Шетелге капиталдың жылыстатылуы жөнінен Қазақстан әлемдік «жиырмалыққа» кірді. Фирмалар банктерден 1,73 триллион теңгені шешіп алған. Оның кейін қайда кеткенін айқындау қиын, себебі электрондыға қарағанда сөмке-шабадандар толы шытырлаған қаржының қозғалысын қадағалау күрделі. Банктер де «күдікті транзакциялар» көбейіп кеткенін айтып, дабыл қағып жатыр: олардың 179 хабарламасы негізінде 21 қылмыстық схема ашылған. Салада не болып жатыр? Ел басшылығының шетелге әкетілген капиталды қайтару тапсырмасының орындалуына не кедергі?
Күрес тетіктері күшейтілді
Таяуда, 6 сәуірде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Бас прокурор Берік Асыловты қабылдағанда басты бір тақырып ретінде шетелден активтерді қайтару ісі бойынша қолға алынған шаралар талқыланды. Бас прокурордың мәліметінше бүгінде резонанс тудырған қылмыстық істер бойынша күдікті-фигуранттардың қылмыстық жолмен жинаған капиталды елден жасырын әкетуі деректерін анықтау үшін осыған жол ашқан схемаларға талдау жасалады. Дереккөздерден белгілі болғандай, заңсыз жылыстатылған капиталды оралтуға бірнеше орган жұмылдырылған көрінеді, оның арасында Бас прокуратура, Антикор, Қаржылық мониторинг агенттігі бар.
Ел ішіндегі қаржы қозғалысына да бақылау күшейтілген. Қаржы мониторингіне жататын операциялар туралы хабарлама беруге міндетті «Қаржы мониторингі субъектілерінің түрлері» айқындалды. Ондағының бәріне «қылмыстық жолмен алынған кірістерді жылыстатуға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл мақсатында» ішкі бақылауды ұйымдастыру міндеті жүктелген. Қазір тіпті валюта айырбастау пункттерінің өзі ірі көлемде валюта сатып алған адамдардың дерегін тиісті орынға ұсынып отырады. Клиентті идентификациялау шаралары қабылданатын көрінеді. Сондай-ақ «күдікті операцияларға» не жататынын анықтау үшін олардың нышан-белгілері нақты айқындалды. Ол критерийлер қатып қалған дүние емес, соңғы үрдістерді, әшкереленген схемаларды ескеріп, тұрақты негізде өзектендіріледі.
Бұл жөнінде «Кірістерді жылыстатуға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл саласын дамытудың 2022-2026 жылдарға арналған» жаңа тұжырымдамасы жобасында атап өтілген.
Банктер күдікті тұлғалармен немесе компаниялармен істес болудан бас тартады, олардың есепшот ашу, ақша шешіп алу, ақша аудару және басқа өтініштерін қанағаттандырмайды. Талаптың күшейтілуі нәтижесінде 2018 жылдан бері бас тарту деректерінің саны 3 есеге артқан. Қолданыстағы іскерлік қатынастарды доғарудың 2018 жылы – 496, 2019 жылы – 1 089, 2020 жылы 1 538 дерегі тіркелген. Бұдан бөлек, іскерлік қатынас орнатудан бас тартудың 2018 жылы – 451, 2019 жылы – 1 293, 2020 жылы 1 196 дерегі белгілі болды.
Қылмыстық ақшаны қолма-қол қаражатқа айналдырудың жолын кесу үшін банктерге арналған «Қауіпті тұлғалардың бірыңғай тізілімі» (Унифицированный реестр рисковых лиц) жасалды.
Күдікті және сомасы шекті шамадан асқан қаржылық операциялар туралы барлық ақпарат жабық байланыс арнасымен тікелей қаржылық барлау органына жіберіледі. Тек 2021 жылдың өзінде 2 мыңнан астам субъект сондай операциялар жөнінде хабарлама жолдапты.
Қаржылық мониторинг агенттігінің дерегінше, қазіргі уақытта лас қаражатты «тазалауға» қарсы күрестің қажетті инфрақұрылымы түзілді. Келіп түскен хабарламаларға терең әрі кешенді талдау жүргізу үшін заманауи компьютерлік жабдықтардан, озық бағдарламалардан тұратын инфрақұрылым іске қосылды. «Бірыңғай ақпараттық талдамалық жүйе» құрылды: ол қаржы және қаржылық емес сектор ұйымдарынан тоқтаусыз, лек-легімен «құйылатын» хабарламаларды онлайн режимде алуға, талдауға және сақтауға мүмкіндік береді.
Атап өту керек, жыл сайын қаржылық барлау құрылымдарына 1–1,7 миллионға (!) дейін хабарлама келіп түседі.
