Бедеулік: «екеудің әңгімесі»
Бедеулік: «екеудің әңгімесі»
© коллаж: Еркебұлан Дуйсеболатов
561
оқылды
Сәби сүюге зар болған жұбайлардың қатары жыл санап артып келеді. Бедеуліктің белең алып бара жатқаны – бір отбасының ғана емес, тұтас ұлттың трагедиясы. Өйткені еліміздегі әрбір алтыншы отбасы осындай дертке душар болған. Салдарынан ерлі-зайыптылардың ажырасу көрсеткіші 20 пайызға жетті. Ендеше демографияға кері әсер ететін бұл кеселден қалай сақтанамыз? Статистикалық мәліметтерге сүйенер болсақ, еліміздегі отау құрған отбасылардың 17 пайызы бедеулікке ұрыныпты. Әрине, бұл дәрігерлерге тексеріліп, анықтал­ғандары. Ал ауруын жасырып жүр­ген­дері қаншама? Әсіресе, біздің қазақтың жігіттері бұл жағдайда көбіне әйелдерді кінәлап, өздері дәрігерге бара қоймайды. Ондағысы «кінәрат менен болса, әйелім тастап кетпей ме?» деген қорқыныш. Өкінішке қарай, қазір еркектер арасындағы белсіздіктің белең алып келе жатқанын уролог мамандар айтып отыр. Бұл жағдай демографиямызға кері әсер етері даусыз. Репродуктивті медицина институтының дәрігері Аяулым Қосетованың айтуынша, ерлі-зайыптылар үйленген соң бір жыл ішінде жүктілік болмаса, олардың біреуінде бедеулік пен белсіздік бар. Яғни, екеуі де тексеріліп, емделуі қажет. – Бедеулік 30-35-ке келген қыз-келіншектердің арасында көп кездеседі. Олар тұрмысқа шыққаннан кейін бірден репродуктолог дәрігерге бармай, 10-15 жыл бала сүймей жүре береді. Барлық балшылар мен емшілерге барып, соңында бізге жеткенше, олардың клеткалары да азаяды. Сондықтан отбасын құрғаннан кейін 1 жыл бала көтермесе, жас жұбайлар бірден арнайы маманға келуі керек. Біз де бас салып, бірден ЭКҰ бастамаймыз. Жас болса, авариалдық қоры тапшы болмаса, ЭКҰ-сыз да бала сүю мүмкіндіктерін қарастырамыз, – дейді Аяулым Қосетова. Репродуктолог дәрігердің пікірінше, уақыт созып жүргеннен ерлі-зайыптылардың бала сүю мүмкіндігі азая береді. Қазір қоғамда «карьерамды жасап алайын, кәсібімді аяққа тұрғызайын» деп тұрмыс құрмай немесе балалы болуды кеш жоспарлайтын әйелдер саны аз емес. Алайда адам организмі менопаузаға жақындаған сайын клеткаларының сапасы да азая беретінін ұмытпағанымыз жөн.

Себебі неде?

Жалпы, дәрігерлер бедеулікті екі түрге бөліп, қарастырады. Біріншісі – туа бітті. Екіншісі – жүре келе сыртқы әсерден пайда болған бедеулік. Іштен туа бітті бедеулікке жатыр түтігінің бітелуі, жыныс мүшелерінің, жатырдың жетілмей тууы басты себеп болады. Ал жүре келе пайда болған бедеу­лікке түрлі ауруға ұрыну, саламатты өмір салтын ұстамаудан туындайды. Аяқ, бел, кіндікті ашық ұстап жүріп суық тигізу, оны толық емдемеу күні ертең өкіндіреді. Дәрігерлер бедеулік пен белсіздікке ұрындыратын тағы бір себеп – жыныстық жұқпалы ауруға ұшырап, оны толық емдемеу де ұрықтың жойылуына апарып соғатынын айтады. Соңғы кездері мамандар бедеулікке ұрындыратын басты мәселе жасанды түсік жасату екенін дәлелдеген. Мәселен, еліміздегі репродуктолог-эмбриолог ғалымдар бедеулікке ұрынған әйелдердің 80 пайызы кезінде түсік жасатқанын анықтаған. Яғни, ойланбай істеген бассыздықтың салдары күні ертең опық жегізетін өкінішке ұрындырады. Сондай-ақ экологиялық жағдай, қатты қысатын киім кию, саунаға жиі бару, спорт жаттығуларымен артық шұғылдану да бедеулікке алып келетіні айтылып жүр. Уролог дәрігер Бахадыр Ташпулатовтың айтуынша, еркектің белсіздігі қазір әйелдердің бедеулігімен қатар тұр. – Бұрындары бедеулік 40-50 жастан асқан ер кісілерде кездессе, қазір 20-25 жастағы жігіттер де бар. Бұл жастағы ер-азаматтар таза ауада серуендеудің орнына таң атқаннан кеш батқанша компьютердің алдында отырады. Оның үстіне, ерте жастан шамадан көп спирттік ішімдіктерді қолданып, оған қоса темекі шегеді. Мұның бәрі бедеу­лікке жол ашады, – дейді Бахадыр Ташпулатов.

