Азаптау қылмыстарын алқабилер қарайды
Азаптау қылмыстарын алқабилер қарайды
526
оқылды
Қазақстанда алқабилер соты саласы­на ре­форма жүргізіледі. Бұл жүйе қыл­мыс­кер­лерге ха­лық өкілдері­нің үкім шы­­ғаруына, осы арқылы қарапайым бұ­қара әрбір азаматтың елде әділдікті ор­натуға қатысуына мүмкіндік береді. Дегенмен бұған дейін алқабилер соты негізінен өлім жазасына қатысты баптар бойынша іс­терді қарауға тартылатын. Ал Қа­зақстан өлім жаза­сы­­нан бас тартқалы халық би­лері қарайтын істер сана­ты күрт кеміді. Енді алдағы өзгерістер нәтиже­сін­де атал­ған са­наттар саны үш есе өсуі мүмкін.

Кәсіби судья әрдайым әділ бола алмайды

Судьялардың әрдайым әділ бола алмай­тынын Жоғарғы Сот жасырмайды. Мысалы, қоғам ұсталған ірі коррупцио­нерді қатал жаза­лауды талап етуі мүмкін. Алайда білікті жем­қорлар ізін жасырудың әртүрлі жо­лын, жазадан жалт­арудың түрлі тәсілін қолдана біледі. Соның кесірінен құзырлы органдар оның қылмысын то­лық­қанды мойнына қоя алмай жатады, дәйектемелері жанама, босаң болып шығады. Әділдік үшін жем­қордың қатаң жазаланып, ұзақ жылға абақтыға жабылғаны абзал. Заңдылық үшін судья оған бара алмайды. «Практикалық қызметінде заң­ның адамы «заң қатал, бірақ бұл – заң» деген принципті басшылыққа алуы тиіс. Дегенмен заңдылық пен әділеттілік көбіне сәйкес келмейді және олардың арасында қайшы­лықтар туындағанда, судья абс­трак­тілі әділеттілік үшін заңды­лықты аяқасты ете алмайды. Мұн­дай қай­шылықтар сот үкіміне на­разылық тудырады. Осылайша, қоғамның соттарға деген сенім­сіздігі тек көпе-көрінеу заңсыз сот шешімдерімен ғана емес, сондай-ақ судьялардың заң аясымен шектелуімен де бай­ла­нысты. Заң аясы әділ шешім қабыл­дауға мүм­кіндік бере бермейді», – деп тү­сін­дірді Жоғарғы Сот. Салдарынан сотқа деген ел сенімі ары қарай құлдырай бермек. Оны қалай көтеруге болады? Әділ төрелікті жүзеге асыруға халықты кең тарту. Бірақ алқабилер қара­й­тын істер саны азайып жатқанда бұ­ған қол жеткізу қиын. Саланы жаң­ғырту да осы түйткілдің түйінін тарқату үшін жасалғалы тұр. Осы мақсатта Жоғарғы Сот «Қылмыстық-процестік кодекске алқабилердің қатысуымен сот қарайтын істердің санаттарын кеңейту бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын әзірледі. Құжат, аты айтып тұрғандай, алқабилердің (присяж­ные) қатысуымен қаралуы мүмкін істер санаттарын ұлғайтады. Ведомствоның байламынша, жаңа заң біріншіден, сот жүйесін демократияландыруға ықпал етеді. Екіншіден, соттарға деген сенім деңгейін арттыруға септеседі. Үшін­шіден, халықтың сот төрелігін жүзеге асыру рәсіміне қатысуын арт­тырады. Төртіншіден, қоғамның құқықтық мәдениеті мен құқықтық санасын өсіруге түрткі болады. Қарапайым адам сот шешімін шы­ғаруға атсалысса, мәртебесі өсуі, өзін ел үшін маңызды сезінуі, заңды жан-жақты білуге, оны қатаң ұста­нуға ден қоюы мүмкін. Бесіншіден, құжат сот төрелігін жүзеге асыру нәтижелеріне, яғни сот үкімінің сапасына жұртшы­лық­тың қанағаттануына жол ашпақ. Өйткені үкім шығаруға халық өкіл­дерінің қатысқанын білсе, өзге қа­­зақстандықтар ол үкімнің дұ­рыстығына көбірек сенетін болады. Судья заң аясымен қатаң шек­телсе, алқабилер, керісінше әділ­дікті бірінші орынға қоюы мүмкін. Онда кәсіби судья билік етуге тар­тылған қарапайым адамдар тобы­ның ортақ шешіміне бағынуы шарт.

