Шардарада балық қырылып жатыр
Шардарада балық қырылып жатыр
666
оқылды
Әлеуметтік желілерде Түркістан облысына қарасты Шардара су қоймасында балықтардың жаппай қырылып жатқаны туралы бейнежазбалар тарады. Онда жағалауда өліп жатқан майшабақтар көрсетілген. Тіпті, кейбірі өлімсіреп, әл үстінде жатқан балықтардың денесінде жаралардың бар екені байқалады. Аталған мәселеге орай Арал-Сырдария облысаралық бассейндік балық шаруа­шылығы мен Түркістан балық инспекцияларының мамандары жауап берді. Олардың айтуынша, мөңке және сазан балықтары мен шабақтардың қабыршақты жамылғыларында өзгерістер пайда болған. Балық инспекторлары мен қорықшылар өлген шабақтарды жинап алып, оларды жою жұмыстарын жүргізіп отыр. ЭГТРМ Балық шаруашылығы комитетінің баспасөз хатшысы Аслан Жеңіс­ұлы Шардара қаласы бойынша ветеринария қызметі зерттеу үшін шабақтардың сынамасын алғаны туралы хабарлады. Ол: «Арал-Сырдария облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы олардың қырылу қаупі және өлімі анық­талған кездегі өзара іс-қимыл схемасына сәйкес бүкіл мүдделі органдарға хабар беріп, Түркістан облысы бойынша Экология департаменті мен «Балық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы» ЖШС Арал филиалы су мен балықтан сынама алды. Балық­тарды көзбен шолып қарау кезінде шабақтардың қабыршақты жамылғысында өзгеріс бары белгілі болды. Балық инспекторлары мен қорықшылар салмағы орта есеппен 50-60 грамм болатын 4 келі шабақ жинады», – дейді. Ал Түркістан облысы бойынша балық инспекциясы бөлімінің бас маманы Марат Қарақұл шабақтардың өлуі жылдағы болатын қалыпты жағдай деп отыр. «Биыл өңірде қыс мезгілі болмағандық­тан, балықтардың иммунитеті төмендеп, көктемде көбі осындай өлімші халге тү­сіп жатыр. 10-15 күн ішінде судың астын­да көк шөп шықса, балықтар тіршілігі қалыпқа келеді. Табиғат пайдаланушыларға өлген балықтарды арнайы жерге апарып көмуге тапсырма бердік», – дейді бас маман. балық Айта кетейік, Шардара су қоймасы Түркістан облысы аумағындағы Сырдария өзенінде орналасқан. 1966 жылы салынған. Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 20 ақпандағы №18-04/120 бұйрығына сәйкес, Шардара су қоймасы халықаралық маңызы бар су қоймалары тізбесіне енгізілген. Су қоймасы 4 учаскеге бөлінген және кәсіпшілік балық аулауды жүргізу үшін төрт пайдаланушыға бекітілген. Осы тұста осынау су қоймасында заңсыз балық аулаушыларға тосқауыл болмай тұрғанын да атап өткен жөн. Қазір балықтардың уылдырық шашатын кезі екеніне қарамастан, браконьерлер бұл талаптарға бағынбай келеді. 20 мамырға дейін балық аулауға тыйым салынған. Соған қарамастан рейдтік шара кезінде жергілікті тұр­ғын­дардың әлі де ау салып жатқаны анықталған. Тексеру барысында заң бұзушыларға қатысты 65 әкімшілік хаттама толтырылып, 7 қылмыстық іс қозғалған. 4,5 млн теңге көлемінде шығын келіпті. Инспекторлар тұр­ғын­дардың заңды дұрыс білмеуінің кесірінен жиі осындай заңбұзу­шылықтарға баратынын айтады. Су қорықшыларының браконьерлермен тамыр-таныс болуы да мүмкін екенін айтады. «Су қорықшылары да, заңсыз балық аулаушылар да осы аумақтың азаматтары. Таныс болған соң көңіл­жық­пастыққа, тамыр-таныстыққа жол беріп жатады. Тыйым салынған кездері қармақпен балық аулаған жағдайда Әкім­шілік құқықбұзушылық туралы кодекс­тің 383-бабына сәйкес жауапкершілікке тартылып, 10 айлық есептік көрсеткіштен 20 айлық есеп­тік көрсеткішке дейін айыппұл салынады. Ал токпен немесе шанышқы­мен балық аулағандар қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын ұмыт­пауы тиіс», – дейді Арал-Сырдария балық шаруашылығы бассейні Түркістан облысы бойынша инспекциясы бөлімі басшысының орынбасары Мейіржан Өміралиев.

Шымкент қаласы