Таир Нұғманов: Бизнес деген ақша табу емес, ол – сенім
Таир Нұғманов: Бизнес деген ақша табу емес, ол – сенім
289
оқылды
Көп жағдайда құлдырап жатқан кәсіптердің артында көзге көріне бермейтін түрлі себептер тұрады. Көптеген бизнес түрі уақытша экономикалық дағдарыс кезінде тығырықтан шығатын жол таппай жатады. Осындай кездерде кәсіпкер не істеуі керек? Басты баған ретінде неге мән бергені жөн? Осы және өзге де сауалдар төңірегінде белгілі сарапшы, продюсер, еліміздегі ақпараттық бизнестің танымал өкілдерінің бірі Таир Нұғмановпен сұхбаттасқан едік. – Жалпы, Украинадағы жағдайға қатыс­ты көршіміз Ресейге біраз санкциялар салынып жатыр. Бұл біздің елде де экономикалық дағдарысқа әкелуі мүмкін деген пікірлер айтылып жүр. Осы тұста отандық кәсіпкерлерге қандай кеңес берер едіңіз? – Бұл мәселені басқа мемлекетте болып жатқан дағдарыс деп қарағанымызбен, бізге де өз әсерін тигізбей қоймайды. Оның түрлі белгілі себептерін бәріміз білеміз. Мұндай жағдайда мемлекетке салынған түрлі санкциялардың кесірінен мемлекет банктерге қаржы беруді азайта бастайды. Сәйкесінше, банктер де адамдарға түрлі несиелік басқа да қаржы беруді қысқартуға мәжбүр болады. Кәсіпкер үшін дағдарыс қай уақытта басталады. Ол ертеңге деген болжам жасай алмай қалған кезде туындайды. Осындай белгісіздіктен қорқыныш пайда болады. Қазір біз осындай жағдайдамыз. Күні ертең нақты не болатыны жайлы мықты деген экономист сарапшылардың өздері дөп басып еш нәрсе айта алмай отыр. Әрине, оның өздеріңіз білетіндей түрлі себептері де бар. Тіпті, мемлекеттік ұйымдардың өзінің берген болжам ақпараттары 90 пайыз­ға дейін сәйкес келмей қалып жатыр. Сұрағыңызға нақты жауап берер болсам, осындай дағдарыс кезінде кәсіпкер үрей мен қорқынышқа бой алдырмау керек. Керісінше, барынша сабырлық танытып, өзінің сенімді командасын сақтап қалуға күш салуы қажет. Бизнес деген ақша емес, ол – сенім»дегенді мен үнемі айтамын. Өзіңнің істеп жатқан жұмысыңа, алға қойған мақсатыңа жетуге деген төзім­ділік пен жігердің қосындысы. Өз әрекетіңе немесе өндіріп жатқан өніміңнің болашағына деген күмәнің көбейген сәттен бастап сенде бизнес жоқ дей берсең болады. – Кейбір сарапшылар дағдарыс біреулер үшін мүмкіндіктер есігі деп жатады. Осы пікірмен келісесіз бе? – Өз басым бұл ойды жиі айтып жүремін. Дағдарыстың да тиімді жақтары бар. Біріншіден, ол кәсіпті енді бастап жатқандарға тиімді. Өйткені бұлардың өткені жоқ. Енді ғана басталған нәрсе де, банкрот болған жағдайда да жоғалтары аз болады. Ал кімге қиын? Көбінесе кәсіпкерлікте қалыптасып қалған біз секілділерге ауыр соғады. Себебі бір кездері айына 10 немесе 20 миллион табыс тауып жүрген адам үшін аяқастынан болмашы ғана қаражат тауып қалу кәдімгідей кері әсерін тигізеді. Ол кәсіпкердің кешегі күнгі сондай мол табыстарына қарай есептеген жоспары болады. Немесе мойнында соған сеніп алған несиесі болуы мүмкін деген сияқты. Ал жаңадан бастағандар үшін мұндай қиындықтар жоқтың қасы. Сондықтан мен кәсіпті дағдарыс кезінде бастау керек деген сөзді үнемі айтып жүремін. – Көбінесе көп бизнес түрлері дағдарыс кезінде өз ісін тоқтатып жатады. Негізі, кәсіпкерлер осындай кезде қандай қателіктерге бой алдырады? Осы нәрсені сарапшы ретінде бір зерттеп көрдіңіздер ме? – Мұндай жағдайда кәсіпкерлер көбіне қорқыныш пен үрейге басымдық беріп жатады. Оның арты сарыуайымға салыну, басқа да әрекеттерге баруға апарады. Осы кезде кәсіпкердің сенімі мен командасы көп рөл ойнайды. Қандай жағдай болса да сені қолдайтын жұмылған жұдырықтай командаң болса, кез келген дағдарыстан шығып кетуге болады. Олардың негізгі қателіктерінің бірі – командасын сақтап қалуға күш салмайды. Керісінше, көп жағдайда жанындағы адам санын қысқартып, сол арқылы шығынды да азайтамын деп ойлап жатады. Дағдарысқа төтеп бере алмай, құрдымға кетіп қалған көп кәсіпкерлерді зерттеп көрсең, осыған көзің жетеді. – Осы ақпараттық бизнесте немесе басқа салада кейбір банктер бөліп төлеу жүйесін тоқтатты. Бұл тауар, ақша, жалпы қызмет айналымына қаншалықты кері әсер етеді деп ойлайсыз? – Шамалы уақыттың өзінде біздегі көптеген саланың табыс көздері азайып, айтарлықтай артқа