Алқабилер қайырымды деген байлам расталмады

Алқабилер соты биыл өзіндік мерейтойлық белесіне көтерілді. Осыдан тура 15 жыл бұрын Қа­зақстанда дәл осы инс­титут құ­рылды. Содан бері ол даму үстінде. Ғалымдар бұл институттың да­муының бірнеше кезеңін атап көрсетеді. Бірінші кезеңде, яғни 2007 жылдан 2015 жылға дейінгі аралықта алқабилер тек кінәліге өлім жазасы немесе өмір бойы бас бостандығынан айырылу қаупі төнген істерді қарауға ғана қатыса алды. Өлім немесе өмір бойға сот­талу жазалары 1997 жылғы Қыл­мыстық кодексте 36 қылмыстық құрамда, 2014 жылы қабылданған Қылмыстық кодексте 51 құрамда қарастырылды. Екінші кезеңде алқабилер қа­райтын істер тізімі кеңейтілді. Нақ­тылай кетсек, 2015 жылы «100 нақ­ты қадам» Ұлт жоспарын орын­дау аясында қабылданған «Кейбір заңнамалық актілерге сот төрелігін жүзеге асыру жүйесін жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» жаңа заң «алқабилердің қатысуымен қа­ралуға жататын істердің тізбесіне» тағы 4 құрамды қосты. Сөйтіп, ауыр­лататын мән-жайлар кезінде жасалған адамды ұрлау (Қылмыс­тық кодекстің 125-бабы), адам сау­дасы (128-бап), кәмелетке толмаған адамды қылмыстық құқықбұзу­шылықтар жасауға тарту (132-бап) және кәмелетке толмаған қыз-бозбалаларды сату (135-бап) секілді жұртшылықтың төбе шашын тік тұрғызатын қылмыстарды да алқа­билер қарай бастады. Үшінші кезең қазір жүзеге асы­рылып жатыр екен. 2019 жылғы 27 желтоқсанда қабылданған «Кейбір заңнамалық актілерге қылмыстық, қылмыстық-процестік заңнаманы жетілдіру және жеке адамның құ­қықтарын қорғауды күшейту мә­селелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» за­ңына сәйкес, алқабилердің қыл­мыс­тық процеске қатысуын одан ары кеңейту бағытында шаралар қабылданды. Нақтылай кетсек, заңның тиісті нормалары 2023 жылғы 1 қаңтарда күшіне енген соң алқабилер «егер сотталушы өтініш білдірсе», онда «аса ауыр қылмыс­тарға» қатысты барлық істі қарай алады. [caption id="attachment_192365" align="alignleft" width="1200"]алқабилер © коллаж: Әсел Балтақызы[/caption] Жалпы, Қазақстанда өлім жа­засы жаза түрі ретінде қолданылмақ түгіл, мүлдем жойылуына және же­келеген санаттары бойынша қылмыстық заңның ізгілендірілуіне байланысты алқабилер қарайтын құрамдардың саны күрт азайды. Нәтижесінде, бүгінде алқабилердің қатысуымен тек 14 қылмыстық құ­рам ғана қаралады. 2023 жылдың 1 қаңтарында, әлгі жаңа заң нор­ма­лары күшіне енгенде осы сан 30 құрамға жетеді. Қылмыстық құрамдар санаты біресе өсіп, біресе кемиді, алда қай­тадан шамалы артады деп күтілуде. Бұл ретте халық соты осыған дейін қанша істі қарай алды? Статис­ти­калық деректерге жүгінсек, пан­демия басталған 2020 жылы алқа­билердің қатысуымен 58 адамға қатысты 42 іс қаралыпты. 57 адам сотталды, 1 адам ақталды. 2021 жы­лы 85 адамға қатысты 59 істі қарады, оның ішінде 78 адам сотталды, 7 адам ақталды. Осыдан тағы бір үрдістің құлағы қылтияды: халық соты әділ сот дегенімізбен, алқабилер күдікті­лер­ге қайырымдылық пен жұмсақтық танытады деген пікірді статистика растамай отыр. Алқабилер қатыс­қан соттарда адамды ақтау үлесі тым аз.

