2021 жылы қазақстандық ғалымдардың ғылыми жобаларын экспорттаудан түскен табыс 346 млн теңгеден асты. Ғалымдар ғылыми жобаларды халықаралық нарыққа шығару арқылы қосымша табыс алады. Жобалар Қытай, Ресей, Түркия, Грузия, Чехия, Қырғыз Республикасы сияқты елдерге экспортталады. Мемлекеттік қолдаудың арқасында бүгінде қазақстандық ғалымдар шетелдік ғалымдармен бірге медицина, нано және биотехнологиялар, жасанды интеллект, геология, минералды және көмірсутекті шикізатты өңдеу, ауыл шаруашылығы өнімдерінің қауіпсіздігі және экология саласындағы заманауи жобаларға қатысып жатыр. Ғылыми жобалардың арасында кобальт-57 радиоизотопы, жел және күн энергиясын өндіретін генераторлар, саңырауқұлақтарға қарсы препарат, медициналық, тағамдық және тұрғын үй-жайларды санитарлық тазартуға арналған биологиялық өнімдер, сүт сарысуы негізіндегі сусындар, пробиотиктер және тағы басқасы бар. «Соңғы 2 жылда 130-ға жуық жоба қаржыландырылды. Қор – ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру бойынша жобаларды гранттық қаржыландыру операторы. Бүгінде біз ғылымды қажет ететін 120 өндірісті іске қостық, оның 15-і өнімін экспортқа шығарып үлгерді. Сонымен қатар 1,5 мыңға жуық жұмыс орны құрылды. Зияткерлік меншік авторлары мен ғылыми жобаларды пайдаланатын кәсіпорындар арасында 45 лицензиялық келісім жасалды», – деді ҚР БҒМ Ғылым қоры басқармасының төрағасы Арын Орсариев. Ғылым қорының қолдауымен «Антиген» ғылыми-өндірістік кәсіпорнының ғалымдары культуралдық вакцина өндіру технологиясын әзірледі. Бұл жоба үй және жабайы жануарлардың құтыру ауруының таралуын алдын алуға бағытталған. Бүгінде вакцина Грузияға жеткізілді. Микробиология және вирусология институтының ғалымдары сарысу негізіндегі тағамдық құндылығы жоғары отандық сусын шығаруды қолға алды. Сусынның бүйрек пен бауырды жақсартады, сондай-ақ бүкіл ішектің жұмысына оң әсер етеді. Сонымен бірге ревматизмдегі қабынуды азайтуға көмектеседі, гипертония кезінде қысымды қалыпқа келтіріп, атеросклероз қаупін азайтады.