Күн сайын суицидке қатысты кемі бір ақпарат оқимыз. Әртүрлі ресурстардағы әріптестеріміз таратқан ақпаратқа сенсек, елімізде адамдардың өз-өзіне қол салуы жиілеп кеткен көрінеді. Тіпті әлем: «Суицидтен Қазақстан көш бастап, ТОП-10-дықтан түспей жүр» деп қол шапалақтап тұрғандай. Бұл бөркімізді аспанға лақтырып қуанатын жағдай емес. Ендеше неге сонша жырлап жүрміз? Әсірелеп айтатын әңгіменің анық-қанығына үңіліп көрдік.
Назарымызға іліккен осы мәселе Еуропалық Одақ пен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымын да алаңдатып отыр. Бұл туралы елордада өткен «БАҚ-тың суицидті жариялауы» атты панельдік сессияда айтылды. Мамандардың айтуынша, өз-өзіне қол салуды кеңінен жариялау адамдардың арасында суицидтік мінез-құлық қалыптастырады екен. Сондай-ақ жаман ақпараттың кеңінен таралуы және қаза тапқандардың туыстарынан сұхбат алу, суицидтік оқиғаның егжей-тегжейлі сипатталуы жағдайды қарапайым құбылыс ретінде қабылдауға итермелейді. Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы басқарма төрайымының міндетін атқарушы Жанар Қалмақованың пікірінше, журналистер мұндай оқиғаларды жариялауда үлкен жауапкершілік танытуы керек.
– Суицид статистикасын аса сақтықпен пайдалану қажет. Яғни, сенімді және шынайы ақпарат көздерін қолдану шарт, экспромттық комментарийлерге сенуге болмайды. Сондай-ақ «суицидтік эпидемия» немесе «әлемде суицид деңгейі жоғары орындамыз» сияқты тіркестерді қолданудан аулақ болайық, – деді Жанар Қалмақова.
Сарапшылар журналистер мен бас редакторларға арналған декларацияның жобасын ұсынып отыр. Онда кәсіби қауымдастықты БАҚ-та суицид туралы ақпараттарды егжей-тегжейлі айтпауға шақырды. Яғни, материалда өз-өзіне қол жұмсаудың орны, әдісі, себептері сияқты мәліметтерді ашпау керек. Себебі мұндайда суицидке бейім адамдар сипатталған істі әрекетке нұсқау ретінде қабылдайды. Бұл ғылымда «Вертер эффектісі» деп аталады екен.
БАҚ-тың бағдары белгісіз
Шыны керек, БАҚ-та суицидке қатысты статистиканы жариялауда бірізділік жоқ. Мысалы, «Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтері бойынша, Қазақстан өз-өзіне қол жұмсау саны бойынша әлемде 3 орында және Орталық Азия елдері арасында көшбасшы» деп хабар таратты «Астана ТВ» телеарнасы. Мұны көрген көрермен шошып, «шынымен солай екен ғой» деп иланары сөзсіз. Басқа бұқаралық ақпарат құралдары да айды аспанға бірақ шығарды. Бірі тәулігіне елімізде 10 адам өз-өзіне қол жұмсайды десе, «Хабар» арнасы: «Қазақстан әлемде жастар арасындағы суицид бойынша 4- орында, ересектер арасында 7- орында» дейді. Статистиканың әртүрлілігі күмән тудырып, әлемдік басылымдар мен дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегін қарағанымызда, Қазақстанның тек 2008-2010 жылдары ғана ондыққа кіргенін, одан кейін суицид көрсеткішінің төмендегеніне көзіміз жетті. Ал Ресей ақпарат құралдары бұл статистиканы ушықтырып беріп отыр. Жақында ғана Mk.ru сайты: «Қазақстан өз-өзіне қол жұмсау саны бойынша әлемде 3 орын алады» деп ақпарат таратыпты. Ендеше біздің БАҚ өкілдері статистиканың байыбына бармастан, көршімізден көпе-көрнеу көшіріп отырған жоқ па?
