Жағалауды 5 тонна қоқыстан тазартты
Жағалауды 5 тонна қоқыстан тазартты
458
оқылды
Түркістан облысының Сырдария өзені мен Шардара су қоймасының жағалауы, су айдындары 5 тоннаға жуық түрлі қоқыстан тазартылды. Тазалау акциясы ҚР Балық шаруашылығы комитетінің «Таза су айдындары» табиғатты қорғау науқаны кезінде бір күн ішінде атқарылды. Айта кетейік, Шардара су қоймасы 72 мың гектар аумақты алып жатыр. Аталған аумақты қоқыстардан тазалау үшін 200-ге жуық табиғат жанашыры мен 15 техника, 9 су көлігі жұмылдырылған. Сондай-ақ суда қалған 30 мың метр көне ау құралдары да алынған. Бұдан бөлек 200-ге жуық балық құтқарылып, табиғи ортаға жіберілді. «Табиғатты таза күйінде ұстау шаралары еліміз үшін де, келе­шек ұрпақ үшін де маңызды. Өйт­кені су айдындары тасталған (иесіз) балық аулау құралдарынан және жағалау аумақтары қоқыс­тардан тазартылады. Әлбетте, мұның қоршаған ортаға тигізер пайдасы көп. Сондықтан балық шаруашылығы су айдындарында балық ресурстары мен басқа да су жануарларының тіршілік ор­тасының тазалығын сақтауға баршаңызды шақырамыз», – дейді Арал-Сырдария облыс­аралық балық шаруашылығы инспекциясының басшысы Пазылбек Нәлібаев. Еске салсақ, аталған табиғат­ты қорғау науқаны республика деңгейінде жыл сайын дәстүрлі түрде өтеді. Биыл 18 наурыз бен 31 мамыр аралығындағы сенбілік үздіксіз өткізілетін болады. Айта кету қажет, өткен жылы Түр­кіс­тан облысының су айдындары 60 мың тоннаға жуық қоқыстардан тазартылған. Ол үшін 200-ге жуық арнайы техника мен мың­нан астам табиғат жанашыры жұ­мылдырылған болатын.