13 сәуірде Ресейдің Қара теңіздегі 750 млн долларлық «Мәскеу» атты крейсері теңізге батып кетті. Украина кемені зымыранмен жарып жібергенін мәлімдеді. Ал Ресей кеменің теңізге батып кетуіне оқ-дәрілер сақталған бөліктен шыққан өрт себеп болды деп хабарлады.
Құрамында 510 экипаж мүшесі бар алып крейсер Ресейдің Украинаға бағытталған теңіз шабуылын басқарған әскери күшінінің негізгі символы атанды деуге болады.
Украиналық тарап кемеге құлаған зымыран Украинанікі екенін мәлімдеді. Ал Ресей аталған шабуылға қатысты ақпарат берген жоқ. Ресей Қорғаныс министрлігінің ресми хабарламасында кемеде өрт шығып, салдарынан теңізге батып кетті делінген.
Ресейліктердің айтуынша, өрт әскери кеменің оқ-дәрілер сақталған бөлігін жарып жіберген. Кейін бүкіл экипаж Қара теңіз маңындағы ресейлік кемелерге эвакуацияланған.
Бұған дейін Ресейдің мемлекеттік БАҚ өкілдері әскери кеме теңізге шыққаннан соң, бейсенбі күні кешке жоғалып кеткені туралы ақпарат жариялады.
«Кемедегі оқ-дәрілер жарылғаннан кейін корпусқа зақым келген, соның салдарынан кеме тепе-теңдігін жоғалтты. Артынша ол теңізде орын алған дауыл кезінде суға батып кетті», – деп хабарлады ТАСС мемлекеттік ақпарат агенттігі.
Украинаның әскери шенеуніктері Қара теңіз маңында Украинаға теңіз қаупі артқандықтан «Мәскеуге» украиналық «Нептун» зымырандарымен соққы бергендерін айтты.
«Мәскеу» бортында 510 экипаж мүшесі болуы мүмкін екенін де украиналық әскери шенеуніктер мәлімдеді.
«Мәскеу» крейсері Ресей-Украина қақтығысының алғашқы күнінде Қара теңіздегі Змеиный аралында болған жағдайдан кейін танымалдыққа ие болды.
Алып крейсер 1980 жылдардың басында Украинаның оңтүстігіндегі Николаев қаласында құрастырылып, сол уақыттан бері қызымет етіп келген.
Ресей бұған дейін кемені Сириядағы қақтығыс кезінде өзінің әскери күштерін қорғау мақсатында қолданған.
«Мәскеудің» қару-жарақ кешенінде «Вулкан» атты 16 зымыран, сүңгуір қайыққа қарсы қару және мина-торпедалық қару-жарақ болған.
Егер кемеге Украинаның шабуыл жасағаны расталса, 12 490 тонналық «Мәскеу» қарсылас тараптың соққысы салдарынан батып кеткен екінші дүниежүзілік соғыстан бергі ең үлкен әскери кеме атанады.
Бұл қарулы қақтығыс басталғалы бері Ресей жоғалтқан екінші ірі кеме. Бұған дейін наурыз айында Украинаның Бердянск портында «Саратов» кемесі украиналық әскерлердің шабуылы салдарынан жойылған болатын.