– Қазақстандық медиалардың көп жағдайда ақпаратты тексермей таратуы – ұзақ жылдар бойы келе жатқан дүние. Біздің ақпараттық кеңістіктің Ресей медиасына тәуелді екенін де мойындауымыз керек. Өйткені біз көрші Қырғыз Республикасында, Өзбекстанда болған оқиғаны Ресей медиаларына сілтеме жасау арқылы таратамыз. Күні кеше Демоскоп орталығының қазақстандықтардың Ресей пропагандасының әсерінде екендігі туралы зерттеуі шықты, – дейді фактчекер-журналист Думан Смақов.
Бүгінгі медианың суицид туралы ақпарат таратқанда жіберетін қателіктері де жоқ емес. Басты бетке қайтыс болған жанның суретін беріп, айғайлатып тақырып қояды. Сот шешімі шықпастан қорытынды жасап, оқырманның талқысына салып, сенсация жасайтындары да бар. Психолог Лимана Қойшиеваның айтуынша, суицид жайлы ақпаратты естіген адам бастапқыда қорқып, таңғалғанымен кейін еті үйреніп кетеді. Салдарынан қоғамда суицид жасау саңырауқұлақша қаптайды.
– Адамдар ақпаратқа анализ жасамай қабылдайды. Әсіресе, тығырыққа тіреліп, проблемадан шыға алмай жүргендер суицидті қиындықтан шығу жолы ретінде көреді. Бұрын суицид жайлы жаңалықтар аз еді. Қазір сайт, телевизияда суицидтің қалай болғанын тәптіштеп баяндайды, – дейді Лимана Қойшиева.
Сан да күмәнсіз емес
ДДСҰ-ның биыл жариялаған статистикасына сәйкес, Қазақстан суицид саны бойынша 20 орында тұр. Ал 10-19 жастағы жасөспірімдер арасындағы өлім-жітімнен 10 орында. Бірақ бұл қара аспанды төндіретіндей қиын жағдай емес. Өйткені әлемдік рейтингте де мәліметтер нақты берілмейді. Суицид туралы деректерді жинау проблемасы барлық мемлекетте бар. Көптеген елдер статистиканы сапалы деңгейде жасамайды. Мәселе жауапты органдардың жұмысында ғана емес, қоғамның мәдени ерекшеліктерінде де жатыр. Суицид тақырыбы кейбір елде тыйым салынған тақырып саналады, онда суицидтің болғаны айтылмайды немесе байқаусызда алынған жарақат ретінде тіркелуі мүмкін. Сондықтан кейбір елдің суицид жайлы ақпараты мүлдем жоқ. Ендеше халықаралық рейтингтегі сандар мүлдем басқаша болуы мүмкін. Алайда халықаралық ұйымдар, ДДСҰ және ғылыми-зерттеу институттары әлемдегі суицид проблемасы туралы салыстырмалы сараптама жасау үшін қолда бар деректерді ғана пайдаланады. Сондай-ақ ДДСҰ есебінде 90 мың адамнан аспайтын халқы бар елдер есепке алынбағанын ескеру қажет. Әйтпесе, бірінші кезекте Гренландия болуы мүмкін еді. Себебі статистика 100 мың адамға шаққандағы суицид саны бойынша есептеледі. Сәйкесінше, 19 миллион халқы бар Қазақстан мен 83 миллион халқы бар Германияның суицид деңгейін салыстыруға келмейді.
– Әлемдік статистиканы Дүниежүзілік банк пен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы шығарады. Олар суицид бойынша рейтингті нақты санға қатысты жасап отырған жоқ. Мәселен, жасөспірімдер арасындағы суицид 10-19 жас аралығындағы мың адамға шаққандағы коэффициент негізінде белгіленеді, – дейді Қолданбалы этносаяси зерттеулер институтының бас менеджері Аяулым Сағынбаева.
Қазақстанда суицид туралы статистиканы Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті мен Ұлттық статистика бюросы «Қазақстанның еркектері мен әйелдері» жобасы аясында жинайды. Дегенмен 2010 жылға дейін суицид туралы статистика нақты көрсетілмей, көптеген сынға ұшыраған еді.
P.S. Мемлекет үшін адам өмірінен құнды ешнәрсе жоқ. Ендеше суицид туралы күмәнді деректің көбеюіне қоғам болып қарсы тұру, статистиканы реттеу, ақпарат құралдарында жалған жаңалықтармен күресу кезек күттірмейтін мәселе.