Нұр-Сұлтан қаласында ұзаққа созылған қыс мезгілі аяқталып, абаттандыру маусымы басталды. Астанада әдетте жылыту маусымы шамамен 8 айға созылады. Қазір қаланың барлық ауданында тазалау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қала әкімі Алтай Көлгінов Instagram парақшасында жолды жөндеу және салу, сондай-ақ абаттандыру жұмыстары туралы жазды.
«Негізгі бағыттардың бірі – жол салу және жөндеу. Бүгін қаланы аралау барысында тұрғындар жиі жүгінетін бірнеше орынға бардым. Мәселен, А.Бектұров, Мұхамедханов, Қ.Қайсенов, Қабанбай батыр көшелері, Венский квартал, Zam Zam тұрғын үй кешендерінің ауданы, Binom мектебі және тағы басқалары. Қала тұрғындарының шағымдары орынды. Жол жөндеу жұмыстары елорданың барлық ауданында жүргізіледі. Бірінші. Жөндеу жұмыстары жүргізілетін көшелердің тізіміне адам көп жүретін, жаңа әлеуметтік нысандар (мектеп және т.б.) орналасқан, сондай-ақ салынып жатқан аудандарды қосуды тапсырдым» деп жазды әкім.
Құрылыс жүріп жатқан аудандарда алдымен инженерлік желілер салынады, содан кейін барып қана негізгі асфальт төселеді. Ал оған дейін жүруге жарайтын уақытша жол болады. Сонымен қатар елді мекендерде ел астанасы болғалы асфальт көрмеген жолдар бар. Бүгінде 300 көшені жөндеу көрген.
Әкім негізгі бағыттарды атап қана қоймай, қала тұрғындарымен байланыс та нығая түсетінін жеткізді.
«Өздеріңіз білетіндей, былтыр біз Birge платформасын іске қостық. Бұл платформаға тұрғындар қаланы түрлі бағытта дамыту бойынша ұсыныстар жібереді. Сол сияқты жобаларға дауыс беріп, олардың арасындағы ең жақсысын таңдайды. Үздік жобалардың бір бөлігін біз іске асырдық. Қала тұрғындары Birge платформасы арқылы жол инфрақұрылымы мәселелеріне қатысты жүгіне алады. Сол сияқты әкімдіктің, оның ішінде аудандық әкімдіктердің әлеуметтік желілері арқылы да жүгінуге болады. Өз кезегінде мамандарымыз зерттеп, тиісті шаралар қабылдау үшін жұмысқа алатын болады.
Төртінші. Жоғарыда айтылғандарды ескерер болсақ, тиісті басқарма мен жол ұйымдарына жауапты әрі ауыр міндет жүктеледі. Климаттық жағдайларға байланысты қаламызда абаттандыру уақыты қысқарады. Тиісінше, созылып жүруге әрі сапасыз жұмысқа жұмсайтын уақыт жоқ. Жол жөндеу жұмысы өте сапалы орындалуы тиіс. Сапасыз жұмыстарды қабылдамаймыз. Ал тиісті деңгейде орындалмаса, сотқа береміз, олқылықтарды өз есебінен жөндейтін болады», – деп жазды елорда әкімі.