кетіп қалғанын көріп жүрміз. Кейбір зерттеулер бүгінде адамдардың төлем қабілеті үш есеге дейін төмендеп кеткенін көрсетіп отыр. Мәселен, бұрын бір айда он зат сатып алатын адам, қазір айына үш зат қана сатып алатын болып қалды. Оның мәнісі – қалтадағы қаржысын барынша үнемдеуге тырысу. Ал кейбір банктердегі бөліп төлеу қызметіне келер болсақ. Негізінен көп­шілігі тоқтатқан жоқ. Тек бұрынғыға қарағанда клиентке деген сенім критерийлерін күшейтті. Бұрын өтініш берген 10 адамның кемінде 8-9-ның өтініші қанағаттандырылатын болса, қазір соның ішінен тек екі немесе үш адамның ғана өтініші мақұлданып жатады. Бұл жерде банк иесінің де кәсіпкер екенін ұмытпау керек. Оның да жоғарыда айтқандай ертеңгі күнге сенімі аз. Өйткені осы жерде тағы қайталап айта кетейін, күні ертең экономикада қандай өзгеріс болатынын ешкім тамыршыдай тап басып айта алмайды. Бұл нәрсе біздің айналысып отырған салада да біршама байқалады. Бұл бір жағынан нарықта тазалау жұмыстарын жүргізуге сеп­тігін тигізіп жатқан сияқты. Осы арқылы болашақта нағыз төлем қабілеті бар адамдар ортасы қалыптасады деп ойлаймын. – Жасыратыны жоқ, қоғамда ақпараттық бизнес кәсіпкерліктің басқа түрлеріне қарағанда тиімді. Оған қатысты тәуекел аз, салатын айналым шығын көлемі де аз және пайда көп деген ұғым қалыптасқан. Кейбір продюсерлер мүлдем олай емес дейді. Осыған қатысты пікіріңіз қандай? – Сауалға жауап бермес бұрын бір нәрсені айта кеткім келеді. Ақпараттық бизнес біз қанша жерден мойындасақ та, мойындамасақ та, бұл – ХХІ ғасырдың бизнесі. Оған қоса, осы ғасырдағы ең көп табыс әкелетін бизнес түрі – осы. Енді сұраққа нақты жауап берер болсам. Рас, осыдан бірнеше жыл бұрын ақпараттық бизнеске келу шығынсыз еді деуге болады. Белгілі бір дәрежеде тест тапсырып, сәл ғана мүмкіндігің болса, осы саланың өкіліне айналып кетуге болатын. Қазір басқаша. Біріншіден, бұл салада бәсекелестік өте жоғары деңгейге көтерілді. Сәйкесінше, адамдардың саннан гөрі сапаға көп көңіл бөле бастағанын айтуға болады. Адамдар бұрынғыдай не болса соған сенгіш емес. Қазір сен аузыңды ашқаннан-ақ тұтынушы сенің не сатқалы тұрғаныңды біліп қояды. Бұл – бір жағынан қуантарлық жағдай. Сол үшін мықты команда жасақтауың керек. Келген клиент үшін жайлы, сапалы қызмет көрсете алатын кеңсең болуы қажет. Әрбір жаңа дүниеңді жан-жақты таныту үшін арнайы вебинарлар өткізуің керек. Ал вебинар деген өте үлкен шығынды талап етеді. Осыдан бірнеше жыл бұрын ақпараттық бизнестен 60 пайызға дейін пайда қалатын. Қазір ондай көлемде пайда жоқ. Сондықтан «бұл салаға салатын салым көлемі аз, пайда көп» деген жоғарыда айтқан пікірге өз басым келіспеймін. Ондай пікір осыдан 10 жылдай бұрын айтылса, сенуге болар еді. – Жалпы, дағдарыс уақытында көптеген тәжірибелі азаматтар тек бизнесті емес, тұлғалық дамуды да ойлау керек деп жатады. Бұл мотиваторлардың жаттанды әңгімесі ме, жоқ қосымша кітап оқу, спортпен айналысу немесе басқа да курстарға қатысу адамды дағдарыстан алып шыға ма? – Өкінішке қарай, біз өмір сүріп жатқан қоғамда көп кездесетін нәрсе – адам өз-өзін зерттемеуі. Адам кез келген үлкен жетістікке жетуі үшін оның ішкі рухы мықты болуы керек. Оның көңіл күйі дұрыс болуының өзі де көп рөл ойнайды. Кез келген адам ең алдымен өз-өзіне деген қарым-қатынасты дұрыс жолға қоюы керек. Кез келген әрекет әдетке айналады, әдет тағдырыңа айналады деп жатады ғой. Тұлғалық дамуда жетістікке жеткізетін бірден-бір нәрсе – дұрыс әрекеттердің жиынтығы. Кез келген адамға айтатын алғашқы тегін кеңесім – күніне 10 мың қадам жаяу жүру. Ол не үшін керек? Ол өз-өзіңмен бір сәт қалу үшін. Екінші айтатын бір нәрсе – әлемдік миллиардерлердің көпшілігі «дағдарыс кезінде инвестицияны қайда салған тиімді?» деген сауалға бірауыздан өзіңе сал деп жатады. Ал өзіңе салу деген не? Ол қажетті кітап сатып алу немесе спортзалдарға жазылу, бұрыннан ойластырып, бірақ уақытың болмай жүрген түрлі тренингтерге қатысу, тағы басқа да жетіп жатыр. Осындай нәрселер шынында да адамды қандай да бір дағдарыстан шығып кетуіне айтарлықтай ықпал етеді. Тіпті, мүлдем жаңа тың жобаларға есік ашып беруі мүмкін. – Әңгімеңізге рақмет! 

Алматы