Miras: мәдениет пен өнер мәселелері талқыға салынды
Miras: мәдениет пен өнер мәселелері талқыға салынды
567
оқылды
«AMANAT» партиясының Орталық аппаратында партия жанындағы азаматтық қоғам мен мәдениетті дамыту жөніндегі Miras республикалық қоғамдық кеңесінің отырысы өтті. Оған депутаттар, Үкімет мүшелері, қоғам қайраткерлері мен зиялы қауым өкілдері қатысты. Кеңесте Мемлекет басшысының Жолдауында айқындалған реформаларды жүзеге асыру кезеңінде БАҚ-тың рөлі, жауапкершілігі, әлеуметтік күйі, кәсіби әлеуеті және «Жаңа Қазақстан: мәдени-рухани әлем және кітап шығару» тақырыптары қаралды. Жиынды «AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы Асхат Оралов кіріспе сөзімен ашты. Ол «AMANAT» партиясы­ның қызметінде Miras кеңесінің шоқтығы биік екенін, қоғамдық кеңес 10 жылдан астам ұлттық мәдениетімізге қатысты өзек­ті мәселелерді көтеріп, шешімін та­буға үлес қосып келе жатқанын атап өтті. – Соңғы екі айда қоғамда, партия құрылысында үлкен өзгеріс жүріп жатыр. Жаңа Қазақстан құру жолындағы транс­формацияның біздің партиядан бастал­ғанын білесіздер. Біріншіден, халықпен кері байланысты жетілдіру мақсатында ең әуелі партия жанындағы қоғамдық кеңес­тердің құрылымы қайта жасақталды. Біз үшін сандық емес, сапалық көрсеткіш маңызды. Сондықтан кейбір қоғамдық кеңестерде салалық мәселелер бойынша көтеретін сұрақтар ұқсас болғандықтан, олар біріктірілді. Мысалы, былтыр құ­рылған азаматтық қоғам институттарымен тығыз байланыс жасайтын қоғамдық кеңес Miras кеңесімен біріктірілді. Себебі мәдениет пен өнерді өркендетуде қоғам­дық институттар мен зиялы қауымның атқарар рөлі ерекше. қоғамдық кеңес Екіншіден, Сайлауалды бағдар­ла­маның республикалық, аймақтық және аумақтық индикаторларының жүзеге асырылуын одан әрі бақылауды кү­шей­теміз. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыс кеңес төрағалары, Сіздерге және Мәжіліс пен түрлі деңгейдегі мәслихат депутат­тарына жүктеледі. Үшіншіден, «AMANAT» партиясы биыл ұлттық мәдениетіміз бен өнерімізді қолдауда бірнеше іс-шараны қолға алады. Соның бірі – айтыс. Дәстүрлі «Алтын домбыра» ақындар айтысынан бөлек биыл «Бабалар аманаты» айтысын да ұйымдастыруды ұсынамыз. Партия әр­дайым халықтың сөзін сөйлейтін сөз зер­герлерін қолдайды, – деді Асхат Оралов. Партияның Атқарушы хатшысы бұдан бөлек биыл ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсын­ұлының 150 жылдығы, Мұхтар Әуезовтің 125 жылдығы және Ғабит Мүсіреповтің 120 жылдығы секілді айтулы күнтізбелер­дің назардан тыс қалмайтынын баса айтты. – Бұл мерейтойлардың аталып өті­луіне партия жан-жақты қолдау көрсетеді. Жалпы, кеңестің негізгі міндеті – мәде­ниет және өнер саласындағы түйткілді мәселелерді шешуге, қоғамда бірлік пен келісімді сақтауға үлес қосу. Сонымен бірге партияның Сайлауалды бағдарла­масының «Парасатты және зияткер қоғам», «Біртұтас ұлт», «Қандастар», «Жауап­ты азаматтық қоғам» бағыттары бойынша іске асырылуын және оған мониторингті қамтамасыз ету. Себебі біз халық алдында уәде бердік. Сол уәделерге берік болуымыз қажет. Алдағы уақытта кеңес мүшелерінің түрлі мәселе бойынша ұсынымдары қабылданып, отырыс қорытындысы бойынша нақты баста­малар Қазақстан Үкіметі мен Парламен­тіне жолданады. Кеңес жіберілген ұсыныстарды үнемі бақылауда ұстауы тиіс, – деді А.Оралов. AMANAT Басқосуға Miras республикалық кеңесінің төрағасы, Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтаев жетекшілік етті. Модератор бірінші кезекте Miras-тың жұ­мысына сәттілік тілей отырып, азамат­тық қоғам қалыптастыру мен мәдениет сала­ла­рын дамытудағы қордаланған мәселе­лерді бірігіп талқылау, нақты ұсы­ныстар айту ортақ мақсат екенін жеткізді. – Президентіміз Қ.Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру» атты Қазақстан халқына Жолдауында Аза­маттық қоғам институттары мен БАҚ өкілдерінің рөлін арттыруға баса назар аударған болатын. Бүгінгі біздің талқылау алаңымыз осы тақырыпқа бағытталады. Әлемдік кеңістікте ақпараттық шабуыл өршіп тұрған бүгінгі күрделі кезеңде елі­міздің ақпараттық кеңістігін нығайту – негізгі стратегиялық мақсатымыздың бірі. Бұл тұрғыда Президент Жолдауында ес­кертілгендей, қоғамымызды ыдырату үшін сырттан берілетін тапсырмалармен жұмыс істеуден, көлеңкелі қаламақы үшін саяси кландардың басқа да топтардың саясатына арбалып қалудан сақ болуымыз керек. Бәсекеге қабілетті және еркін, мық­ты БАҚ қалыптастыру үшін не істе­мек керек? – деген ойды ортаға тастады. Кеңес төрағасы сонымен қатар жур­налистер қауымының әлеуметтік мәсе­лесін шешпей, олардан жоғарғы кәсіби деңгейді талап ету нәтижелі болмайтынын айта келе, журналистерді баспанамен қамту, жалақысын көтеру секілді тұр­мыстық күйіне де мән берген жөн екенін тілге тиек етті. Сондай-ақ әлеуметтік бұ­қаралық ақпарат құралдарының көшінен қалып қоймау үшін салалық журналис­тиканы дамыту да қолға алатын маңызды мәселе екенін қаперге салды. Абаев Өз баяндамасында Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев еліміздегі мәдениет және өнер саласы дамуының негізгі мәселелері «AMANAT» партия­сының «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір!» атты сайлауалды бағ­дар­ла­масының шеңберінде жүзеге асырылып жатқанын сөз етті. Министр кітап шығару және отандық қаламгерлерді қолдау сая­саты қарқынды жүзеге асырылып жат­қанын да айтуды ұмытпады. – Кітап шығару ісін одан әрі дамыту үшін жас қаламгерлерді қолдау аса маңыз­ды. Осы ретте 2023 жылдан бастап жас қазақстандық жазушылар мен ақындар үшін арнайы президенттік әдеби сыйлық тағайындалады. Қазір тиісті мемлекеттік органдармен Жарлық жобасы әзірленуде. Оған қоса, биыл министрлік «Үздік ба­лалар шығармасы», «Жылдың үздік кіта­бы», «Жас қаламгер» атты конкурс-жоба­ларды жүзеге асыруды көздеп отыр. Министрлік мемлекеттік тапсырысты орындау барысында қоғам сұранысы мен саяси-әлеуметтік тақырыптарға мән береді. Мысалы, биылғы Балалар жылы аясында арнаулы логотиппен балалар әдебиеті бойынша 24 кітап жарық көрсе, ендігі кезекте жас қаламгерлерді қолдау мақсатымен «Жаңа қазақ әдебиеті» сериясын шығару жоспарда бар, – деді министр. ЖандарбекАл Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан мемлекеттік институттар мен БАҚ арасындағы қарым-қатынасты тү­бегейлі реформалайтын, ақпарат құралда­рының жұмысына жан бітіретін кез кел­генін тілге тиек етті. – Қоғамды демократияландырудың бірден-бір тетігі – тәуелсіз әрі жауапкер­шілігі жоғары ақпарат құралдары. Сон­дықтан түрлі ұлттық жоба мен страте­гия­лық құжаттардың дені ақпарат құрал­да­рында ашық талқылануын қамтамасыз ету керек. Түрлі медиажүйенің кең спек­тр­ін және медиа саясатқа байланысты әртүрлі тәсілді ұсыну арқылы ақпарат құралда­рының жұмысына жан бітіруіміз керек. Осы бағытта мемлекетшіл ақпарат құрал­дарының кеңістігін қалыптастыру аса маңызды, – деді Мәжіліс депутаты. жиын Бұл ретте «Қазақ медиа қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігі басқару кеңе­сінің төрағасы Ербол Азанбек қазақтілді ақпарат құралдары ұшырасатын түйінді мәселелерге тоқталды. Оның айтуынша, бүгінде қазақ тіліндегі сайттардың ірі жарнамалар тапсырысына қолы жетпейді. Қаржы тапшылығының салдарынан білікті маман жалдай алмайды, сәйкесін­ше білікті мамансыз сапалы контент өндіру тағы қиындық туғызады. – Мемлекет және әлеуметтік жауап­кершілік шеңберінде бизнес осы мәселеге назар аударса. Мемлекеттік тапсырыстан бөлек, түрлі тақырыптағы гранттық жо­балар жасалып, жекелеген журналистер, редакциялар конкурс негізінде гранттарды ұтып алу арқылы контент жасау мүмкін­дігіне ие болар еді, – деді Е.