«TALQYLAU»: «Екінші Республика» – фундаменталды идеологема
«TALQYLAU»: «Екінші Республика» – фундаменталды идеологема
521
оқылды
Кеше «AMANAT» партиясының Қо­ғамдық саясат институты жаны­нан құрылған «TALQYLAU» жаңа диа­лог алаңының екінші отырысы бо­лып өтті. Парламент депутаттары, сарапшылар мен қоғам белсен­ді­лері қатысқан бұл жолғы талқылау Пре­зидент Қасым-Жомарт Тоқаев­тың еліміздегі жаңа саяси-қоғамдық ахуалды бағалағанда қолданып жүрген «Жаңа Қазақстан» және «Екінші Республика» сөздерінің мә­нін ашуға, осы тың ұғымдар аясын­дағы идеологиялық аспектілерді айқындауға арналды. Жиын сон­дай-ақ, онлайн форматта тікелей эфирде интерактивті трансляция сипатында өрбіп отырды. Жаңа диалог алаңының кезекті пі­кірталас жиынына Мемлекеттік хатшы Ерлан Қарин, «AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы Асхат Оралов, Парламент Мәжілісінің депутаты Айдос Сарым, құқықтанушы Марат Бәшімов, «Альтернатива» өзекті зерттеулер орталы­ғының директоры Андрей Чеботарев, Еуразия интеграция институтының ди­рек­торы Оразғали Селтеевтер қатысты. Одан бөлек, жиынға елге белгілі әр сала­ның мамандары, сарапшылар қатысты. Мемлекеттік хатшы «Екінші Республика» билік институттары арасында неғұрлым тиімді теңгерім жасайтын мемлекеттік бас­қару моделінің өзгеруін сипаттай­тынын атап өтті. «Жаңа Қазақстан» – бұл маңызды қо­ғамдық трансформацияны жүзеге асы­ратын кең ауқымды идеологема бол­са, «Екінші Республика» – бұл мемле­кеттік модельді өзгерту. Яғни, бірінші жағдайда құндылықтар деңгейінде, ал екінші жағ­дайда – бұл институционалдық, құқық­тық деңгейде жүзеге асатын өзге­рістер. 16 наурыздағы Жолдауда Прези­дент нақты жаңа саяси бастамаларды жария еткенін және оларды жүзеге асыру іс жү­зінде басталып кеткенін ескерсек, «Екін­ші республикаға» жақын арада көшедідеп айтуға болады», – деді Ерлан Қарин. Мемлекеттік хатшы Президенттің жаңа бастамалары бүкіл саяси жүйені жаңғыртып, қайта бастауды білдіретінін атап өтті. Жаңа заңдар қабылданып, Конс­титуцияға өзгерістер енгізілгеннен кейін іс жүзінде осы жылдың өзінде Қа­зақстанда мемлекеттік басқарудың жаңа моделіне көшу жүзеге асырылады. Ол тежемелік әрі тепе-теңдік жүйесін инс­титу­ционалдық тұрғыдан күшейтіп, жаңа саяси мәдениеттің қалыптасуына ықпал етеді. AMANAT Өз кезегінде «AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы Асхат Оралов саяси ұйымның «Екінші Республикадағы» ор­ны мен мәртебесінің қалай болатынды­ғына тоқталды. Ол елімізде саяси жүйені трансформациялау партияны жаңғыр­тудан басталғанын атап өтті. «Заңнаманы либерализациялауды, жаңа партияларды тіркеу ресімдерінің жеңілдетілуін ескерсек, еліміздің партия­лық-саяси алаңына жаңа ұйымдардың ке­летінін түсіну қиын емес. Бұл жағдай – біздің партиямыз үшін өзінің ұзақмер­зімді, жауапты көшбасшылыққа және бә­секелестікке дайын екенін дәлелдеу мүм­кіндігі. Осы алаңдағы кездесу «AMANAT» сындарлы диалог аясында Қазақстанды дамыту бойынша нақты идеялар мен ұсыныстар әзірленетін саяси мәдениетті арттыруға барынша ықпал ететінін көрсетеді», – деп атап өтті Асхат Оралов. «AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысының сөздерін Мәжілістегі фрак­ция депутаты Айдос Сарым да жалғай түсті. Жаңа терминнің орнығуын және оның аясындағы нақты іс-шаралардың қалай көрініс табуы тиіс екендігі туралы өз ойын жеткізген ол қазір жүріп жатқан мем­лекеттік басқару