Жаңару қадамдары
Жаңару қадамдары
523
оқылды
Шәкәрім Құдайбердіұлының «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек...» деген өлеңі бар. 2022 жылғы Қазақстан Президентінің халыққа Жолдауы туралы да солай айтуға болады. 30 жылдық Тәуелсіздік та­рихымызды қорытындылай келе, біз бүгінгі күннің қажеттілігі мен болашақтың алдындағы міндетімізге нақты бет бұрдық. Жолдау негізінен саясат ау­мағын кешенді қайта қарауды – бір жағынан ұлттық қауіпсіздікті нығайту, екінші жағынан аза­маттардың әлеуметтік баста­малар арқылы қоғам өміріне араласуына кеңінен мүмкіндік беруді мақсат тұтып отыр. Ал ұсынылған конституциялық ­ре­форма демократиялық қо­ғамға алға басудың алғышар­ты деп айтуға болады. Осының барлығы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қазіргі әлем­дік өркениеттегі тұрақсыздық кезеңінде мемлекет тәуелсіздігін нығайта түсуге қажет негізгі ша­раларды қолға алып отырғанын көрсетеді. Жолдаудың тереңіне үңіл­сек – Қазақстанның тәуелсіз та­рихында қабылданған саяси-құқықтық және әкімшілік шара­лардың нәтижесін сараптай келе қабылданған шешімдер 30 жыл­дың нәтижесі екенін көруге болады. Мысалы, демогра­фия­лық жағдайдың өзгеруі (халық саны артып келеді; қала мен ауыл халқы арасындағы арасалмақ өзгерді; мемлекет құраушы ұлт­тың саны басым болып келеді, тағы басқасы), қоғам мен билік арасындағы қарым-қатынас өзгерді (кейбір ұстаным туралы пікір өзгерді; арадағы сенім тө­мендеді, тағы басқасы), қоғамда әлеуметтік алшақтық тереңдеді (байлар мен кедейлер саны). Демографиялық жетістігіміз негізінде республикада тағы 3 өңір облыс мәртебесін алды. 90-жылдары жаппай көшу ке­зеңінде адам санының азаюына байланысты өңірлерді қосу ар­қылы экономикалық ірілету қа­жеттігі болды. Міне бүгінгі жет­кен жетістік – енді Абай, Жетісу, Ұлытау деген тарихи атауларды иемденіп, 3 жаңарған өңір әлеу­меттік-экономикалық дамудың бастауында тұр. Бұл – тарихи ше­шім, халықтың үніне Пре­зиденттің үн қосуы деп айтуға болады. Сонымен қатар тарихи атау­лар мен ұлы тұлғалардың атын жаңғыртудың да мәні зор, ұлттық дүниетанымға, ұлттық санаға терең рухани талпыныс береді, халықтың ой-санасында ізгілік, адалдық, адамгершілік әдеттерін тәрбиелейді. Бұл шешімдер – халықтың әлеуметтік жағдайын, өңірлердің экономикалық әлеуетін артты­руға апаратын даңғыл жол. Осы бағытта Үкімет тарапынан Ха­лық­тың табысын арттыру бағ­дар­ламасы қабылданып отыр. Себебі «Жаңа Қазақстанның күн тәртібі – азаматтардың әл-ауқатын арттыру, табыс тапшы­лығын жою, жұмыс орындарын құру және инфляцияны тежеу» деген Мемлекет басшысының сөзі бүгінгі күні алдымызда тұр­ған негізгі міндет. Аталған бағдарламаға халық­тың еңбек қызметінен түсетін табысына тікелей әсер ететін ша­ралар енгізілген. Біріншіден – бұл бюджет са­ласы және квазимемлекеттік сектордың 1 млн-нан аса қызмет­ке­рінің, сондай-ақ мемлекеттен қолдау алатын бизнестің 2,8 млн жұмысшысының жалақысын көтеру. Екіншіден, экономиканың барлық саласында жаңадан ашы­латын 2 млн жұмыс орнының табысын арттыру. Оның ішінде бұрын сырттан әкелінген, өндірісте сұранысқа ие тауарлардың 19 түрі