Шымкентте кеңселік және тұрмыстық қажеттіліктерге арналған «Қағаз шаһары» атауымен шығатын қағаз өндіретін кәсіпорын бар. Ол арнайы экономикалық аймақта орналасқан. Нарыққа шыққанына 10 жыл болған кәсіпорын еліміздегі бірегей зауыт болып тұр. Қағаз өндіру ісі қыз-қыз қайнаған кәсіпорын өнімдері нарықта «Бәйтерек» және «Ақ барыс» деген атпен танымал. Кеңсе қағаздарының бағасы елімізге сырттан келетін өнімдерден 10-15 пайызға арзан. Мұнда тұтынушылардың сұранысына ие А4, А3, АО қағаздары үздіксіз өндіріледі. Бірақ қағаз өндірісін дамытуда шикізат көздері тапшы. Сондықтан зауыт қажетті шикізатты Ресей және Финляндиядан импорттап отырған. Алайда бүгінде Қазақстан нарығын жаулап үлгерген кәсіпорынның жұмысы тұралап тұр. Себебі шикізат жоқ. «Біздің шикізат Ресей мен Финляндиядан келеді. Бірақ біз көбіне Финляндиядан алдырып, осы жерде өңдеп, Қазақстан ішінде сататынбыз. Өндірушілер әр кәсіпорын 1 вагон сата алады деп шектеу қойып қойған. Бір вагон дегеніміз – 24-25 мың бума қағаз. Ол 1 пайызды да қамтамасыз етпейді. Ал зауыттың айына 10 вагонға дейін қағаз өндіруге қуаты жетеді. Елімізде орман көп болмағандықтан, біз қағазды өзге елдерден сатып алуға мәжбүр болып отырмыз», – дейді кәсіпорын директорының орынбасары Қанат Әлімбаев. Бұл тұрғыда Үкімет мүшелері солтүстіктегі көршілеріміздің батыс елдерімен қарым-қатынасы күрт нашарлағандықтан, саяси салқындықтың лебі қағаз өндірісіне де кесапатын тигізіп отырғанын жоққа шығармады. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев болса, «Менің ойымша, Қазақстанда тауар тапшылығы қатты байқалмайды. Өйткені бізге Ресейден бөлек, Қытай мен Түркия елдерінен де қағаз әкелінеді. Сондықтан альтернативті маршруттар бар. Ал бағаға келер болсам, қағаз құны негізсіз көтерілді ме, әлде жоқ па, оны тексеретін тиісті мекемелер бар. Бірақ қағаз бағасының неге құбылып тұрғанын білмеймін?» деген екіұштылау жауаппен шектелді. Алайда Үкімет мүшелері қағаз нарығындағы жағдай 1-2 ай төңірегінде тұрақталады деп топшылап отыр. Дегенмен дәл қазір дүкендерде кеңсе тауарларының құны құбылып тұр. Кезінде 1,5 мың теңге төңірегінде тұратын А4 форматты қағаздың 1 бумасы қазір 3-6 мың теңге, тіпті кейбір аймақта 8 мың теңгеге дейін көтерілді.
Шымкент қаласы