Бақытты ақшаға алуға болады

Бақытты болып, бала сүюдің де жолы бар. Тек ол қажырлы төзім мен қыруар қаржыны талап етеді. Бұрын ЭКҰ ұғымы алғаш Қазақстанға келгенде үрке қарап, ат тонын ала қашқандар болды. Бірақ уақыт өте келе әуелгідей емес, бала сүйгісі келетін отбасылар оң қабақ таныта бастады. ЭКҰ жасатуға келгенде ерлі-зайыптылар алдымен психологиялық, моральдық күйзеліске түседі. Оны жеңіп, бір шешімге келгеннен кейінгі кедергі – ақша мәселесі. Қазақстанда ЭКҰ жасатудың құны 800 мың-1,2 млн теңге шамасында. – Бедеулік адамның байлығына да, билігіне де қарамайды. Бір баласы бар отбасылар екінші балаға зар болуы мүмкін. Қазақстанда экстракорпоралды ұрықтандыру құны шетелге қарағанда әлдеқайда арзан. Ол жақта шамамен 10-15 мың доллар, ал бізде 1 миллион теңге шамасында. Оның ішіне препараттар мен емдеу шараларының барлығы кіреді. Қаражаты жоқ емделушілер репродуктологтен диагнозын анықтап, жергілікті емханалардың жолдамасымен мемлекет тарапынан тегін ЭКҰ жасата алады, –дейді Аяулым Қосетова. ЭКҰ-ның тиімділігі жоғары болғанымен, оны жасату қарапайым отбасылар үшін қолжетімді емес. Сондықтан да Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жағдайды жақсарту үшін «Аңсаған сәби» бағдарламасын бастады. Соның аясында экстракорпоралды ұрықтандыруға бөлінетін квотаның саны 7 мыңға дейін артып отыр. Осылайша, мыңдаған отбасы бала сүю бақытына ие бола алады. Ал барлық шығын мемлекет есебінен төленеді. «Аңсаған сәби» бағдарламасы аясында ЭКҰ-ға жолдама алу үшін алдымен тіркелген жері бойын­ша емханаға бару қажет. Сол жерде үміткерді бедеулігі бар диспансерлік пациенттердің электронды тізіміне қосады. Одан кейін тексеріске жазып қояды.12 айдың ішінде емхана бейінді маманның қорытындысы негізінде пациенттің құжаттарын жоғары технологиялық медициналық қызметтер жөніндегі жергілікті комиссияға жібереді. Комиссия оң шешім шығарған жағдайда әйелді «Емдеу­ге жатқызу бюросы» порталына тіркеп, ем-шараға дайындай бастайды. Айта кету керек, «Аңсаған сәби» бағдарламасы бойынша экстракорпоралды ұрықтандыру процедурасына жылына бір рет қана тегін жүгінуге болады. Ал медицина ғылымдарының кандидаты Жұпар Наханованың айтуынша, жыл сайын ЭКҰ-ға миллиондаған қаржы бөлгенше, бедеуліктің алдын алу шараларын ерте кезден бастау керек. – Қазір жастардың арасында бедеулік пен белсіздік белең алып тұр. Мемлекет қыруар қаржыны ЭКҰ-ға бөлгенше, ең бірінші бұл дерттің алдын алуға көңіл бөлуі керек. Жастардың денсаулығын жақсартатын арнайы бағдарлама қабылдасақ, бедеулік те азаяр еді, – дейді Жұпар Наханова. ЭКҰ жасату ұзақ уақытты талап етеді. Жұбайлардың денсаулығына байланысты кейде ЭКҰ-ға бірнеше рет жүгінетіндер де бар. Бұл кезде ерлі-зайыптылар психологиялық тұрғыдан күйзеліске ұшырайды. Отбасында ұрыс-керіс көбейіп, соңы қолды бір сілтеп ажырасуға дейін алып келеді. Айталық, бүгінде елдегі ажырасу мен неке санының арақатынасы 40 пайыз болса, соның 20 пайызында ажырасу себебі бедеулік екен. – Жастар отбасын құрғаннан кейін балалы болмай жатса, ары қарай емделудің орнына қиындықтан қашады. Тығырықтан шығудың жолы ажырасу деп ойлайды. Екі жас отбасын құрғаннан кейін ортасына туыстар да түседі. Олар ерлі-зайыптыларға қолдау көрсетудің орнына, отқа май құйғандай болады, – дейді әлеуметтанушы Сәуле Тағаева. Ендеше бедеулік – тек отбасылық мәселе ғана емес, ұлт болашағына әсер ететін әлеуметтік мәселе. Жылына ЭКҰ-ға 7 000 квота бөлінгенімен, тіркеуде тұрған отбасылардың саны жыл санап артып келеді. Яғни, сұраныс орындап отырған нормадан әлдеқайда көп. Тіпті, көмекке жүгінбей жүрген жұптар қаншама. Олай болса, бедеуліктің белең алмасы үшін алдын ала қамданып, арнайы бағдарлама қабылдау да артық етпейді.