаушы Тимур Елеусізов қатысушыларды «Таза ауа» акциясы аясында өткен тексеріс жұмыстарының қорытындысымен таныстырды. Экобелсенді Елена Ерзакович автокөліктердің экосанатын сәйкестендіру қажеттілігі туралы, соның ішінде экожобаларды белсенді қолдайтын ЕҚҚДБ (ЕБРР) және Азия Даму банкімен ынтымақтастық орнату туралы мәселе көтерді.⠀
«За рулем» журналының сарапшысы, қоғам белсендісі Андрей Тимофеев «Қазақстандағы техникалық байқауды кезең-кезеңімен жаңғырту бағдарламасының» жобасын ұсынды және қолданыстағы нормативтік-құқықтық актілерге өзгерістер енгізу туралы бірқатар ұсынысын айтты.⠀
Отырысқа қатысушылар аталған ұсыныстарды талқылап, мұнда айтылған талап-тілектердің барлығы Парламент Мәжілісінің тиісті комитеттеріне және уәкілетті орталық мемлекеттік органдарға жеткізілетін болды.