бойынша жаңа кәсіпорындар құру. Фар­мацевтика, биотехнология, IT технология және мұнай-химия саласында шикізаты жоғары – 5-ші және 6-шы деңгейде өңдеуге негізделген өңдеуші өнеркәсіпті дамыту арқылы іске асыралады. Үшіншіден, ірі кәсіпорындар айналасында шағын және орта бизнес белдеуін құру арқылы кәсіпкерліктен түсетін табысты арттыру. Төртіншіден, «Бақытты от­басы» сияқты жобалар арқылы көпбалалы және мүгедек бала тәрбиелеп отырған аналарға жыл сайын 20 мың жұмыс орнын құру. «Жастар практикасы», «Бі­рінші жұмыс орны» жобалары және (400 айлық есептік көр­сеткіш көлемінде) гранттар беру арқылы 160 мың жасты жұмысқа тарту қарастырылған. Өңірлерде «Өмір жолдамасы» жобасы арқылы өндірістік қабілеті бар кадрларды даярлау жұмысы жүргізіледі. Қоғамның тұрақты әлеу­меттік жағдайы – рухани өсудің негізі. Тарихтан белгілі, қоғам­ның санасы көңіл күйі жайланған кезеңде оянады, өсуге талпы­нады, тарихына үңілуге қызы­ғушылық артады. Сондықтан біз бүгін тарихымыздың жаңа он­жылдығына қадам басқан сәтін­де, қоғамдық сананың жаңару кезеңінде өмір сүріп жатырмыз. Қапшағайға Дінмұхамед Қо­наевтың есімін беру де тарихи сәт. Қазақта «Уақыт – ұлы тө­реші» деген сөз бар. Сол УАҚЫТ өткен сайын ұлы есімдер «сарала­нып, тазаланып, әрленіп, гау­һардай жарқырай түседі». Ке­меңгерлікті УАҚЫТТЫҢ өзі өл­шейді, қалдырған мұраны «електен өткізіп», қоғамға тарту етеді. Сондықтан Президентіміз Қ.Тоқаевтың бұл шешімінің қажеттілігін УАҚЫТ өзі растап отыр. Өте орынды әрі уақытылы қабылданған шешім – қоғамға, ұрпаққа ХХІ ғасырда тектілік генофондымызды сақтау үшін үлгі болар, үлгі алар есімдер, тұлғалар қажет. Абай Құнанбаев та, Дінмұхамед Қонаев та ұр­паққа үлгі тұтар үлгі, моральдық бағдар. Жолдау алдымызға мәдениеті жоғары, өркениетті ел болу мақ­сатын қойып отыр. Сондықтан бізге ҚОҒАМДЫҚ САНАНЫ жа­ңарту қажет. Жаңа Қазақстан құру үшін біз ұлттық құндылықтарымыздың негізінде жаңа цивилизациялық көзқарас қалыптастыруымыз керек. Қоғамдық көзқарас пен қоғамдық сана қалыптастыруда бұқаралық ақпарат құралда­ры­ның рөлі орасан екені белгілі. Міне, сондықтан жаңару баста­масы ретінде БАҚ туралы заңға тың өзгерістер енгізу қажеттілігі туып отыр. Осыған байланысты жауапты мемлекеттік органдардың жұмы­сы ең алдымен келесі міндеттерді шешуге бағытталатын болады: Біріншіден, қоғамның сұра­ныстары мен мемлекеттің мүд­делерін ескере отырып, «Бұқа­ралық ақпарат құралдары ту­ралы» заң қайта қаралатын бо­лады. Бұл процесс кең қоғамдық және сараптамалық талқылау негізінде жүзеге асырылады, жур­налистік қоғамдастықтың ағымдағы заңнамаға қатысты барлық өзекті мәселесі еске­рілетін болады. Екіншіден, азаматтық бақы­лауды жүзеге асыратын «төртінші билік» ретінде әрекет ететін бұ­қаралық ақпарат құралдары үшін ашық бәсекелестік орта дамитын болады. Үшіншіден, мемлекеттік ақ­параттық жұмыс бойынша жаңа тәсілдер әзірленетін болады. Оның ішінде медиа аума­ғын­дағы заманауи даму үрдістерін ескере отырып мемлекет тара­пынан қойылатын талаптар­мен қатар қоғам сұраныстары, екі­жақты жауапкершілік мә­селесі толығымен ескерілу қа­жеттілігі бар. Бұл