Азанбек. Өз кезегінде Ақпарат және қоғамдық даму министрі Асқар Омаров БАҚ са­ласын құқықтық реттеуді жетілдіру, ақ­парат саласы қызметкерлерінің кәсібилі­гін нығайту, отандық БАҚ-тың бәсекеге қабілеттілігін одан әрі дамыту бағытында қолға алынған істерге тоқталды. – Осы салада мемлекеттік реттеудің тиімді тетігін құру мақсатында заң жоба­сын әзірлеу жұмысы басталды. Біз ұсы­ныстар жинап, сарапшылармен бірлесе отырып заңнаманы жетілдіру тетіктері бойынша концепция әзірлейміз. Ол үшін БАҚ, азаматтық қоғам, ҮЕҰ өкілдерін, қоғам қайраткерлері және басқа да мүд­делі ұйымдардың басын қосып, арнайы жұмыс тобы құрылуда, – деді министр. Берік Уәли «Хабар» агенттігі» АҚ басқарма төрағасы Берік Уәли Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру» атты Қазақстан халқына Жолдауының мәні де маңызы да айрықша екенін айтты. – Мемлекет басшысының Жол­дауын­да айқындалған реформаларды жүзеге асыру кезеңінде БАҚ саласының жауап­кер­шілігі, әлеуметтік, кәсіби әлеуеті өте зор болмақ. Жаңа Қазақстанды құру жо­лында еліміздің басты арнасы білек сыбана кірісіп, идеологиялық тұрғыда жұмыс істейді. Президенттің бастамала­рын біздің арналарымыз алдағы уақытта да халыққа кеңінен насихаттап, жеткізуге қашанда дайын, – деді Берік Уәли. Сондай-ақ кеңесте mecenat.kz жоба­сының қазақ қаламгерлерінің шығарма­ларына арнайы бәйге жариялайтыны айтылды. Олар жеңімпаз шығарманың авторына өмірінің соңына дейін ай сайын 500 доллар көлемінде сыйақы беруге ниетті. Жобаны әзірлеуші топтың мүшесі, тележурналист Әйгерім Ағылтаева ұлттық әдебиеттің дамуына одан әрі үлес қосу, әдебиетте жаңа есімдерді таныту, үздік романдарды оқырманға ұсынып, роман жазуды ілгерілету мақсатында қолға алын­ған жобаға Freedom Holding Corp. ин­вестициялық тобының негізін қалау­шы, белгілі қаржыгер Тимур Турлов қаржылай қолдау көрсететінін жеткізді. Н.Жүсіп Кеңеске қатысушылар арасында өрбіген әңгіме желісі де тартысты болды. Бейнеконференция арқылы онлайн режимде өткен жиында Алматы қаласы­нан байланысқа шыққан Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының тө­рағасы Ұлықбек Есдәулет көптомдық­тарды шығаруды тоқтатамыз деп анто­логиялық көптомдықтарды тоқтатып ал­мауды ескертті. Талқылауда сөз алған жазушы, қоғам қайраткері Алдан Смайыл қазақ киносының жетістіктіктері аз емес, алайда кемшіліктерін түзейтін кезеңнің жеткенін, одан бөлек аударма мәселесін­дегі бірқатар кемшілікті де атап өтті. Өз кезегінде Сенат депутаты Нұртөре Жүсіп бұрын-соңды болмаған тікелей шет тілінен аударма жасауға қабілетті және қазақ тілінде мемлекеттік тіл ретіндегі дәрежесін көтеруге бейім азаматтардың шоғыры, аударма мектебі қалыптасып отырғанда осындай қуатты құрылымды қажетімізге жаратпай, назардан алып тастасақ, ұлтымыз үшін үлкен олқылық болатынын айтты. МақсатКеңес отырысында ақын, жазушы Сәуле Досжан кітап саудасы, кітап бизне­сіндегі тәжірибелерімен бөліссе, Мәжіліс депутаты Дархан Мыңбай кітапханалар туралы жаңа заң керек екенін қаперге сал­ды. Қазақстан Жазушылар одағы Астана филиалының директоры Дәулет­керей Кәпұлы мерейтойлық әдебиет айдарымен қаламгерлердің мерейтойын атап өтудің маңыздылығын сөз етсе, тележурналист Мақсат Толықбай ресми ақпарат тарату­дағы жеделдік мәселесін көтерді. Басқосуды Miras қоғамдық кеңесінің төрағасы, Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтаев қорытындылап, жиында айтылған ұсыныстар мен пікірлерді уәкілетті ор­ганның назарға алуын ұсынды. Жиын қоры­тындысы бойынша бірқатар хатта­малық шешім қабылданды.

Әбілмансұр ЖАСАН