Ел қазынасын талан-тараж етушілерге күреске жұмылғандар үйлесімді жұмыс істемесе, бәрі бекер. Қаншама жемқор ондаған миллиард қаржыны қалтасына басып, шетелге тайып тұрды. Бұл ретте құқық қорғау органдарының қаржылық барлау материалдарын пайдалану тиімділігі жыл сайын артып келеді екен. Қаржылық барлаушылардың анықтаған маңызды ақпаратын құқық қорғау органдарының пайдалану үлесі 2017 жылғы 37,8%-дан енді 52,6%-ға дейін өскен.
Қазақстанның құқық қорғау органдары әлемнің 160-тан астам қаржылық барлау органын біріктіретін «Эгмонт» тобының қорғалған желісін белсенді пайдаланады. Соңғы 3 жылда шетелдік қаржылық барлау құрылымдарына Қазақстаннан 800-ге жуық сұраныс жолданды. Өз кезегінде шетелден 300-ге жуық сұраныс түскен. Қазақ еліне мұндай құпия ақпарат алмасуда әсіресе, Ресей, Түркия, Кипр, Латвия, АҚШ, Беларусь, Нидерланд, Қырғыз Республикасы, Өзбекстан және Гонгконг белсенді.
Негізі, Қазақстаннан қанша миллиард қаржы шетелге әкетілген? Бұл сұраққа дәл жауап тіпті құзырлы органдарда да жоқ деседі. Tax Justice Network халықаралық ұйымының дерегінше, соңғы 20 жылда Қазақстаннан тек офшорлық аймақтарға ғана 160 миллиард доллар жылыстатылды. Отандық сарапшылардың бағалауынша, тәуелсіздік жылдарында республикадан 200 миллиард доллар шығарылған.
Халықаралық рейтингтерге сәйкес, Қазақстан капиталдың тұрақты түрде шетелге жылыстатылуы жөнінен әлемдегі 20 елдің қатарына кіреді.
Пандемияға дейінгі кезеңде мемлекет бүкіл соманың тек 90 миллион (миллиард емес) долларын ғана қайтартқыза алғаны айтылды.
Неге жылыстатылған қаражатты оралту сонша қиын? Әлде бұл құзырлы органдардың қырсыздығынан ба?
Қаржылық мониторинг агенттігінің түсіндіруінше, заңсыз жолмен алынған активтерді шетелден қайтару ісі бірқатар проблемамен астасып жатыр.
«Біріншіден, бірқатар шет мемлекеттердің құзыретті органдарының құқықтық көмек көрсету туралы сұрауды орындау мерзімі жарты жылға дейін созылады. Екіншіден, активтер әкетілген мемлекеттер оны қайтаруға әрдайым жәрдемдесе бермейді: ел қаржысын ұрлаған қылмыскерлерді ұстап беру, шоттарға тыйым салу, коррупциялық активтерді тәркілеу және кері қайтару мәселелерін саясиландырады. Қазақстанда ұрланған біраз актив шет елдерде анықталды және бұғатталды, соған қарамастан, Қазақстанға оның мардымсыз көлемі ғана қайтарылды. Үшіншіден, заңсыз қаржы ағындарының көлемін есепке алудың әдістемесі әлі күнге жоқ», – деп түсініктеме берді ведомство.
Мұның сыртында халықаралық ынтымақтастықты жолға қою мәселесі де, активтерді қайтару жөніндегі жұмысты ішкі ұйымдастыру ісі де жетілдіруді қажет етеді, тәсілдері ескірген, жұмыс істемейді. Кірістерді жылыстатуға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл саласын дамытудың жаңа тұжырымдамасында осы және өзге проблемалар ескеріліп, оларды шешудің жолдары көрсетілген.
Жуырда Премьер Әлихан Смайылов Үкіметте осы тақырыпқа арналған жеке кеңес өткізді. Жиында капиталды шетелден елге қайтаруды ынталандыру және елімізден қаражаттың жылыстауына қарсы тұруға бағытталған шараларды күшейту жөніндегі ұсыныстар талқыланды. Үкімет басшысының өкімімен комиссия аясында 5 жұмыс тобы құрылды. Олар қаражатты жылыстату схемаларына талдау жүргізеді, сондай-ақ шектеу шараларын енгізу, шығарылған капиталды қайтару шараларын қабылдау үшін қажетті ұсыныстарды әзірлейді.
Үкімет тіпті қайтадан мүлік-капитал амнистиясын өткізуі де ықтимал. Сондай-ақ резидент еместерге, шетелдік компанияларға дивидендтер төлеу кезінде салықтық жеңілдіктерді жою (елден алған табысты әкетудің бір жолы осы), резидент емес өзара байланысты тұлғалар көрсеткен материалдық емес қызметтер бойынша шегерімдерді шектеу секілді шаралар қарастырылады. «Трансферттік баға белгілеу туралы» заңын жетілдіруге бағытталған нормалар әзірленді. Басқа да іс-шаралар көзделмек. Комиссия жұмысының қорытындысында пысықталып, құпталған ұсыныстар Президентке жолданады.