Билер қарайтын істер саны артады

Сонымен, Жоғарғы Сот жаңа заң жобасы арқылы алқабилердің қатысу аясын алда күрт кеңейтуды ұсынады: олар қазіргідей тек «аса ауыр қылмыстар» бойынша ғана емес, «ауыр қылмыстар» бойынша да әділ төрелікке тартылмақ. Мы­салы, аудан-облыс тұрғындары мал ұрлаумен айналысатын баукеспе ұрыларға үкімді шығаруға шақы­рылуы мүмкін. Жоғарғы Сот қоғамдық қызу пікір тудыратын «резонансты істер­ге» халық өкілдерін қатыстыру өте маңызды дейді. Сонда «жұртшы­лықта сот талқылауының объектив­ті әрі әділ аяқталатынына көп кү­мән болмайды». Осы мақсатта 2024 жылғы 1 қаң­тардан бастап, ауыр қылмыс­тардың келесі түрлерін алқаби­лер­дің қатысуымен қарау ұсынылады: біріншіден, «жүкті әйелдерді, кәме­летке толмағандарды азаптауды қолдану арқылы қинау» (Қылмыс­тық кодекстің 110-бабының 2-бө­лігі). Екіншіден, «азаптаулар» (пыт­ки, 146-бабының 2, 3-бөлік­тері). Үшіншіден, «мал ұрлау» (188-1-бабының 2, 3, 4-бөліктері). Төртіншіден, «қару қолдана оты­рып жасалған бұзақылық» (293-бап­тың 3-бөлігі). Бесіншіден, «заңсыз аңшылық» (браконьерлік, 337-ба­бының 4, 6-бөліктері). Алтыншы­дан, «көлік құралын мас күйінде басқарғандардың» (ҚК 346-ба­бы­ның 2,3,4,5,6-бөліктері) ісін де ал­қабилер қарай алады. Ұсынылған заңнамалық өзге­ріс­терді Парламент қабылдап, олар өмірге жолдама алса, алқабилер жүктемесі қалай өсуі мүмкін? 2020 жылы осы санамаланған баптар бойынша соттарға жалпы саны 944 қылмыстық іс келіп түсіпті. Соның ішінде 717 іс бойынша кәсіби судьялар үкім шығарды. Бұл елдегі үкімі шығарылған барлық істің жалпы санының 2,7%-ына бара-бар. Нәтижесінде 996 адам сотталды (сол жылы сотталғандардың жалпы санының 3,3%-ы). 2021 жылы аталған баптар бо­йынша 801 қылмыстық іс түсті: 658 іс бойынша үкім шығарылды (жал­пы санының 2,6%). 993 адам сот­талды (сотталғандардың жалпы са­нының 3,5%). Жоғарғы Соттың мәліметінше, Қылмыстық-процестік кодекске тиісті түзетулер енгізілген соң 2024 жылғы 1 қаңтардан алқабилердің қа­тысуымен 44 құрам қаралады. Яғни, қазіргі 14-тен үш есеге артады. Назар аударар жайт, халық­аралық тәжірибе, әсіресе, пост­кеңес­тік кеңістіктегі елдер кері ба­ғытта қозғалып отыр. Көрші Ресейде бұ­рындары, 2009 жылға дейін алқа­билер соты 47 қылмыс құрамы бо­йынша істерді қарайтын. Қазір ол тізім 25 қылмыс құрамына дейін күрт азайтылды (оның ішінде 1 ауыр­лығы орташа, 5 ауыр, 19 аса ауыр). Қырғыз Республикасында Біш­кек қалалық соты мен облыстық сот­тар ғана алқабилердің қатысуы­мен «аса ауыр» санатқа жататын 7 қылмыс істі қарайды, көбісі – си­рек қылмыстар. Оның ішінде адам өлтіру, бейбітшілікке қарсы қыл­мыстар, адамзатқа қарсы қылмыс­тар, күштеп жоқ қылу (насильс­твенное исчезновение), жаппай қырып-жою қаруын өндіру, сатып алу, беру, жинақтау, қолдану немесе тарату, соғыс қимылдары кезінде ха­лықаралық қорғауды пайдалана­тын адамдарға қатысты соғыс жүр­гізудің заңдары мен дәстүрлерін бұзу және геноцид бар. Осыдан-ақ халық билері өте сирек жинала­тынын байқауға болады. Аустрияда алқабилер сотының құзыретіне мемлекетке опасыздық жасау секілді саяси қылмыстар, жо­ғарғы меморгандарға қарсы шы­ғу, қарулы қастандықтар, сондай-ақ өмір бойға не 10 жылдан көпке сот­тау жазасы көзделген барлық қыл­мыстар кіреді. Норвегияда алқа­билер соты тек апелляциялық сот ретінде жұмыс істейді. Голливуд кинолары арқылы әлемге үлгі бол­ған АҚШ-тың Жоғарғы Сотының 1968 жылғы шешіміне сәйкес, егер айыпталушыға 6 айдан астам абақтыға қамалу қаупі төнсе, онда ол істі алқабилердің қарауына тап­сыруды сұрай алады. Қарап тұрсаңыз, әр елдің өз жолы, өз ұғымы бар. Қазақстанның алқабилер сотын дамытуы қандай нәтижелер беретіні, неге әкелетіні әзірге белгісіз. Бұған дейін сарап­шы­лар осы салаға қатысты пробле­малар қордаланып жатыр деп дабыл қаққан. Мәселен, алқаби ретінде тартылатын азаматтардың тізімі өзектілендірілмеген, оның ішінде өмірден өткен адамдар, шетелге көшіп кеткендер, елде қалғанымен, Ресейдің азаматтығын алып алған­дар кездесетін көрінеді. Өзге елдің азаматы мемлекет құраушы ұлттың өкіліне қатысты әділ, ұлттық мүд­деге сай шешім қабылдай ала ма? Олай болса, халық соты қарай­тын істер санатын еселеп көбейтпес бұрын жинақталған ескі мәселе­лерді шешіп алған жөн.