жерде де Мемлекет бас­шысы «бас кессе де, тіл кесу жоқ» деген ұлттық қағиданы басты назарға алып, сөз бос­тандығына кепілдік, заң шең­берінде ақпарат алуға және таратуға мүмкіндік, БАҚ өкіл­дерінің құқын қорғау мәсе­лелерін қарауды міндеттеп отыр. Сонымен қатар ашық ақ­па­раттық кеңістік құра отырып, біз БАҚ өкілдерінің жауапкер­шілігін де арттыруымыз қажет. Себебі «бірауыз сөз жараны да жазады, бірауыз сөз араны да ашады». Жолдау Мемлекет басшысының Жол­дауда ұсынған саяси рефор­малар пакеті мемлекеттің жалпы саяси жүйесіне жаңа серпін бе­ріп, әкімшілік құрылысына оң өзгерістер енгізетінін анық көр­сетіп отыр. Осы бағытта Үкімет пен Пар­ламент Мәжілісінің арақатына­сының жаңа форматы анық­талды. Мысалы, депутаттардың өңір­лерге сапарлары барысында қоғам тарапынан екі мыңға жуық сұрақ көтерілген. Сұрақтар негі­зінен әлеуметтік мәселелерге қатысты. Үкіметке азаматтардан тіке­лей келіп түскен 1 800 өтініште де баяндалған талап-тілектер осы бағытта. Сондықтан көтерілген мәсе­лелер Үкімет тарапынан жан-жақты сарапталып, қаралды. Мәжілістің отырысына барып Премьер-Министрдің жауапты орынбасарлары мен министрлер депутаттардың көтерген сұрақ­тарын бірге талқылап, орын­далуы бойынша нақты шешімдер қабылдады. Бұл сұрақтардың шешімі отырысқа қатысып отыр­ған Үкімет мүшелері жұмы­сының күн тәртібіне енгізіліп, орындалуы бақылауда болады. Сонымен қатар көтерілген мәселелер арасында бүгінде шешімі «піспеген», уақыт талап ететін де сұрақтар бар. Бұл – жос­парға енетін жұмыстар. Бұл мәселелер бойынша министр­лердің өңірлерге сапарлары ая­сында нақты түсіндірме жұмысы жүргізіледі. Депутаттық корпус та бұл бағытта бірлесе жұмыс істейтін болады. Бұл – Парламент Мәжілісі мен Үкіметтің жаңа сипатта және тығыз байланыста қызмет етуінің бастауы. Екі ғимараттың ара­сындағы 100 метр шақырымды одан әрі жақындата түсу ниеті. Жұмыстың бұл форматы – қоғам тарапынан көтеріліп отырған мәселелерді тиімді және уақытылы шешудің оңтайлы тетігі. Бүгінде Үкімет тарапынан Мәжіліс депутаттарымен тығыз байланыста жұмыс істеу дәстүрге айналып келеді. Үкімет «Аманат» фракция­сымен партияның бағдарла­масын іске асыру бағытында қоян-қолтық жұмыс істеп келеді. Депутаттардың өңірге сапары алдында «Жаңа Қазақстан» то­бымен кездесіп, бірқатар өзекті мәселені бірге қараған едік. Бұдан бөлек, Үкіметте Қазақ­стан халық партиясының, «Ақ­жол» партиясының фракция­ла­рымен жеке кездесулер өткізіліп, сайлаушыларды толғандырып жүрген мәселелер бойынша нақ­ты жұмыс бағыттары айқын­далды. Қазақстан азаматтарының адами әлеуетін дамытудың не­гізгі бағыты ретінде сайлау құ­қының кеңеюін, өзін-өзі басқару институттары мен азаматтық қо­ғамның дамуын, партиялар арқылы жаңа көшбасшылар тәрбиелеу мақсатын атап өтуге болады. Мемлекет басшысының Пре­зиденттің өкілеттігіне өзгерістер енгізу туралы ұсыныстары «Адал жүріп, адал тұр» деген қағиданы ұстанғанын көрсетеді. Қазақта «тура биде туған жоқ» деген сөз бар. Бұл – Мемлекет басшы­сының КІСІЛІК бейнесімен қатар АҚИҚАТТЫҢ ақ жолын ұстану үлгісін көрсетеді. Ұлт­тық ұстанымның мемлекет заң­нама­сына сәйкестендірілуі – біздің қоғамымызды ізгілендіру бастамасы. Мемлекет басшысы Се­нат­тың міндеттеріне өзгерістер енгізу, жоспарланып отырған билікті саяси, экономикалық және кадрлық монополиза­ция­сыздандыру әрекеттері қоғамның құқын кеңейтуге бағытталған. Енді қоғам да қабылданып отыр­ған заңдардың шеңберінде іс-әрекет жасауға, құқықтық алаңда өмір сүруге үйрену керек. Себебі барлық заң қоғам үшін жазылады. «Бейбіт шерулер туралы» заң қабылданғанда да сол мақсат тұр – көтерілетін мәселе бо­йын­ша өтінім берген кезде митингті ұйымдастырушы бірге шығатын адам санын көрсетіп, солар үшін жауапты екенін мойнына алады. Сондағы негізгі мақсат – шараны басқа біреулер қолданып кетіп, халыққа жәбір көрсетпеу.     Бұл – ортақ мәселені мәдениетті түрде, заң шеңберінде, диалог алаңында шешудің жолы. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлының Ұлттық құрылтай құруды ұсынуының арқасында да осы мақсат көрінеді. Ұлттық құрылтай қоғамдық диалогтің біртұтас институционалдық моделін қалыптастыру арқылы билік пен халықтың арасындағы ортақ мінберге айналып, халық пен биліктің бірлесе отырып келелі шешім қабылдау арнасына айналмақ. Құрылтай ортақ мә­селенің қазіргі жағдайын зер­делеп, кім не істеу керек деген сұрақтарға жауап беріп, іске асыру бойынша ұсыныстар беріп отырады. Қасым-Жомарт Кемелұлы маңызды әлеуметтік мәселелерді шешудегі үкіметтік емес сек­тор­дың рөлін арттыру және аза­мат­тық қоғам институттарын жүйелі түрде қайта жаңғырту қажеттігін талап етіп отыр. Қазір республика бойынша 102 Қоғамдық кеңес құрылған, 111-і қалыптасу барысында. Жаңартылған құрамдарды қалыптастыру кезінде белсенді ҮЕҰ (үкіметтік емес ұйымдар) өкілдерін, партиялар мен азамат­тық белсенділерді барынша тарту мақсаты тұр. Осы орайда биыл алғаш рет Қазақстандағы қоғамдық кеңес­тердің қызметі туралы ұлттық баяндама дайындалады. Онда қоғамдық кеңестер жұмысының тиімділігіне және оның одан әрі дамуы перспективаларына тал­дау жасалатын болады. Осыған қоса, біріншіден, мемлекеттік әлеуметтік тапсы­рыс жүйесі арқылы ҮЕҰ жобала­рын жоспарлау тәсілі қайта сарапталады. Мәселен, қазір Парламентте тиісті заң жобасы қаралып жа­тыр, ол ҮЕҰ-ны мемлекеттік қол­даудың сапасы мен ашық­ты­ғын айтарлықтай дәрежеде жақсартатыны анық. Екіншіден, елді дамытудың өзекті міндеттері мен мәселелерін шешу үшін белсенді азаматтарды тарту мақсатында мүдделі мемле­кеттік органдармен бірлесіп, ҮЕҰ-ны оның барлық кезеңінде мемлекеттік шешімдер қабылдау процесіне тарту тетіктері жеті­л­дірілетін болады. Үшіншіден, Парламент қа­бырғасында азаматтар мен мем­лекеттің өзара іс-қимылының сапалы жаңа қағидаттарын қа­лыптастыратын «Қоғамдық ба­қылау туралы» заң жобасы тал­қылануда. Осының барлығы Жаңа Қа­зақстанды құратын АЗАМАТ­ТЫҢ қалыптасуына бағытталған қадамдар. Енді мемлекет те өз азаматтарынан адалдықты, әділ­дікті, заңды сақтауды күтеді және талап етеді. Біз ең алдымен ауыз­біршілік пен сыйластық арқылы қарым-қатынас жасау, адамзат қолданатын мәдениетті дамыту, бір-бірімізді тыңдау және қолдау сияқты алғышарттар арқылы ТҰТАС ҰЛТ болып қалыпта­суы­мыз керек.