трансформациясы саяси партиялардың артикуляциялық, яки қоғамның үнін билікке жеткізу функ­циясының араласуымен жүруде екенін айтты. «Бірінші, екінші республика дегенге келер болсақ, мұнда реттілік пен сабақтас­тық бар. Бір нәрсе анық – біз енді өткенге қайта оралмаймыз, жаңаша форматта, жаңа сапаға бет бұрамыз. Кейбір қазақ­стандықтардың өзге елдердің өмір салтын үлгі тұтып, соны көксеп өмір сүріп жат­қа­ны дұрыс емес. Әр елдің өз жағдайы, өз жолы бар. Біз өзіміздің өмір шындығы­мызға оралып, қоғамдық кеңістікке кірі­гіп, оны жақсартуды осы жерден бастауы­мыз керек. Президенттің бастамаларына, «Жаңа Қазақстанды» құруға, «екінші Рес­публиканы» өмірге әкелуге әркім тіке­лей өз жауапкершілігін сезінуі керек», – дейді Мәжіліс депутаты Айдос Сарым. Сөз кезегі құқықтанушы Марат Бәшімовке тигенде, ол өзі мүшесі болып табылатын Конституцияға өзгерістер енгізу жөніндегі жұмыс тобы атынан көз­қарасын жеткізді. Ата Заңды реформалау барысындағы негізгі бағыттармен таныс­тырды. Оның айтуынша, Ата Заңымызда барлығы да нақты айтылуы керек. Екі­ұдай пікірді білдіретін тұстары болмауы тиіс. TALQYLAU «1995 жылы Конституциялық сотты тек Президент пен Парламенттің құзы­реті сәйкес келмей қалғандықтан ғана тара­қатып жіберген болатын. Ал қазір Мем­лекет басшысы Парламентке өкілет­тілік беруден қорқып отырған жоқ. Ол бізге өзгертулерді басқа елдердің заңнама­сы­­мен салыстыра отырып, жасап шығу­рауға тапсырма берді. Азаматтардың жеке конституциялық шағымдарымен тікелей Конституциялық сотқа шағымдануына мүмкіндік берілсін дейді. Көптеген ел­дер­де бұл жанама жолдармен жүзеге асы­рылатындығын аңғардық. Салыстырмалы таблицаларды жасағанымызда әуелі ол 25 еді, қазір 45-ке жетті. Солардың арасынан оңтайлы жүйені таңдап алатын боламыз. Конституцияда Парламентке көбірек билік берілсе де, құқыққорғаушылық функция бірінші орында тұратын болады. Жоғары аудиторлық палата Конститу­циялық соттың мүшелігіне өтуі міндетте­леді. Төрелік институтының өзі тек заң­дарды ғана емес, Үкіметтің Қаулысы мен Президенттің Жарлығына дейін, яки заң­дық күші бар актілерді де қарайтын болады. Сонда шешім қабылдайтын тұл­ғалар ойланып қабылдамақ. Осындай талап қойғалы отырмыз. Бір сөзбен айт­қанда, Конституциялық өзгерістер ке­шені өміріміздің барлық саласына бетбұ­рыстар әкелмек», – деді Еуропалық құ­қық және адам құқы сарапшылық инсти­тутының директоры Марат Бәшімов. «TALQYLAU» диалог алаңының бі­рінші бөлігінде барлық қонақтар өз ой­ларын жеткізіп, тақырыпты кеңінен ашқан болса, екінші бөлім сұрақ-жауап форматында өрбіді. Жиынға қатысып отырған 33 сарапшының сұрақ қоюға тілек білдіргендері көп болды. Одан бөлек онлайн қатысушылардан да 500-ден астам сұрақ келіп түскен екен. Қонақтар тікелей залдан қойылған және Facebook әлеуметтік желісі арқылы келген қай-қай сұрақты да жауапсыз қалдырған жоқ. Ес­теріңізге сала кетейік, «TALQYLAU» диа­лог алаңын құру бастамасы «AMANAT» партиясының 1 наурызда өт­кен кезектен тыс Съезінде партиялық транс­формация бағдарламасы тармақ­тарының бірі ретінде көтерілген болатын. Алдағы уақытта «TALQYLAU» отырыс­тары түрлі фор­матта ұйымдастырылып, онда пікірталас, подкасттар жазу, дебаттар қолға алынады. Алаңда сарапшылар, депутаттар, мем­лекеттік органдар мен ҮЕҰ өкілдері аза­маттарды толғандыратын өзекті мәсе­лелерді шешу жөнінде ұсыныс­тар әзірлеу үшін тұрақты түрде кездесіп отырады.