Мигранттарға жұмыс істеуге рұқсат берілді
Мигранттарға жұмыс істеуге рұқсат берілді
251
оқылды
Нұр-Сұлтан қаласы аума­ғында жұмыс істеуге 6 117 шетел азаматына рұқсат бе­рілді. Аталған рәсім халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы жүзеге асырылады. Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаменті Көші-қон қызметі басқармасының басшысы Арман Баймұхаметтің айтуынша, егер шетел азаматы Қазақстанда болу тәртібін 10 күннен артық бұзса, әкімшілік хаттама толтырылып, іс сотқа жіберіледі. Соттың ше­шіміне сәйкес, ол азаматқа 25 АЕК көлемінде айыппұл салы­нады немесе елден шығарылады. Сондай-ақ Қазақстанға 30 күннен артық уақытқа келген шетел аза­маттарына уақытша тұру мүм­кіндігі рәсімделеді. Олар жұ­мыс­пен, оқумен, кәсіппен келуі мүм­кін. Жыл басынан бері елордада 9 мыңнан астам өтінім рәсімделіп, рұқсат берілген. Сондай-ақ Полиция депар­таментінің өкілі елордаға жұмыс іздеп келетін шетел азаматтарына құлаққағыс жасады. «Нұр-Сұлтан қаласына келіп жұмыс істегісі келетін шетел аза­маттары барлық сұрақ бойынша халыққа қызмет көрсету орта­лығына жүгіне алады. Ол жерде сақтандыру полисін рәсімдеу, саусақ ізін алу және басқа жеке деректер тіркеледі. Жыл басынан бері халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы 6 117 шетел азаматына еңбек етуге рұқсат берілді. Одан бөлек, сырттан келетін еңбек мигранттарының тұрғылықты жері де есепке алы­нады», – дейді Арман Баймұхамет. Спикер ұсынған статистикаға сәйкес, 2022 жылдың 3 айында 56 мың шетел азаматы елордада тұр­ғылықты жерін рәсімдеген. Со­нымен қатар 24 мың шетелдік тұр­ғылықты жерін ауыстырған.