«Күле білу – өмір, күлдіре білу – өнер, күлкі болу – өлім» демекші, (Сейіт Кенжеахметов), әдебиеттің жүзі қылпылдап тұрған осы өткір жанрына батылы барып, ат шалдыратындар некен-саяқ. Бүгінде сатира сарбаздарының қатарында біздің әріптесіміз Әдебиет Белгібайұлы да бар. Жақында Қарағанды қаласында сықақшының «Мырс-мырс» атты әзіл-сықақ әңгімелер жинағының тұсауы кесіліп, оқырманға жол тартты. Кітап «Мағауия Сембай атындағы журналистерді қолдау қоры» қоғамдық қорының демеушілігімен «Ortalyq Qazaqstan кітапханасы» сериясы аясында жарық көрді. Алғашқылардың бірі болып сөз алған күлкі корифейі, сатираның сардары Көпен Әмірбек ақжарма тілегімен, келісті әзілімен кештің көркін аша түсті. – Қош, шабындықтай шабылып, пішендей үйілген, көдедей көп күлкінің ішіндегі Әдебиеттің күлкісі қандай күлкі? «Мырс-мырс» күлкі. Кімге күледі? Нені келеке етіп, неменені келемеждейді? Тақырып аясы кең. Бүгінгі бүтін қоғамның жегі құртына айналған жемқорлық пен парақорлық, аярлық пен ашкөздік, ұйымдасқан қылмыс пен ұйыққа батырған сыбайластық. Кей пенденің керенаулығын да кездікпен тілгендей «арам бездерін» алып тастайды. Арамдықтан арылтады. Күледі. Мырс-мырс күледі, – деп сөзін бір қайырды сатирик. Осыдан кейін Көпен ағамыз шәкіртінің адами қырына қарай ауысты. «Біреуге бүйрегін берген азаматқа бүйрегің қалай бұрмайды» деп Әдебиеттің туған жиеніне донор болып, бір бүйрегін бергенін тілге тиек етті. – Тұсауы жаңа кесілген «Мырс-мырс» кітабы – Арқа оқырманы үшін үлкен олжа. Мен Мағауия ағамыздың о дүниеде бауырларына осындай шапағатын тигізіп жатқанына толқып, тебіреніп тұрмын. Қор әрі қарай да жұмыс істей береді. Жоспарлағанымыздай, жылда бір ардагердің, бір қызметкердің кітабын шығарып отырамыз, – деді кітаптың жарық көруіне тікелей себепкер болған қор төрағасы Ерсін Кәрібайұлы. Сонымен қатар «AMANAT» партиясы Қарағанды облыстық филиалының атқарушы хатшысы Бекзат Алтынбек, шығармашылық ортада жүрген аға буын өкілдері мен жерлестері кеш иесіне жылы лебізін білдіріп, сыйлықтарын табыстады. Кеш барысында Сәкен Сейфуллин театры әртістері автордың «Икасай» әңгімесін әдемі сахналап берді. Сондай-ақ қазақтың аяулы әншісі Сейіл Аяған, дәстүрлі әннің дүлдүлі Бекжан Әкей әнмен әр берді.