Халық қаһарманы Роза Бағлановаға ескерткіш орнатылды
Алматыда қазақ халқының біртуар талантты қызы, бұлбұл әнші, халық қаһарманы, КСРО халық әртісі Роза Бағлановаға еңселі ескерткіш ашылды. Алатауға бет түзеп тұрған халқының ерке де батыр қызының бейнесі жезтаңдай әншінің биылғы 100 жылдық мерейтойы аясында ашылып отыр.
Ескерткіш мегаполистегі Жамбыл атындағы Мемлекеттік филармонияның алдына қойылды.
Қоладан құйылған еңселі мүсіннің ашылуына қазақтың бір топ зиялы қауымы мен қала әкімі қатысты.
[caption id="attachment_192279" align="alignnone" width="1200"] ©А.Мұрзанов[/caption]
Еңселі есерткішті қала әкімі Ерболат Досаев, әншінің ұлы Тәжен Бағланов пен халық әртісі Асанәлі Әшімов ашты.
Іс шара кезінде әнші композиторлар Алтынбек Қоразбаев, Әлібек Дінішев, ақын Ақұштап Бақтыгереевалар Роза апамыз жайлы керемет естеліктерімен бөлісті.
Ескерткіштің салтанаты ашылуы ары қарай "Ақмаңдайлым" атты мерейтойлық концертке ұласты. Республика сарайында өткен концерттің шымылдығы Қазақстанның халық әртісі Нұрғали Нүсіпжановтың орындауындағы "Ақтамақ" әнімен ашылды. Одан кейін сахна төріне шыққан қазақ эстрадасының өкілдері 90 жылға жуық ғұмыр кешіп, оның 70 жылдан аса бөлігінде қазақ және әлем сахнасында өнер көрсеткен Роза Бағланованың репертуарындағы әндерін шырқады.
[caption id="attachment_192280" align="alignnone" width="1200"] ©А.Мұрзанов[/caption]
Концерт барысында халқының еркесіне айналған бұлбұлдың көзі тірісінде жазылып алынған жас күнімен ғұмырының соңғы сәттерінің бейне сюжеттері келгендер назарына ұсынылды. Осы сәтте жиналғандар сағыныштан көз жастарын бір сығып алды.
Айта кетейік, биыл атап өтіліп жатқан Роза Бағланованың ғасырлық тойы ЮНЕСКО көлемінде тойлануда.